Жаңалықтар

Халықаралық додаға кімдер барады?

Ынтымақ ТОЛҚЫН

Облыс орталығында «SHYGYS AIBYN-2024» әскери-патриоттық жарысы өтті. Оқушылар арасындағы бұл сайыс Кеңес одағының батыры, «Халық қаһарманы», армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығына арналды.

Облыстық Жастар ресурстық орталығы, білім басқармасы, Қорғаныс істері жөніндегі департамент және «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы ұйымдастырған сайыстың басты мақсаты – жастар арасында әскери-патриоттық тәрбиені қалыптастыру. Аталмыш жарысқа облыстың әр ауданынан келген он команда қатысып, жарыс жолына шыққан жас сарбаздар бірнеше бағыт бойынша өзара сынға түсті.

– Облыстық іріктеу турниріне 14-17 жас аралығындағы «Жас сарбаз» клубтарының мүшелері қатысып жатыр. Осы жерден оза шапқан мықтылардан жасақталған команданы маусым айында үлкен дода күтіп тұр. Бұл командалардың барлығы өз аудандарында топ жарған кіл мықтылар. Сондықтан жарыс тартысқа толы болады, – дейді Жастар ресурстық орталығының директоры Айдос Әділбекұлы.

Өскеменде өткен облыстық турнир үлкен жарыстың алғашқы асуы десек те болады. Себебі бұл сайыстан үздік шыққандар Алматыда өтетін халықаралық бәйгеде ел намысын қорғайды.

– Шығыс Қазақстан «Айбын» әскери-патриоттық ойындарына төрт жылдан бері қатысып келемін. Оқушылардың осыған дейінгі көрсеткен нәтижесі жаман емес. Командалық есепте 9 және 11 орындарды иеленсе, жекелей сында интеллектуалды сайыстан бірінші орын, белтемірге тартылудан және эстафеталық жарыстан үшінші орын алған. Биылғы маусым айында өтетін халықаралық турнирге Қырғызстан, Ресей және Тәжікстаннан командалар келмек. Сол жерде біздің жас сарбаздар бар мүмкіндігін көрсетеді деп сенемін, – дейді «Жас сарбаз» балалар және жастар әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының басшысы Дәурен Шоматов.

Жарыс қорытындысы бойынша он команданың ішінен топ жарған Алтай ауданының жас сарбаздары бірінші орынды еншіледі. Тарбағатайлық оқушылар екінші, Ұлан ауданының командасы үздік үштікті түйіндеді.

– Мен Алтай қаласындағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы мектептің жас сарбазымын. Осы сайысқа тыңғылықты дайындалдық. Осыған дейін республикалық «AIBYN-2022» және халықаралық «AIBYN-2023» жарысына қатысқан едім. Бүгін жақсы нәтиже көрсеттік. Енді маусым айындағы додаға дайындалатын боламыз, – дейді жарысқа қатысушы Аружан Матоктанова.

Осы айдарда

Back to top button