Мәдениет

Венгрияда Абайдың ескерткіші бой көтереді

Венгрияда Абайдың ескерткіші бой көтереді

Жуықта облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ қазақстандық делегациямен бірге жұмыс сапарымен Венгрияға баруды жоспарлап отыр. Осы сапар алдында облыс әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев Венгрияның Алматы қаласындағы бас консулы Ференц Блауман мен оның сыртқы экономикалық байланыстар бойынша кеңесшісі Иштван Макралиді қабылдады.
Кездесу барысында Өскеменде болашақта салынуы мүмкін үй-құрылысы комбинатына инвестор тарту мәселелері, сонымен қатар, венгрлік компаниялар ұсынып отырған шығыны аз, шағын су электр станцияларының жобалары қаралды. Венгрлік консулдың айтуынша, ұсынылып отырған жобалар арқылы өңір тұрғындарын, ауыл шаруашылығы саласын, туристік кешендерді, тіпті, өндіріс нысандарын да арзан электр энергиясымен қамтуға болады.
Ермек Көшербаев өз сөзінде Венгрияның астанасы Будапешт қаласында Абайдың ескерткішін ашу жұмыстарына атсалысқандары үшін елшілерге алғысы шексіз екендігін айтты.
-Еліміздің Үкімет басшысы Венгрияға жасаған сапарында Будапешт қаласының орталығына Абай ескерткішін орнату мәселесін қозғаған болатын, сіздердің табанды еңбектеріңіздің арқасында ұлы ақынның ескерткіші Венгрияда бой көтеретін болды, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Ференц Блауман Шығысқа бірінші рет келіп тұрғанын, бұл өңірдің табиғи ресурстарға бай екендігін жеткізді. Оның айтуынша, екі ел арасындағы байланыс арқылы ұтымды экономикалық жобаларды жүзеге асыруға болады. Оның ішіндегі ең негізгілері – құрылыс, ауыл шаруашылығы және энергетика салалары.
-Жуықта қазақстандық делегация Венгрияға барады деп күтілуде. Бұл сапар барысында көптеген екіжақты келісімдерге қой қойылады деп үміттенеміз. Біздің әкеліп отырған жобаларымыздан басқа сіздерді қызықтыратын көптеген идеяларымыз бар. Венгрияның Қазақстанға экспорты қазір 210 миллион АҚШ долларын құрап отыр, бұл көрсеткіш алдағы уақытта әлі де ұлғая түседі деп ойлаймын. Венгрия қазір аграрлық елден өнеркәсіптік мемлекетке айналып келе жатыр. Шығыс Қазақстан облысының аймағында таулы өзендер өте көп. Шағын су станцияларын салу сіздер үшін өте тиімді, – деді Ференц Блауман.
Консулдың кеңесшісі Иштван Макрали венгрлік жобалардың ішінде үй-құрылыс комбинатын салу да бар екендігін атап өтті.
-Біз қабырғалары жылдам құрастырылатын, сейсмикалық төзімді, сіздердің аязды қыстарыңызға төтеп бере алатын, жылуды жақсы ұстайтын үйлер құрастыра аламыз. Жобада екі қабатты коттедждер деп көрсетілген, оны көпқабатты тұрғын үйлерге ауыстыруға болады, – деді Иштван Макрали.
Сонымен қатар, елшілер Венгрияның бал өндіруден Еуропа мемлекеттерінің алдын бермей тұрғанын айтты. Кездесу барысында туризмді дамыту, балық өсіру, сумен емдеу сияқты мәселелер де атап көрсетілді.
Облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаевтың айтуынша, қазір Еуропада ауыл туризмі сәнге айналған. Осы тұрғыдан алғанда біздің венгриялық әріптестерімізден үйренеріміз мол.
-Елімізде туризм саласын дамыту қазір қарқынды түрде қолға алынып жатыр. Біз қажетті инфрақұрылымдарды тұрғызып, қолда бар мүмкіндіктердің бәрін пайдалану үстіндеміз. Алдағы уақытта негізгі әдістемені меңгеруіміз керек. Ол – туристерді тарта білу, экономика және маркетинг саласы. Осы жағынан сіздермен тәжірибе алмасуымыз керек, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Ермек Көшербаев бұдан басқа облыс орталығында толық циклді автомобиль құрастыру зауыты жобасының іске асырылып жатқандығын, «Азия-Авто» АҚ құрастырған көліктердің қазақстан нарығының 60 пайызын қамтып отырғандығын атап көрсетті.
Кездесу соңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Венгрияның Алматы қаласындағы бас консулы Ференц Блауман мен оның сыртқы экономикалық байланыстар бойынша кеңесшісі Иштван Макралиді Өскеменде жыл сайын дәстүрлі түрде тамыз айында өтетін халықаралық бал фестиваліне қонаққа шақырды.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button