Қуыршақтың түр-түрін тамашалады

Облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығында бесқарағайлық қолөнерші Жанар Малекбаеваның көрмесі өтті. Онда келушілердің назарына әртүрлі этнос өкілдерінің киім үлгілері ұсынылды. Бұдан бөлек, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына орай жасалған қолөнер туындылары да қойылды.
– Бала кезімнен бастап өз қолыммен әртүрлі бұйымдар жасағанды жақсы көремін. Негізі мұндай өнер маған анамнан дарыса керек, – дейді ол.
Айта кетейік, Жанар Малекбаева 1982 жылы Бесқарағай ауданы, Үлкен Владимировка ауылында дүниеге келген. 1999 жылы орта мектепті бітірген соң, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде білім алған. Негізгі мамандығы – химик-биолог.
– Алғашқы еңбек жолымды мұғалімдіктен бастадым. Кейін Бесқарағай колледжінде кітапханашы болдым. Сол кезден бері қолөнерге ерекше ден қойдым, – дейді ол.
Бүгінде Жанардың қолынан шыққан қолөнер бұйымдарын Бесқарағайдан, сондай-ақ Семей медицина университетінің қабырғасынан тамашалауға болады.

– Анам Айтжамал Малекбаева жиырма жылдан астам уақыт бойы табан аудармай құқық қорғау саласында қызмет етіп келеді. Алайда анам соған қарамастан қолөнерді еш уақытта тастаған емес. Қолы қалт ете қалса, әртүрлі бұйымдарды жасаумен айналысады. Ал әкем өмірден ерте озды, – дейді Жанар Малекбаева.
Қолөнер шеберінің туындыларына шетелдіктер де қызығушылық танытыпты. Демек, бұл біздің Жанардың қолыннан шыққан бұйымдардың әлем қолөнершілерінен еш кем емес екенін дәлелдейді.
– Ресей мен Татарстан мемлекеттеріне барып, көрме өткіздім. Оған келушілердің қарасы көп болды. Тіпті арасында менің туындыларыма қызығып, сатып алуды ұйғарған жандар да табылды, – дейді ол.
Көрмеде ертегі кейіпкерлері мен әртүрлі этнос өкілдерінің киім-кешектерін киген қуыршақтар келушілердің назарын бірден аударды. Әсіресе, шотланд, үнді халықтарының бұйымдарына қызығушылық танытқандар көп болды.
– Егер жұмыс істеуге зауқым болса, бір қуыршақтың киім-кешегін тігуге үш сағат қана уақыт жұмсаймын. Ал оған қажетті материалдарды сатып аламын, – дейді ол.
«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей қолөнершінің қызы да ана жолын жалғастырмақшы.– Қызым Жанэль бос уақытында жұмсақ ойыншықтарды тігумен айналысады. Ал бауырым Назар болса, құмнан мүсін жасайды, – дейді Жанар Малекбаева.
Ажар Сағатбекова