Үздік студенттердің көбі Күршімнен шығады
Күршімге Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің делегациясы арнайы келіп, бірқатар игі шара өткізіп қайтты. Құрамында университет басшылары, оқытушылары және студенттері бар ошарлы топты осы жоғары оқу орнының ректоры Мұхтар Төлеген өзі бастап келді. Ректор дәл осындай студенттер десантын өткен жылы да өзі бас болып, алып келген болатын.
– Осы жоспарлы сапарымызды Күршім ауданынан бастап отырғанымыз тегін емес, – деп бастады сөзін ректор. – Өйткені біздің университеттің жақсы оқитын белсенді студенттерінің негізі – күршімдіктер. Қазіргі кезде С.Аманжолов атындағы ШҚУ-де білім алып жатқан 72 күршімдік студенттің 58-і грантпен оқиды. Бұған себеп – Күршім мектептеріндегі білім деңгейінің басқа өңірлерге қарағанда әлдеқайда жоғары екендігі.
Бұдан соң университет ректоры өзі басқаратын білім ордасының жай-күйінен бірқатар мағлұматты ортаға салып, ұжымның қол жеткізген жетістіктерімен таныстырып өтті. Жақында ғана өзінің ірге көтергеніне 70 жыл толған мерейтойын атап өткен осынау құтты орданың республикамыздағы 120 жоғары оқу орнының ішіндегі үздіктердің бірі екендігін тілге тиек еткен Мұхтар Төлеген Шығыс Қазақстан университетінің екі жыл қатарынан бірінші орыннан көрініп келе жатқанын айтқанда, зал толы жұрт ду қол шапалақтап, қошемет көрсетті. Ректордың айтуынша, университеттің ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері баршылық көрінеді. Мәселен, осында ашылған әскери кафедрада тәлім алған жастар оны тәмамдағанда дипломмен қоса әскери билетке де қол жеткізеді екен. Осының барлығын баяндап шыққан М.Төлеген алдымен ат басын Күршім гимназиясына тіреді. Шағын баяндама жасаған ректор ол арада арнайы жиылған тілеулес қауымның қатысуымен осы мектепте ашылған Білім-ақпарат орталығының лентасын қиып, оның келешектегі көпшілік игілігі үшін атқаратын жұмыстарына сәттілік тіледі. Шеткері аймақтағы ауданның тұрғындарына бұл орталықтың қажеттілігі шынында да даусыз екенін ұғындық. Оның атқаратын жұмысы төмендегідей мақсаттарды көздейді:
– мектеп оқуышылары мен түлектеріне университет туралы білім беру бағдарламалары бойынша толық ақпарат беру;
– ата-аналарға кеңес беру;
– университетпен қатар жоғары колледж туралы ақпаратпен де қамтамасыз ету;
– оқушылардың онлайн бірыңғай тестілеу курстарына қатысып, грант жеңіп алуға бағыт-бағдар беру;
– аудан бойынша оқушылардың ҰБТ нәтижесіне мониторинг жүргізіп отыру;
– мектеп профориентологтарымен тығыз байланыста болу;
– оқушыларды университеттік жыл көлемінде ұйымдастырылатын олимпиада нәтижесінде бір жылдық грантты иеленуге ықпал жасау, университет мүмкіншіліктерімен таныстырып, оқуға шақыру. Соның арқасында оқуға түсуге талаптанған жастар бұрынғыдай шалғайдағы қалаға сандалмай, құжаттарын осы орталыққа өткізіп, емитиханды да осы жерде тапсыра алады.
Осыдан кейін университет ректоры мектеп директорларымен, ұстаздармен кездесіп, оқушыларды жоғары оқу орнына түсуге әзірлеудің қолайлы жақтары мен толғақты мәселелеріне тоқталды.
Аудандық Мәдениет үйіндегі кездесу салтанаты өнерлі студенттердің концертімен басталды. Содан кейін сахнаға Мұхтар Төлеген көтеріліп, бірқатар адамға өздерінің марапаттарын табыстады. Күршім аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Елеубаевтың омырауына «Абай» медалін өз қолымен таққан университет ректоры осындай ілтипатты ардагер ұстаздар Ә.Қосанбековке, М.Қасымбаеваға, Р.Нұролдановаға, Г.Қожахметоваға да көрсетіп, оларды С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың 70 жылдық мерейтойына арнап шығарылған естелік медальдармен марапаттады. Осыдан соң, ол бірнеше жасқа білім грантын ұсынып, жақсы оқитын студенттердің ата-аналарына естелік сыйлықтар табыс етті. Сөз арасында ректор өзара қарым-қатынастарға оң көзбен қарап, тілектестік білдіріп келе жатқан Күршім ауданының әкімі А.Ақышовқа шын көңілден шыққан алғысын айтты.
Университет десантының ендігі сапары көршілес Зайсан ауданында жалғасатын болады.
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы