ҚоғамТОП

Венгрия елшісі Бозанбайда болды

Венгрияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Отто Иван Рона Ұлан ауданында болды.

Қазақстан мен Венгрия арасындағы саяси һәм сауда-экономикалық байланыстарды былай қойғанда екі елді бір-біріне жақын еткен тамыры терең туыстық қарым-қатынас екендігі тарихтан белгілі. Мажарлардың түп-төркіні қыпшақ-түрік негізінен тарайтыны әлімсақтан аян. Ендеше бауырлас елдің елшісі ауылымызға ат байлап, ақ дастарханнан дәм татып жатса қалай қуанбаймыз?!

Иә, Венгрия елшісі Отто Иван Рона Бозанбай ауылына барып, қазақ халқының салт-дәстүрімен, саятшылық өнерімен жақын танысты. Қазір осы ауылда тұрып жатқан әлемге әйгілі бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызымен кездесіп, тілдесті.

Отто мырза да көшпенді жұрттың ұрпағы ғой, қолына қыран құсты қондырып, садақ тартып көріп, баба дәстүрдің тұнығына бойлады. Мол жайылған қазақы дастарқаннан дәм татты.

– Этнотуризм – бүгінде бүкіл әлемде қарқынды дамып келе жатқан жаңа сала. Бозанбайдың саятшылар орталығына айналарына кәміл сенемін, – деді елші.

Сондай-ақ мәртебелі мейман келешекте Ұлан ауданына шетелден, әсіресе Венгрия мемлекетінен туристердің көптеп келуіне ықпал ететіндігін жеткізді.

 

Осы айдарда

Back to top button