Мәдениет

Қуыршақ театрын құрып, құрметке бөленіп жүр

Қуыршақ театрын құрып, құрметке бөленіп жүр

Серік Шакеновтің өнер жолына түскеніне биыл 16 жыл болған екен. Сонау 2000 жылы Алматыдағы Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжін бітіргеннен кейін жолдамамен Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласындағы қуыршақ театрында еңбек жолын бастаған ол алыста жүрсе де мойымай, өз ісін беріле істейді. Қасындағы әртістермен бірге аудандарды аралап, мектептерде балаларға арналған қойылымдарды көрсетіп, тек алғыс пен ризашылыққа бөленеді.

Сөйтіп жүріп әскер қатарына алынып, Тараз қаласында Отан алдындағы әскери борышын өтейді. Бірақ осы әскерде жүріп те өнерден алыстамай үрмелі аспаптар оркестрінде қызмет атқарады.

Секеңнің өзінің айтуынша, ол Алматыдағы колледжде оқып жүргенде республикамызға кеңінен танымал Бәйтен Омаров, Маман Байсеркенов, Меруерт Өтекешова секілді өнер қайраткерлерінен дәріс тыңдап, өнеге алған көрінеді.

– Мен Ақтауға барғанда тек қана қуыршақ театрында жұмыс істеумен шектелген жоқпын, сол облыстағы «Дариғай» ән-би ансамблінде де өнер көрсетіп, тәжірибе жинадым. Әскерден кейін Семей қаласында шығармашылық жолымды жалғастырдым. Дегенмен, Семейде көп тұрақтамай өзімнің туған жерім Үржарға келіп мәдениет бөліміне орналастым. Содан бері осы арада тер төгіп, еңбек етудемін. Мұнда ән айту ғана емес, өзімнің жетекшілігіммен құрған қуыршақ театрында режиссер әрі актер болып жұмыс істеймін. Театр репертуарында балдырғандарға арналған оннан аса қойылым бар. Мәселен: «Маймылдың қулығы», «Үш торай», «Алтын балапан» қойылымдарын жеткіншектер сүйсініп көреді. Бірақ айта кететін бір жағдай, штатымызда адамдар аз. Бізге суретші, қуыршақтарға киім тігетін тігінші керек-ақ. Сонымен қатар, ауданда осы саланы менімен бірге тізе қосып дамытатын мамандар тапшы. Бұған икемі бар жастарды оқытып алғанда болар еді. Алдағы уақытта штатымызды көбейтсек деген ойымыз бар, – дейді ол.

Серік аудандағы балалар мен жастар театрында да біраз жыл еңбек етті. Сонымен қатар, ол мәнерлеп оқудың шебері. 2009 жылы Семейде өткен Оралхан Бөкей атындағы байқауда мәнерлеп оқудан жеңімпаз атаныпты. Ал 1997 жылы осы қалада Үржардан барған Майя Бекбаева екеуі, ол ән, Серік әзіл-сықақ жанрынан жеңімпаз атанып, туған ауылдарына олжалы оралған екен.

Серіктің жетекшілігімен құрылған қуыршақ театрын аудан жасөспірімдері жақсы біледі. Сондай-ақ, аталған театр облыстың аудандарына да гастрольге шығып тұруға тырысады. Осыдан біраз жыл бұрын Зайсан, Жарма аудандарын аралап қайтыпты. Сонда ауыл адамдарының балаларға арналған қойылымдарды құштарлықпен қабылдайтынын байқапты.

Өнерімен өңірімізге танымал болған азаматқа алдағы уақытта да талмай талаптанып, ісің өрге баса берсін демекпіз.

Бейсенғазы ҰЛЫҚБЕК.

Осы айдарда

Back to top button