Қоғам

X-Factor жеңімпазы шығармашылық арманын іске асырды

Қаңтардан бастап қалалықтар өз дарындарын InspireStudio жаңа ән студиясында дамыту мүмкіндігіне ие болды. Оның жетекшісі –«Үміт» балалар үйінің түлегі, 2014 жылы «X-Factor Қазақстан» республикалық шоуының бесінші маусымында жеңіске жеткен танымал жас әнші Евгений Выблов.

–Мен балалар мен ересектерге арналған заманауи, техникалық жарақталған, қызықты студия ашуды бұрыннан армандағанмын, – деп сырымен бөлісті Евгений Выблов. – Адамдардың ол жерде әндерді таспаға жазылған музыканың емес, аспаптардың сүйемелдеуімен орындағанын қаладым. Сондай-ақтек мектеп оқушысы немесе студент қана емес, кез келген жастағы адам бізбен бірге өз қабілеттерін шыңдаса екен дедім. Мен өз студиямды «Inspire» деп атауды жөн көрдім, бұл сөз ағылшын тілінен аударғанда «шабыттандыру» деген мағына береді.

Евгенийде жобаның тұжырымдамасы, педагогтар лауазымына лайықты үміткерлер болды, бірақ ең бастысы жетпеді – арманды іске асыруға қажет қаражат. Сондықтан әнші «Казцинктен» көмек сұрауды ұйғарды, өйткені бұрындары компания дарынды жас жігіттің бастамаларын бірнеше мәрте қолдаған-ды.

– «Казцинк» менің идеямды құптағанын білген сәтте-ақ ең жауапты іске – құрал-жабдықтар сатып алуға кірістім, – дейді Евгений. – Барлығын өте мұқият таңдадым, себебі менің жобама сенім артылды ғой, сондықтан менің қателік жасауға қақым болмады. Кейін орынжай таңдауда қиындықтар туындады, бірақ ол мәселені де сәтті шеше алдық. Біз алғашқы шәкірттерді жинақтаған кезде ғана барып студияның ашылғанын толық мәнде ұғындым.

Бүгінде InspireStudio-да жеті адам ән өнерімен шұғылданады. Ең жас оқушысы 8 жаста, ал ең «егдесі» – 37-де. InspireStudio-ны таңдағандардың кейбірі әнмен шындап қызығады және эстрада жұлдызы атануды қиялдап жүр, қалғандары – жақындарын сүйікті әуендерімен қуанту үшін ән айтып үйренгісі келеді.

Анна Иванова

Осы айдарда

Back to top button