Спорт

Велоспорт шахмат тәрізді

 

Андрей Ремхе – Алматы облысы, Талғар қаласының велошабандозы. Ол Өскеменде ұлдар арасында өткен «Қазақстан оқушысы» атты дәстүрлі көпкүндік веложарыста жасөспірімдер рекордын (республика рекордын – авт.) жаңартты, алты кезеңнің бәрінде жүлделі орын алды және өзінің командасымен бірге жарыс чемпионы атанды.

– Мен мың пайыз дайын болып келдім. Осы жарыста 25 шақырым жолды 30 минут 40 секундта өтіп, ел рекордын жаңарттым. Осымен үшінші рет рекорд жаңарттым, бұған дейінгілерді де ешкім бұзған жоқ. Талғар командасы атынан алты бала келдік. Әріптестеріме рахмет, үздік нәтижеге жеттік, – дейді бүгінде спорт шебері атағы бар жас спортшы.

Айта кету керек, Ремхе бір ай бұрын Түркияда өткен халықаралық Kayseri Junior Race турнирінің де жеңімпазы болды. Ол қазір жасөспірімдер арасында әлемдік рейтингте екінші орында келеді. Өзінің айтуы бойынша, велоспорт шахмат тәрізді, бәрін жоспарлы түрде ойластырып істеу керек. «Алда келе жатқан қарсыласыңа «шабуылдағанда» көп күш жұмсайсың. Одан өткен соң тағы біреуден озуға әлің жетпей қалады. Ондайда жол ыңғайына қарай әдіске басуың керек. Төзімің де мықты болуы керек. Мен әуелде бокспен шұғылданғанмын, физикалық тұрғыда мығым болуыма соның пайдасы тиген секілді», – дейді өзі.

Бұл жарыс жалпы 51-ші рет өткізіліп отырса, соның 21-і Шығыс Қазақстанда болған. «Себебі таулы жер бедері жарысты республикалық деңгейде өткізуге мүмкіндік беретін жалғыз облыс осы. Жан-жақтан келген жаттықтырушылар да бұл жердің табиғатына ерекше тамсанады», – дегенді айтады жарыс ұйымдастырушылары.

– Ең ұзақ кезең «Өскемен – Сібе көлдері» бағытында болды. Спортшылар 75 шақырым жол жүріп өтті. Ал қалған кезеңдерде «Өскемен – Бозанбай», «Өскемен – Бобровка», «Өскемен – Ушанов» және қала ішінде сынға түсті. Жарыс алты күн болды. Спортшылар ешқандай жарақат алмады. Дер кезінде көлік жолдарын жауып, қауіпсіздікті қамтамасыз еткен полицияға зор алғыс. Мұнда жарысқа қыздар да қатысқанын айта кеткеніміз абзал. Әсіресе 27-нөмірлі қыз барлық кезеңде ұлдардан қалыспай, соңына дейін жарысты аяқтады, – деді ұйымдастырушы, Білім және ғылым министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының өкілі Мира Мұхамадиева.

Оның айтуы бойынша, белгілі норманы орындаған спортшылар «спорт шебері» атағына ұсынылады.

Мира Мұхамадиева айтқан 27-нөмірлі қыз – Елизавета Гринберг, Ақмола облысының өкілі.

– Ұлдардың жарысына қатысқаныма қуаныштымын. Әрине, өте қиын болды. Бар күшімді салдым. Жаман өнер көрсетпеген секілдімін. Командалық есепте төртінші орынға ие болдық, – дейді спортшы қыз.

Жарысқа 11 облыстан 13 команда (130 бала) келді.  Нәтижесінде, Алматы облысы Талғар қаласының командасы бірінші орын, Солтүстік Қазақстан облысы командасы екінші орын, Нұр-Сұлтан қаласының командасы үшінші орын алды. Шығыс Қазақстан командасы бесінші орынға тұрақтады. Команда мүшесі Алдияр Хасенов «ең үздік жас спортшы» аталымына ие болды. Себебі жарыс 2005, 2004, 2003 жылдары туған спортшылар арасында өткен, ал Алдияр 2006 жылы туған.

– Әрине, Алдиярдың жасы кіші. Дегенмен, жүзден астам баланың ішінде барлық кезеңде алдыңғы жиырмалықтың ішінде келіп отырды. Алдағы уақытта орын алады деп сенеміз. Ол біздің үміт күттіріп отырған, еңбекқор шәкіртіміз, – деді жаттықтырушы Ерхат Жұмағалиев.

Алдияр – спортта дарынды балаларға арналған Шығыс Қазақстан облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектебінің оқушысы, спорт шеберлігіне үміткер. «Алға қойған мақсатым – ұлттық құрамаға алыну», – дейді өзі.

Спорт төрешілерінің айтуы бойынша, жергілікті командада үздік жастар бар. Дегенмен, командалық есепте топ жару үшін олардың нәтижесі жеткіліксіз, ұжымның барлық мүшесі жоғары дәрежеде өнер көрсетуі керек.

Тасқын Болатұлы

Сурет: Әнуар Төлебаев

Осы айдарда

Back to top button