Мәдениет

Қыдыр ата мен Аяз атаның айтысы

Наурыз-айтыс

Қыдыр ата:

Қыдыр ата мен Аяз атаның айтысы

Аяз шал қасыңдағы қарша қайда?
Ол ару бұл көктемді аңсамай ма?!
Құтырып кеп, тұқырып қайтатұғын,
Сенімен бір жүруіді ар санай ма?

Өткенде ашуландым «сені ме» деп,
Шекшекті тайраңдаттың төріме кеп.
Қой жылы – бұл келген жыл, қазақ үшін,
Ешкіңді жетекте де еліңе кет.

Аяз ата:

Қыдыр ата мен Аяз атаның айтысы

Қыдыр шал тыңнан тосын ой тастадың,
«Еліңе жылдам кет» деп ойқастадың.
Қасыңда көктемдейін ару тұрып,
Қаршаны іздегенің қай сасқаның?

Ұрынбай ақпандағы дауылыма,
Қыдыр шал жеттің бе әрең ауылыңа.
Бұлайша төр менікі демес едің,
Жаңа жылда куә болсаң сауығыма,
Жарнамамды жарты жыл бұрын жасап,
Сауын айтат ағайын, бауырына.
Ал сені қақпадан да қарсы алмады,
Мен құрлы қадірің жоқ қауымыңа.

Қыдыр ата:

Бұл кезең салт-дәстүрдің тар өткелі,
Тұрғам жоқ қызығыңнан дәметкелі.
Ол рас, сауығыңмен ойран салдың,
Санасын ұрпақтардың сал еткелі.
Сен қиратқан шыршаның орнына,
Кеп тұрмын көгерсін деп тал еккелі.

Менікі махаббатқа масаң көктем,
Сенікі жер-әлемді жасанды еткен.
Мен деген сақтан қалған сарқыт едім,
Бұл Аяз сахарама қашан жеткен?!
Салт-дәстүрді сақтайтын ұрпақ барда,
Айтпаймын қадірімді қашар деп мен.
Тіршілікке мендей мейір төге алмайсың,
Жарық шашып тұрсаңда жасанды отпен.

Аяз ата:

Сырыңды ақтардың ба сынай жүріп,
Атүсті танытпашы бұлай қылық.
Түркілер пір тұтқанмен Наурызыңды,
Мейрам деп санамайды былайғы жұрт.
Ал мені алты құрлық қарсы алады,
Тап-таза ақ қарымнан шырай кіріп.
Сен келіп табиғатты былғай салдың,
Айналаны батпақтап, ылай қылып.

Әріптес, бір ой айтсам асқаралы,
Еліңнің түзу маған қас-қабағы.
Көне көзге сен ыстық болғаныңмен,
Мен құсап қуантпадың жас баланы.
Сен қанша жек көргенмен «патриот шал»,
Мінбемнен мені қуып тастамады.
Сенің жас мемлекетіңнің тарихы да,
Мендегі күнтізбемен басталады.

Қыдыр ата:

Қулыққа келген кезде құмайдайсың,
Тек тәттімен алдайтын Шығайбайсың.
Мен келіп күн мен түнді теңелтемін,
Ал сен болсаң даңғаза, құр айғайсың.
Ақ қарды былғағаным ештеңе емес,
Ақ арды арағыңмен ылайлайсың.

Аяз ата:
Сақалды сыйлай салсаң нең кетеді,
Әр мейрам өмірлерді өңді етеді.
Жылы жерде мендағы көп тұрмайын,
Шарапсыз той жанымды шөлдетеді.
Қой жылы татуылықпен тарқасайық,
Араздық ағайынды меңдетеді.
Әйтпесе дархан көңіл қазағыңның,
Пейілі екемізге кең жетеді.

Айтысты жазғандар – Есімжан Нақтыбайұлы, Мұратхан Кенжеханұлы.

Осы айдарда

Back to top button