Құйғанның балалары ағылшынша сөйлеп тұр

Алыс ауылдардағы білім мекемелері үш тілді білім беруді осыдан екі жыл бұрын бастап кеткен болатын. Нәтиже жаман емес. Соның айқын дәлелі ретінде Құйған орта мектебі бүгінде ауданды қойып бүкіл облысқа үлгі боларлық жұмыс істеп отырғанын айтуға болады.
Мектеп ауласына кіргеннен-ақ өркениетті елдің болашағын көргендей әсерге бөленесіз. Бұл мектептегі оқушының барлығы келген қонаққа үш тілде еркін сәлем береді. Мектеп ішінің безендірілуі де үш тілде. Кабинеттердің атауы да үш тілде жазылып тұр. Мақтаған мектептің сыныптарын біз де аралап, сабаққа қатыстық. Алдымен бас сұққанымыз ағылшын тілі пәні болды. Пән мұғалімі Б.Нұрахметова «Жылдың үздік ағылшын тілі пәні мұғалімі» атанған білікті маман. Бастауыш сыныптың оқушылары ағылшын тілін мейлінше еркін меңгере бастапты. Мұғалім қойған сауалдың барлығына ағылшын тілінде ғана жауап береді, сондай-ақ оқу, жазу сауаттылығы да жоғары. Ал 7-8 сынып оқушылары болса, ағылшынша сайрап тұр. Мектепте ағылшын және орыс тілі пәндерінің мұғалімдері жаңартылған білім беру мазмұны аясында республикалық арнайы курстарда жоғары нәтиже көрсетіпті. Бұл мектептегі барлық кабинеттерде «Үштілділік – жаңа заман талабы» тақырыбына стендтер ілінген. Тіл кабинеттерінде арнайы бұрыштар ұйымдастырылған, әдістемелік құралдармен, интерактивті тақталармен, компьютерлермен, электрондық оқу құралдарымен жабдықталған. Үш тілді оқытып жатқан Құйған мектебінің аталған пән мұғалімдері Г.Теміршенова, Ж.Қасенова, Б.Нұрахметованың жаңа технологиялармен өткізген сабақ үлгілері республикалық басылымдарда жарияланыпты. Олардың барлығы да жылдың таңдаулы мұғалімдері. Ал осы жылдардағы оқушылардың жетістіктері жетіп артылады. Осы тұста мектеп мүдірі Серікқазы Тыныбаев көпті толғандырып жүрген білім саласындағы көкейкесті мәселелерді ортаға салды.
– Мектепте оқытылып жатқан үштілділікк бағдарламасы бойынша өзгелерден оқ бойы озып тұрғанымыз рас. Оқушыларымыз үш тілді еркін меңгеріп алды. Дегенмен, әттеген-ай да жоқ емес, бұл тұрғыда шалғай ауыл мектебіне әлі де көрнекі құралдар жетіспейді. Айталық аса қажетті деген ағылшын пәнінің электронды оқу құралы жоқ. Айта берсе мұндай түйткілдер аз емес, бірақ қол қусырып отырған біз жоқ. Ендігі мақсатымыз – латын әліпбиіне өтуге ыңғайланып жатырмыз. Жалпы, латын әліпбиіне өтудің еш қиындығы жоқ, үйренуге де көп уақыт кетпейді. Кейбір ғалымдарымыз ауыл сауатсыз болып қалады деген пікірді айтуда. Бұл мүлде негізсіз, қарап отырсақ, біздің оқушыларымыз өз бетімен латын әліпбиін қаладан бұрын үйреніп жатыр, -дейді мектеп басшысы.
Өркениетке барар жол латын әліпбиіне көшу болса, ауыл мектебі оны да меңгеруге дайын.
Қадырбек Кәкімұлы