Үздіктер қатарынан көрінді
Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар «Tartyl Fest» турникке тартылу чемпионатының республикалық финалында үздік нәтиже көрсеткен өскемендік спортшыларды құттықтады.
Аталмыш чемпионаттың финалында Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған 170-ке жуық қатысушы бақ сынасты. Бір қуантарлығы, жарыс қорытындысында үздіктер қатарынан көрінген спортшылардың арасында біздің жерлестер де болды.
Атап айтсақ, жарыста Өскемен қаласының атынан сынға түскен Егор Ногин 55-70 келі салмақ дәрежесінде бірінші орынды жеңіп алса, Радмир Темірболатов (70 келіден жоғары салмақ) екінші орынға ие болды. Тағы бір жерлесіміз Евгений Созончук 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмей, жарыс чемпионы атанды.
– Сондай-ақ Мансұр Уәлиевтің нәтижесін ерекше атап өткім келеді. 11 жастағы Мансұр өз санатындағы ең жас қатысушы болды. Алайда бұл оның үздік болуына еш кедергі келтірмеді. Ол 18 жасқа толмаған қатысушылар арасында 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бірінші орынға қол жеткізді. Оның нәтижесі бір жаттығуда 36 рет тартылу болды, – дейді қала әкімі.
Нұржан Кенжеұлы