Мәдениет

«Қуыршақ» театрын ашты

«Қуыршақ» театрын ашты

Серік Шәкенов 1997 жылы Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада және цирк колледжін, 2000 жылы Қуыршақ театрын актер мамандығы бойынша бітіріп шықты. Сол жылдың тамызында жолдама бойынша Маңғыстау облыстық қуыршақ театрына жұмысқа орналасып, осында үлкен тәжірибе жинады.
Азғана уақыт ішінде бүкіл облысқа танымал бола білді. Көптеген рөлдерді тамаша сомдады. Отан алдындағы борышын Тараз қаласында өтей жүріп, сол кезде Тараздың 2000 жылдығын өткізуге белсене қатысқаны үшін және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне байланысты сол мезгілде Жамбыл облысының әкімі Серік Үмбетовтің қолынан Құрмет грамотасын алады. Бұл – 2002 жыл болатын.
– Әскердегі міндетімді өтеп болған соң, туған еліме жақындайын деп Семей қалалық Мәдениет сарайына жұмысқа орналастым, – дейді Серік Тәңірбергенұлы. – Мұнда да жаман болған жоқ, табан аудармай бес-алты жыл жұмыс істедім. Біраз рөлдерді сомдадым. Көптеген байқауларға қатыстым. Мәселен, М.Әуезовтің 110 жылдық мерейтойына арналған Семей қалалық көркемөнерпаздар байқауында шеберлік танытып, жоғары деңгейде өнер көрсеткенім үшін Құрмет грамотасын және О.Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің XI облыстық байқауында бас жүлдені жеңіп алдым.
Кейіннен ойлана келе туған жеріме барып, ол жақтың мәдениеті мен өнерін көтеріп, шынайы атсалысқым келді. Сөйтіп, Үржарға оралып, аудандық мәдениет үйіне орналастым. Мен келгеннен бері мұнда «Керуен» театры ашылды. Сонымен қатар жақында «Қуыршақ» театрын аштым. Бұл әрине, аудан балдырғандары үшін.
Серік – шынымен де өнерлі жігіт. Ол басты тұлғаларын сомдаған бірнеше қойылымдарды көрдім. Мәселен, Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер-Ана», Сайд Ахмадтың «Келіндер көтерілісі», Жан Батист Мольердің «Ақымақ болған басым-ай» қойылымдары. Мұндағы өзіне берілген тұлғаларды кереметтей сомдай білді. Көріп отырып әртістің шеберлігіне, қабілетіне шынымен де таңғаласың. Ол сонымен қатар Өскемен қаласында өткен Үржар күндеріне де белсене қатысып, өңіріміздің биік мәдениетін қала тұрғындарына таныта білді. Серік Тәңірбергенұлы – еңбекқор, ізденгіш жігіт. Біз өнерпазға талабың өрлей берсін деген тілек айтамыз.

Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button