Әлеумет

Вице-министр әлеуметтік-еңбек саласындағы жаңалықтармен бөлісті

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов Шығыс Қазақстанға жұмыс сапарымен келді.

Вице-министр облыс тұрғындарына әлеуметтік-еңбек саласындағы жаңалықтар туралы айтып берді, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Ақмәди Сарбасов аймақтағы әлеуметтік мекеме мен кәсіпорынның жұмысымен танысып,  халықпен кездесулер өткізді. Оның барысында әлеуметтік-еңбек саласындағы инновациялар туралы айтып берді. Бұл инновациялар 2023 жылғы 1 шілдеден бастап ҚР Әлеуметтік кодексі күшіне енгеннен кейін іске асырылады.

Сапардың басында вице-министр эмоциялық-еріктік саласы мен мінез-құлқының бұзылуы бар 3 жастан 10 жасқа дейінгі балаларға арналған балабақша мен аутизм спектрі бұзылған балаларға арналған бейімделген бағдарлама бойынша жұмыс істейтін бастауыш мектептен тұратын «Ғажайыптар елі» арнайы түзету мекемесінің қызметімен танысты.

Сонымен қатар, «ALTAI тау-кен металлургиялық сервисі» ЖШС-нің қызметкерлермен кездесіп, еңбек саласы мәселелерін, оның ішінде отандық еңбек нарығын қазіргі заманғы шындықтар мен қажеттіліктерге бейімдеуді талқылады.

«Қазір ұлттық біліктілік жүйесін дамыту белсенді кезеңге өтті – бейсенбіде Сенат еңбек нарығы мен кадрларды даярлау жүйесі арасындағы стандарттарды әзірлеу, жұмыс берушілер тарапынан өмір бойы алынған кәсіби біліктіліктерді бағалау және тану арқылы өзара байланысты күшейтетін «Кәсіптік біліктілік туралы» заңды мақұлдады. Бұл жастарға және жалпы кәсіпқойларға еңбек нарығындағы өзгерістерге тез бейімделуге мүмкіндік береді және жаңа дағдылар мен құзыреттіліктерді игеруге ынталандырады», – деді Ақмәди Сарбасов.

Ол заңның маңызды бөлігі дербес меңгерілген дағдыларды, сондай-ақ бейресми және ақпараттық білім беру нәтижелерін тану болып табылатынын атап өтті. Заңда кәсіптік біліктілікті тану жүргізілетін кәсіптер тізбесін қалыптастыру көзделеді.

«Заң жұмысшылар мен жұмыс берушілерді кәсіптік біліктілікті тану жүйесіне кіруге ынталандыру бойынша бірқатар шараларды қарастырады, мысалы, жұмысшыларға әртүрлі кепілдіктер мен жеңілдіктерді немесе біліктілікті танудың ваучерлік-модульдік жүйесін енгізу», – деді вице-министр.

Ақмәди Сарбасов халықты әлеуметтік қолдау шараларын белсенді тағайындауды, азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсетудің жаңа тәсілдерін, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялауды, халықты жұмыспен қамту саласындағы жаңа тәсілдерді, әлеуметтік сақтандыру және зейнетақымен қамсыздандыру жүйелерін дамытуды көздейтін әлеуметтік кодекстің негізгі новеллалары туралы баяндады.

«Жыл басында базалық және еңбек зейнетақыларының мөлшерін есептеу параметрлері өзгертілді. Саралау тетігін қолдану нәтижесінде ең төменгі базалық зейнетақы мөлшері 21% – ға дейін өсті. Бұл зейнетақысы төмен зейнеткерлерге әлеуметтік қолдау болды. Ал болашақ зейнеткерлер үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушілер тарапынан қосымша зейнетақы жарналары төленетін болады», – деді ол.

 

Осы айдарда

Back to top button