COVID-19 

Вакцина ауыр асқынулардан қорғайды

Коронавирус инфекциясының таралуы елімізде бірде төмендеп, бірде өршіп, әлі тұрақтанбай тұр. Соңғы тәуліктегі мәлімет бойынша, республика көлемінде 664 жаңа жағдай тіркелді. Ковидтің жаңа жағдайлары  Ұлытау облысынан басқа аймақтардың барлығында кездесті. Шығыста 18 науқас анықталды. Әдеттегідей ең көп жағдай Нұр-Сұлтан қаласында (110), Қарағанды (97) мен Ақтөбе (79) облыстарында белгілі болды.

Алайда мамандар жұқпалы індеттің өзінен гөрі оның асқынулары пациенттерге ауыр тиетінін ескертеді. Лондон ғалымдары COVID-19 инфекциясының жеңіл түрімен ауырған еріктілерді бақылап, олардың басқаларға қанша уақытқа дейін жұқпалы болып қалатындарын анықтады. Ғалымдардың зерттеулері кейбір жағдайларда ауру белгілері басталғаннан жеті күн өткен соң да вирус жұқпалы болып қала беретінін растады. Инфекцияның орташа ұзақтығы 5 күнді құрайды (көбінде 3-тен 7 күнге дейін).

Сарапшылар сонымен қатар коронавирус инфекциясымен ауырғандарда қандай асқынулар болуы мүмкін екенімен бөлісті.

Біз ковидтің ағзаға тигізген көптеген кері әсерін байқаймыз. Ең алдымен, бұл – сүйектердің қақсап, буындардың ауырсынуы,  содан кейін жүрек-қан тамырлары және орталық жүйке жүйесінің асқынулары. КВИ-мен ауырған пациенттердің шамамен 30-40%-да коронавирустан кейінгі кезеңдегі бұлшық ет, сүйек, буын аурулары байқалады және тұрақты да, толқын тәрізді де жүруі мүмкін, дейді дәрігерлер.

Мамандар коронавирустық инфекция тірек-қимыл аппаратының созылмалы ауруларының – артрит, артроз, остеоартриттің өршуіне ықпал етуі де мүмкін екенін айтады. Ғалымдар ревматологтармен бірге науқастарды қалпына келтірудің тиімді әдістерін іздестіруде, пациенттерді ауырсынудан арылтуға, олардың еркін қозғалуына көмектесуге тырысады.

Дәрігерлер сонымен қатар ковидпен ауырғандарға жыл сайын сауықтыру-курорттық емдеуден өтуді ұсынады. Бұл ағзаның инфекциядан кейін қалпына келуіне және жұмысын жақсартуға көмектеседі, жүйке жүйесін тыныштандыруға, аурулардың алдын алуға ықпал етеді. Сауықтыру-курорттық емдеу әдістерінің ішінде балшықпен емдеу, магнитотерапия және сумен емдеу жақсы нәтиже көрсеткен. Егер минералды суды науқас дәрігердің ұсынысы бойынша курс-курспен ішсе, ауырсынуды азайтады, бұлшық еттерді босаңсытады, ал ванна қабылдаған кезде қан айналымы жақсарады, дейді мамандар.

Әрине, вакцинацияны естен шығаруға болмайды. Тәжірибе көрсеткендей, COVID-19 қарсы вакцинацияланған адамдарда ауыр асқынулардың саны төмен, ал оңалту процесі тезірек жүреді.

Кәмал Естай

Осы айдарда

Back to top button