Қоғам

Үздіктер арасынан табылды

Газетіміздің өткен сандарының бірінде облыс орталығында ментальды ауытқуы бар науқастар арасындағы республикалық жарыстың басталғаны туралы жазған болатынбыз. Жақында сол бір байрақты бәсеке де өз мәресіне жетті.

Өскемендегі Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика орталығында өткен біріншілік тартысқа толы болды. Бұл туралы жарыс ұйымдастырушылары – еліміздегі Special Olympics бірлестігінің өкілдері де хабарлады. Аталмыш қоғамдық бірлестіктің бас директоры Любовь Червонныхтың айтуынша, биылғы бәсекеге елорданың, сонымен қатар, Абай, Ақмола, Атырау, Қызылорда, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының командалары, барлығы 110 спортшы қатысты.

Айта кетейік, бұл жолғы додаға қатысушылар 50, 100 және 200 метрге жүгіру, орыннан ұзындыққа секіру және теннис добын лақтыру сияқты спорт түрлерінен шеберлік байқасып, жүлделі орындарды сарапқа салды.

Бір қуантарлығы, үздіктер арасынан біздің жерлестер де табылды. Мәселен, қыздар арасындағы ұзындыққа секіру жарысына қатысқан Әйгерім Тілеуленова үшінші орыннан көрінсе, теннис добын лақтыру сайысында бақ сынаған Қуаныш Бекенов қарсыластарының бәрін артта қалдырып, турнир чемпионы атанды. Сондай-ақ жүлдеге қол созым жерде тоқтаған Әсел Айтбаева, Дима Шулаев, Кенже Қанатов, Ерік Жұмағалиев пен Алтынай Нұрсәбиева сынды жерлестеріміздің де еңбегін атап өткен орынды.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button