Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған саяси реформалар нені көздейді? Ата Заңға қандай өзгерістер енгізілмек? Оның халық үшін маңызы неде? Өскеменде осы тақырыпты қаузаған әңгімелесу форматындағы еркін кездесу өтті.
«Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы, Amanat партиясы арнайы республикалық штабының мүшесі Берік Уәли Аманжолов университетінің ұстаздарымен, студенттерімен жүздесіп, Конституцияға енетін өзгерістерді түсіндірді. Жиналғандар референдум туралы сауалдар қойып, жауап алды, пікір алмасты.
– Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болып сайланған соң «Мен халыққа берген уәделерімнің бәрін орындаймын» деген. Сол уәделер кезең-кезеңмен орындалып жатыр. Ата Заңның үштен бірі өзгереді, қандай түзетулер енгізілгелі отырғанын сіздер ақпарат құралдарынан жан-жақты білесіздер. Референдум арқылы халық таңдауды өзі жасап, пікірін дауыс беру түрінде білдірмек. Әдетте, осындай науқандар көп елде билікті күшейту мақсатында өткізіледі. Бізде, керісінше суперпрезиденттік жүйеден президенттік жүйеге көшуге, сол арқылы Парламент пен Үкіметтің құзыретін арттыруға бағытталған. Атап өтерлігі, қазіргі билікке азаматтар тарапынан айтылған әр ұсыныс маңызды, – деді штаб мүшесі.
Берік Уәли облыстардың жаңадан құрылуы туралы да өз ұстанымын айтып өтті.
– Президент биылғы Жолдауында орталығы Семей болатын Абай облысы құрылатынын мәлімдеп, өңір жұрты бір марқайып қалды. Сондай-ақ Жетісу, Ұлытау облыстары да пайда болмақ. Менің ойымша, бұл халықтың көптен бергі талабын ескеріп, тарихи әділдікті қалпына келтіру болды, – деді ол.
Шығыс өңірінің тумасы Берік Уәли соңғы жылдары көш басынан көрініп жүрген университет ұжымын білім-ғылым саласындағы жетістіктерімен де құттықтап өтті.
– Елде ауқымды саяси науқан жүріп жатыр. Мемлекет басшысының Жолдауындағы халық сұранысынан туындаған саяси реформалар осы Ата Заңды өзгертуден басталады. Билік өкілеттігі қайта бөлінеді, Парламенттің рөлі күшейеді, азаматтардың құқықтары қатаң қорғалатын болады. Реформалар мемлекеттің дамуына, халық тұрмысының жақсаруына септігін тигізбек. Сол себептен алдағы референдумға белсенді қатысуларыңызды сұраймын, – деді штаб мүшесі.
Жастар Ата Заңға өзгертулер енгізу уақыт талабы екенін атап, өз ойларын, тың ұсыныстарын ортаға салды. Ел ертеңі үшін елеулі іс-шара – референдумға қатысып, жарқын болашақ үшін дауыс беретіндерін жеткізді. Олар қоғамның игілігі үшін жасалып жатқан маңызды іс-шарада барша азаматтар белсенділік танытып, таңдау жасауы керектігін баса айтты.
С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген де жастар мен оқытушылардың референдумға толық қатысып, Жаңа Қазақстан үшін дауыс береріне сенім білдіріп отыр. Оның айтуынша, жұрт референдумнан кейін түбегейлі өзгерістер басталады деп үміттенеді.
Кездесу «Зерек» орталығында жалғасты. Мұнда Берік Уәли елдің саяси өміріндегі елеулі оқиғаға бейжай қарамайтын белсенді жастармен жүздесіп, референдум туралы пайдалы түсініктер берді.
Сонымен бірге, Берік Уәли облыстағы ірі кәсіпорынның бірі – «Шығыс-Сүт» корпорациясында да болды. Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыровпен бірге ол сүт өнімдерін шығаратын мекеменің тыныс-тіршілігімен танысты, жұмыс процесін көрді. Бүгінгі таңда 80 түрлі өнім шығарып отырған кәсіпорын жұмысшыларымен сөйлесіп, референдумның мән-маңызын түсіндірді. Ұсыныстары мен пікірлерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді.