Спорт

WBO International титулын екінші рет қорғады

     Аягөздік  Мейірім Нұрсұлтанов қазан айының 2-сі күні 18-ші жеңісін қанжығасына байлады. Бірде-бір рет жеңіліс дәмін татпаған ол жекпе-жектерінің онын нокаутпен аяқтаған. Таяуда жерлесіміз (18-0, 10 КО) кезекті жеңісіне қол жеткізді.

Берікхан ТАЙЖІГІТ, Аягөз

Мейірім Төлегенұлы Люблиндегі (Польша) бокс кешінде  аргентиналық Марсело Косересті (31-5-1, 17 КО) жеңген болатын.  Бұл жеңісі арқылы Мейірім Төлегенұлы  орта салмақтағы WBO International титулын қорғап қалды.

Осылайша, Аягөзден шыққан кәсіпқой боксшы Мейірім Нұрсұлтанов әлем чемпионы атағын сақтап қалды.

Бұл жайында ол Instagram парақшасында:  «Аллаға шүкір! Белбеуді қорғадық. Жанкүйер болып қолдау көрсеткендеріңізге көп рахмет. Алға, Қазақстан!» деп жазды.

Қазақ боксшысы Польшада өткен бокс кешінде аргентиналық Марсело Эстебан Косероспен жекпе-жекке шыққан болатын. Орта салмақтағы бұл айқас он раундқа есептелген еді. Шаршы алаңға шыққан қос боксшы Мейірім Нұрсұлтановқа тиесілі WBO International чемпионының белбеуін сарапқа салды. Нәтижесінде қазылар алқасы бір ауыздан қазақстандық боксшы жеңіске жетті деген қорытынды жасады. Бір қуаныштысы, Мейірім Нұрсұлтанов әзірге жеңіліп көрген жоқ.

Айта кетерлігі, осы жылдың басында Мейірім Ақтауда өткен бокс кешінде ресейлік Андрей Сироткинді жеңіп, WBO International титулын иеленген болатын. Мейірім Нұрсұлтанов Жанат Манашев пен Бейбіт Есжанов сынды жаттықтырушылардан тәлім алған.

–  Мен бокс әлемінің қыр-сырын туған ағам Мерей Ақшаловтан үйрендім. Біз Аягөздің жанындағы Мыңбұлақ деп аталатын шағын ауылдан шықтық. Мерей де жай ғана боксшы емес, танымал спортшы, –  дейді Мейірім Нұрсұлтанов.

Жерлесіміз кәсіпқой боксшы Мейірім Нұрсұлтанов.

Осы айдарда

Back to top button