Оқиғалар

Восточный кентіндегі жағдай бақылауға алынды

Восточный кентіндегі жағдай бақылауға алынды

Желтоқсанның 12-сінен 13-іне ауған түні Семейдегі Ертіс өзенінің Семипалатинка сағасында мұздың бөгелуі салдарынан маңайдағы Восточный кентінің кей жерлерін су басты. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінен құралған топ шұғыл түрде 30 жеке тұрғын үйдегі 48 адамды қауіпсіз жерге көшірді. Оның алтауы – бала.
Сонымен қатар, сегіз бас ірі қара, 15 бас қой және төрт автокөлік қауіпсіз аумаққа шығарылыпты. Жалпы, Восточныйдағы апат салдарын жоюға 23 техника мен 200-ге жуық адам жұмылдырылғанын айту керек. Бүгінде облыстық ТЖД күшейтілген жұмыс кестесіне көшкен.
Сондай-ақ, сенбі, 13-желтоқсан күні сағат 12:00 кезінде бақылау қызметіндегілер Ертістің Түйемойнақ аралындағы Понтон көпірі маңында тағы да су көтерілу жағдайын байқайды. Осының салдарынан аралдағы 49 тұрғын үйді су басу қаупі туындаған. Сол себепті құтқарушылар тез арада 80-ге жуық адамды қауіпсіз аймаққа көшірді.
Орын алған жағдайды реттеу үшін облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ тапсырмасымен барлық арнайы қызметтер іске қосылды. Апат орнына облыс әкімінің орынбасары Ерлан Текешов бастаған жұмыс тобы келіп, Восточный кентінің және Түйемойнақ аралының тұрғындарымен кездесті. Тұрғындар уақытша паналау мекемелеріне жеткізіліп, онда ыстық тамақпен, жатын орынмен қамтылды. Атап айтқанда, құтқарылған адамдар «Семей» қонақүйінің 50 орнына және «Профилакторий Строитель» үйінің 50 орнына орналастырылды. Тұрғындар өз кезегінде дер кезінде көмек көрсеткен құтқарушыларға, сондай-ақ, облыс басшылығына ризашылықтарын білдірді.
Қазір Семипалатинкадағы су деңгейі сағат сайын бақылануда. Сондай-ақ, Ертіс өзенінің сағаларында мұз бөгелісі қаупін болдырмаудың іс-шаралары атқарылып жатыр. Облыстық әкімдіктің шешімімен, апат орнына Өскемендегі «Востоквзрывпром» ЖШС-нан бір топ маман келіп, Мирный кентінің маңында жарылыс жұмыстарын жүргізді.
Облыстық ТЖД бастығының орынбасары Әлібек Длимовтың айтуынша, бұл жарылыстар Семипалатинка өзенінің Ертіспен тоғысар тұсында судың өз арнасымен еркін ағуына мүмкіндік туғызады. Су көтерілу қаупі де туындамайды. Дәл қазіргі уақытта ТЖД мамандарынан құрылған сегіз бақылау посты өзендегі жағдайды күні-түні бақылауда.

Восточный кентіндегі жағдай бақылауға алынды

Бет қатталып жатқанда
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті таратқан соңғы хабарламаға сәйкес, Восточный кенті мен Түйемойнақ аралындағы жағдай тұрақты, су деңгейінің көтерілуі байқалмайды. Қазір «Семей» қонақүйінде бес адам қалуда. Қауіпсіз аймаққа көшірілген өзге тұрғындар үйлеріне қайтып оралған. Қазіргі уақытта Семипалатинка сағасының жағалауларын бекіту жұмыстары жүргізілуде. Жағалауларда барлығы 250 жүк көлікке тиелген құм себіліп, биіктігі 1-1,2, ені 3 метрді құрайтын дуал пайда болған.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button