Әйел сұлу көрінер азаматымен…

Кейде «Мен күйеуге шықпаймын. Күйеуге шығып не керек? Біреудің тамағын істеп, кірін жуып жүргеннен, емін еркін өз қалауыммен өмір сүрмеймін бе?» дейтін қыздарды көргенде, кәдімгідей ойланып қаламын. Өкініштісі сол, «Өзім үшін өмір сүремін», «Өзім үшін бала туып аламын» дейтін, еркектің алдында иілгісі келмейтін аруларымыздың қатары жыл өткен сайын тіпті көбейіп барады. Мүмкін, жас қыздарымыз балалықпен ойланбай айтатын шығар, бірақ кейде аузымыздан шыққан сол сөзіміз тағдырымызға айналып жататынын біз білеміз бе, осы?
Ата-бабаларымыз ежелден-ақ сөзге мән берген, сөзге тоқтаған халық қой. Ауыздан шыққан әрбір сөздің киесі болатынын да жақсы білген. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейтін де біздің халық. Ендеше бүгінгі қолыма қалам алудағы мақсатым да – жас қыздарымыз ауыздан шыққан әрбір сөзіне мән берсе, абайлап сөйлесе деген ізгі тілек қой. Ойнасақ та, ойланып сөйлегенге не жетсін. «Күйеуге тимеймін» деген қыздарды кездестіргенде, бір таныс қызымның әңгімесі есіме оралады. Бір кездескенде кәдімгідей ашылып әңгімесін айтып еді. Ол да студент кезінде «тұрмысқа шықпаймын» деген сөзді жиі айтатынын есіне алып еді сонда. Бірақ жасы келген соң, тұрмысқа шықпады емес, шықты. Десе де ыстық-суықтары басылмай жатып-ақ, сүйіп қосылған азаматынан қапияда айырылып қалады. Өзі жесірліктің, ұлы жетімдіктің тауқыметін тартады.
– «Е, құдайым, мені неге жесір, баламды неге жетім еттің», деп бір күні қатты жыладым. Қай жерден қателік жібердім? Неге менің пешенеме бақытты өмір жазылмаған? Іштей қатты күйіндім, күйзелдім. Сонда студент кезде қыздарға «Күйеуге тимеймін, күйеусіз де өмір сүре аламын» деп айтатыным есіме түсті. Сонда құдай менің тілегімді орындап, жолдасымды тартып алған екен ғой, – деді ол жанары жасаурай. – Неге ғана солай айттым екен? Ауыздан шыққан әрбір сөздің киесі болатынын кейін ғана білдім ғой. Кейін қаншама психологтардың еңбектерін оқыдым. Сөйтсек, жаман сөз ғана емес, жаман ой ойлауға да болмайды екен ғой.
Иә, мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Бұдан шығатын қорытынды, адамның ойы түзелмей, сөзі түзелмей, өмірі еш түзелмек емес. Бақытты болғымыз келсе, әр сөзімізді ойланып сөйлейік. Айтыңызшы, күйеуге шыққанның, бесік тербетіп, ана атанғанның несі жаман? Ол – сенің табиғатың – ол сенің тағдырың. Мынау дүниеге келгендегі сенің миссияң да осы ғой. Ендеше өз табиғатыңа қарсы шығуың қалай? Әйел баласы қанша жерден ақылды, білімді, мықты болса да, бәрібір еркексіз өмірдің еш мәні жоқ. Әйел адам азаматымен ғана сұлу көрінбек. Сондықтан да «Мен тұрмысқа шықпаймын» деп емес, керісінше «Мен бақытты әйел боламын» деп ойлау қажет. Сонда Жаратқан да сенің бақытыңа керемет жігітті жолықтырмақ. Ойланайық, қыздар!
Мейрамтай Иманғали