Мәдениет

Ыдыста да ырыс бар

Ыдыста  да ырыс бар


Немересін ұзатайын деп жатқан таныстардың бірі редакцияға телефон соғып, қыз жасауына ұлтымыздың ыдыс-аяқтарын да қосып бермек екендіктерін айтып, астау жасап жүрген әлдебір шебердің телефон нөмірін тауып беруімді өтінді. Тауып бердік. Бірер күннен кейін қайтадан телефон соққан апайымыз сапасы жақсы болғанымен бағасы қымбат астауды сатып ала алмағанына өкініп, екі астауға кететін 80 мың теңгенің жартысын амалсыздан бір шамадан бельгиялық шыны аяқ топтамасына жұмсағанын айтты.

Ата-бабамыздың қолданған астау, табақ, торсық, ожау, шара сияқты ұлттық ыдыстары осыдан он жылдай уақыт бұрын қайтадан тұрмысымызға еніп, олар қазақтың той-томалағының төрінен орын ала бастады. Құда күтіп, қонақ шақырғанда ғана көретін қазақтың ыдыс-аяғы қазіргі күні қыз жасауына да беріліп жатыр. Қыз жасауына құрақ көрпе, алашамен бірге ою-өрнекті астау, табақтар қосып беру жақсы үрдіске айналып келе жатқанымен оны сатып алуға қалталылардың қолы ғана жете алып жүр. Сапалы деген астаудың бағасы 30-40 мың теңгеден кем түспейді, 65 мың теңгенің астауы да бар. Бір айлық еңбекақыны бір астауға жұмсай алатын жан бір, екеу ғана болар.

Сәні мен мәні барған сайын артып бара жатқан ұлттық ыдыс-аяқты жасап жүрген қолөнер шеберлері біздің облыста аса көп болмағанымен, тауып алып, тапсырыс беруге болады. Бірақ бәрі тағы да қымбаттығына келіп тіреледі. Арзанға алған ыдыс-аяқ тамақ салуға емес, сәнге қоюға ғана арналған. «Ағашы көп ел ойып жасайды, ағашы жоқ ел жонып жасайды» деген, астау, аяқ, табақ жасауға кез келген ағаш та жарай бермейді. Өңірлік, республикалық ауқымды көрмелерге қатысып жүрген аймаққа танымал қолөнершілеріміз Ербол Ақаев, Жанарбек Ғазезұлы әбден кепкен қызылағаштан, қарағаштан немесе үйеңкі сияқты бағалы ағаштардан әспеттеліп, барын сала отырып жасаған астау, табақтарын ел жиі сатып алып жүргенін айтады.

«Шынымды айтсам, бізді, тіпті, бізді ғана емес, ертеректе әкемізді, оның іні-қарындастарын асыраған апамның теректен ойып жасаған келісі мен ескі астауы еді. Осы келі мен астау тіпті әкемнен де үлкен, апамның Алтайдың арғы беті – төркінінен ала келген аса қымбат заттары болатын», деп Оралхан жабығып жазған ағаш астаудың қадірін бүгінде ел осылай біле бастапты.

Ыдыста  да ырыс бар

Ағаштың «тілін» меңгеріп, астау, табақ жасаумен айналысып қана қоймай, қазақтың осы ұлттық ыдыс-аяқтарын жасаудың технологиясын, жолын оқушыларға үйретіп жүрген өскемендік шебер Тұрысбек Сейітовтың ойынша халықтың көзі жетсе де, қаржысы жетпей жүрген бұл заттардың сапасы жоғары, бағасы арзан болуы үшін шеберлердің қолынан шыққан ыдыс-аяқтар түрін, санын молайтуға мүмкіндік тудырып, бәсекелестік орта қалыптастыру керек. Ұлтымыздың ыдыс-аяғы сол кезде ғана дастарқанымыздан табылады. Қытайдың кесе, қасығын, немістің тәрелке, шәйнегін, Түркияның табағын, толып жатқан өзге елдің әшекейлі, жалт-жұлт еткен ыдыстарын жапа-тармағай сатып алып жатқан тұтынушы сөреде тұрса өзіміздің ұлттық ыдыс-аяқтан сырт айналмайды. Алайда, ала қоятын ыдыс қане?! Қазақ отбасы түтінін будақтатып қойып, терлеп-тепшіп бұрқырап, баптап шәй ішетін ақ самауыр шіркінді де сырттан сатып алып отыр.

-Ыдыс-аяқ жасап жүрген облысымыздағы қолөнер шеберлері қазір өзіндік ізденіс үстінде, өйткені, бүгінде саптаяқ, астау сияқты ұлттық ыдыстарға деген сұраныс артып келеді. Сұраныспен бірге талғам да биіктей түсуде. Дәмханалар, мейрамханалар да ұлттық ыдыстарды, әсіресе, астауларды жаппай қолданып жатыр. Мен өзім астаудан гөрі ет салатын ағаш ас табақтарды көп жасаймын. Үйде атамның сонау 1940 жылдары алтын жуған көне астауы бар. Ағаштан ойып жасалған астау әлі күнге дейін сол қалпында, шытынаған жері де жоқ, қайран қалам. Аталарымыз қолданған басқа да біраз дүниелер бар қолымда. Ұлтымыздың ағаштан жасалған ыдыс-аяғының қасиеті мен құнын осыдан да байқауға болады. Ыдыста ырыс бар. Қазақтың ұлттық ыдыс-аяқтарына қазір ел ғана емес, балалар да қатты қызығады, өздерінің жасап жүрген бұйымдары дайын болған кезде астау, тегене, шараны көріп, көздері бал-бұл жанып, тағы да жасауға білек сыбана кірісуге даяр тұрады. Қазақтың қай ыдысы болмасын ұлтымыздың өзі туралы айтып тұратын үнсіз мәдениет, тарих қой. Қазіргі жаһандану кезеңінде үлкен де, кіші де ұлттық дүниеге шөлдеп жүр. Этно үлгідегі ас үй, оның ішіндегі ағаш астау, табақ, торсық барлық үйге жарасады. Бірақ халықтың қолына сапалы ыдыс-аяқ тиюі тиіс. Сапалы ыдыс дұрыс жуылып, кептіріліп, майланып, күтімі дұрыс болса, ұзақ қызмет етеді, – дейді Тұрысбек Сейітов.

Дастарқанымыздан қашан ойып орын алар екен деп жүрген қазақтың ыдыс-аяғы тек қазақтығымыздың, ұлтымыздың белгісі, көркі ғана емес, бизнестің, кәсіптің де көзі боларлықтай. Сұраныстың тамырын тап басып, қазақтың ыдыс-аяғын жасап, сатуды ұтымды жолға қоятын кәсіпкер шығып жатса бағасы қолжетімді, сапасы жоғары астау, табақты сатып алатын тұтынушы табылады. Қыз жасауына астау іздеген ананың қынжыла айтқан бір ауыз сөзі осыны ұқтырды.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button