Білім

Яссауи хикметтерін жатқа айтты

Яссауи хикметтерін жатқа айтты


Қазақ халқының рухани бірлігін қалыптастырған ғұлама, түркі халықтарының рухани ұстазы Қожа Ахмет Яссауидің даналыққа толы мәдени мұрасын насихаттау мақсатында Өскеменде мектеп оқушыларының арасында халықаралық «Яссауитану» білім байқауының облыстық кезеңі өтті. Ұлы ойшылдың имандылыққа, адамгершілікке үндейтін 30-35 хикметін нақышына келтіре жатқа айтқан қатысушылар бірінен-бірі асатын өнерлерін ортаға салды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында облыстық білім басқармасының қосымша білім беру және денешынықтыру орталығы ұйымдастырған іс-шарада өңіріміздің әр ауданынан іріктелген 6-11-сыныптар аралығындағы 13 оқушы бақ сынады.

-Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында туған жерге тағзым ету, әдет-ғұрпымызды білу деген үлкен мәселе қозғалды. Әрбір ұрпақ елінің патриоты болу үшін туған жерінің беделді тұлғаларымен қатар, әр тасының тарихын білгені жөн. Маңыздысы – жастарымыз Яссауи хикметтерін жаттап қана қоймай, ойларына түйіп, одан тәрбие алып, дос-жарандарына насихаттай жүрсе екен,-дейді «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының филиалы, облыстық педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы Бақытбек Нұғыманов.

Байқаудың алғашқы кезеңінде сарапшылар барлығы 149 хикметтің 30-34-ін жаттап келген қатысушылардың өнерін тамашалап, байқау ережесіне сәйкес үш рет мүдірген бала сайыстан шығып отырды. Әсіресе, зайсандық Дильназ Қайырбек пен абайлық Әділет Айтмұханбеттің өнеріне тәнті болдық. «Пейіш пен тозақтың таласы», «Опасыз фәни», «Пәруардигар», «Һу» алқасы» хикметтерін бірінен соң бірі үзбей іліп әкетіп, жатқа айтып отырды. Бұл жерде дарынды жеткіншектерді жастайынан қасиетті сөз өнеріне баулып жүрген А.Балғын, Ж.Қонақаева, Ж.Садуақасова сынды жетекшілердің еңбектерін айрықша атап өткен жөн.

Ал білім сайысының екінші шешуші кезеңінде қатысушылар Қожа Ахмет Яссауидің өмірі мен қызметі, ілімі мен мұрасы, хикметтерінің мән-мағынасы, ғұламаның шәкірттері мен ізбасарлары жайлы сауалдарға жауап беруі тиіс болды. Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің тарихы да назардан тыс қалмады. Кесененің салыну тарихы, құрылысының ерекшеліктері, кесенедегі жазулар мен оның мағынасы, онда жерленген тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметі жайлы сұрақтарға да қатысушыларымыз мүмкіндігінше жауап берді.

Білім байқауының қорытындысы бойынша Абай ауданындағы Әуезов орта мектебінің 10-сынып оқушысы Әділет Айтмұханбет пен Аягөз ауданындағы Д.Бабатайұлы орта мектебінің 8-сынып оқушысы Аманбол Тұрсынғалиев жүлделі екінші орын алса, Катонқарағай ауданы Рыков атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Меруерт Қадылханова, осы мектептің 8-сынып оқушысы Айым Әділхан, Ұлан ауданы Бозанбай орта мектебінің 10-сынып оқушысы Күншуақ Естай үшінші орынға ие болды.

Ал Зайсан ауданы Абай орта мектебінің 8-сынып оқушысы Дильназ Қайырбек сарапшылардың шешімімен халықаралық «Яссауитану» білім байқауының облыстық кезеңінің жеңімпазы атанды. Алдағы қыркүйек айында республикалық кезеңде облыс намысын қорғайтын Дильназға сәттілік серік болсын дейміз.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button