COVID-19 

Балаларға екпе жеті жастан салынуы мүмкін бе?

Өткен тәулікте елімізде ковидтің  478 жаңа жағдайы тіркелді, деп хабарлайды Қазақстанда COVID-19 таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның  ресми Telegram арнасы. Бұған дейін науқастардың саны өсіп келе жатқанын жазсақ, 19 тамыздан бастап жаңа жағдайлар тұрақты түрде азайып, тәулігіне мыңнан 500-ге дейін түсті. Шығыста соңғы тәулікте үш науқас анықталды.

Қазір облыста коронавирустан он төрт жасқа толмаған үш бала емделіп жатқанын жазған едік. Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас балалар инфекционисті Динагүл Баешованың сөзіне қарағанда, қазір КВИ-дің отбасылық таралуы жүріп жатыр.  Ол сонымен қатар балаларда ковидтің белгілерінің қалай өзгергені жөнінде айтқан болатын.

– Қазір ауруханаға жатқызылған пациенттердің клиникасы өзгерді. Бірінші толқында кішкентай науқастарда аздаған жөтел болды, балалардың жалпы жағдайы негізінен зардап шекпеген еді. Тамақтың аздап ауыруы байқалды, кейбіреулерінің ыстығы көтеріліп, іштері өтті. Бүгінгі күні ауру белгілері  басқаша білінеді: балалар интоксикациямен түседі, жоғары температура, жөтел. Әсіресе көмей қосылғанда, балғындардың жөтелі қатты болады, дене қызуының жоғары болуынан тыныс алулары мүлде қиындап кетеді. Бұл – балалар үшін өте қауіпті, – дейді Динагүл Баешова.

Еліміздің бас балалар инфекционисті қазір коронавирус инфекциясы балалардың орталық жүйке жүйесіне де әсер ете бастағанын ескертті.

– Кез келген инфекция кезінде орталық жүйке жүйесінің зақымдануы ауыр жағдай ретінде қарастырылады. Диарея синдромы бар балалар да түсетінін айттым жаңа. Бүгінгі күні бізде осы жағдайлардың барлығы бойынша клиникалық хаттамалар бар, онда қадамдық диагностика мен емдеу жолдары сипатталған, – деп қорытындылады инфекционист.

Динагүл Баешова елімізде әлемдегі сияқты 7 жасқа дейінгі балаларды ковидке қарсы егуге қатысты пікірін білдірді. Инфекционист вакцинация кез  келген мемлекеттің стратегиясы екенін айтады. Сонымен қатар ол бүгінгі таңда елімізде бар вакциналар 12 жастан асқан балаларға арналғанын еске салды.

– Біздің консультативтік комитет бұл мәселені қарастыруда (7 жастан бастап балаларды вакцинациялауды). Біздің клиникалық хаттамаларымыз бен барлық жаңалықтарымыз әрдайым дәлелдемелер базасы мен халықаралық ұсыныстарға сүйенетінін білесіздер. Алғашқы ұсыныстар пайда болғаннан кейін біз бұл мәселені дереу қарастырамыз. Бүгінгі таңда біз осы құжаттардың барлығын зерттеудеміз және бұл мәселені біз де қарастырып жатырмыз, –  деді спикер. Айта кетейік, қазір Қазақстанда ковидке қарсы  екпе балаларға 12 жастан бастап салынады  және 12-17 жасқа дейінгі жасөспірімдерге Comirnaty вакцинасын егеді.

Кәмал Естай

 

Осы айдарда

Back to top button