Тұрғын үй

ҮЙ БАҒАСЫ ҰШЫНЫП ТҰР

Жанаргүл МҰҚАТАЙ

Бірер айдан кейін күн көзі шығып, көктем келіп,  ел  құрылысқа кіріседі. Тұрғын үй салып жатқан мердігерлердің жұмысы қызады. Торап жолдан алыс, тым шетте жатқан облыс аумағында бір үй салу да, мың үй салу да оңайға соқпай тұр. Себебі, құрылыс материалдары удай қымбат, бағасы барған сайын көтеріліп барады. Материалдардың құны бұлай өсе берсе, салынатын баспаналардың бағасын да көтеруге тура келеді дейді құрылысшылар. Шарықтап жатқан шаршы метрлер. Жаңа тұрғын үйлердің бағасы ғана емес, сапасы, сейсмикалық қауіпсіздігі де халықтың көңілін күпті етіп отыр. 

Қуып жеткізбеген құм

– 2020 жылы біз құрылысқа арналған құмның бір текшесіне  2 700 теңге төледік, 2022 жылы – 4 800 теңгеден сатып алдық, ал биыл құмның бағасы 5 800 теңгеге дейін қымбаттап кетті. Әркімнің де өз бизнесі, өз кәсібі бар екенін біз жақсы түсінеміз. Тауардың өзіндік құнының өсуіне әкеліп соғатын белгілі бір критерийлер бар, шығын көлемі артады, тағы сол сияқты. Бірақ бір жыл ішінде карьер жұмысында еңбекақы 200 пайызға, жанар-жағармай 200 пайызға, пайдалы қазбаларды игеруге салынатын салық та екі есе өсті деп ойламаймын. Бұл өнімді өндіріп отырған субъектінің біз білмейтін қандай да бір шығындары бар шығар. Құм бағасының осыншама қымбаттауына қандай жайт себеп болып отырғанын білсек дейміз,  – дейді шығыста тұрғын үй құрылыстарын жүргізіп жатқан  «Service СМУ» ЖШС басшысы Руслан Шкібаев.

Серіктестік директорының айтуынша, бүгінгі күні облыста негізінен темірбетоннан монолитті үйлер салынып жатыр. Темірбетон материалының құрамына цемент, құм, арматура кіреді. Кәсіпорын өзіне қажетті цементті Бұқтырма цемент компаниясынан қолжетімді бағамен сатып алып отырса, жыл сайын қымбаттап отырған құмның бағасы қуып жеткізбей келеді. Қажетті сападағы құмды шығыста бір ғана кәсіпорын – «Комбинат нерудных материалов» ЖШС өндіреді екен. Аталған өндірушінің өнімінің бағасы соңғы үш жылда 214 пайызға аспандап кеткен.

Коммерциялық және бюджеттік салаларда құрылыс жүргізіп, тұрғын үй коммуналдық құрылысы мемлекеттік бағдарламасы бойынша тұрғын үйлер салып жатқан Өскемендегі «Service СМУ» ЖШС басшысы құрылыс материалдарының бұлайша қымбаттай беруі ақыр соңында үй бағасын көтеруге мәжбүрлейтінін жеткізді.

– Тұрғын үй бағасы барлық бақылаушы органдармен бақыланып, бекітіліп отырады. Баспана бағасын біз жай ғана көтере салғандай болмас үшін, құрылыс материалдары, жұмысшылардың еңбекақысы сияқты барлық тиісті шығындар жинақталып, біріктіріліп, ашып көрсетілсе дейміз. Баспана бағасын көтеру құрылысшылардың ағымдағы жағдайды есепке алмай, нарық конъюнктурасын ескермей жасай салған әрекеті болып көрінуі мүмкін. Алайда іс жүзінде біз де көптеген факторға тәуелдіміз. Егер құрылыс компаниясы баспана бағасын көтеретін болса, сөзсіз халықтың наразылығы туындайды. Бірақ біз жеткізушілеріміздің, құрылыс материалдарын өндірушілердің табысы үшін ғана жұмыс істей алмаймыз. Құр жұмыс істей алмаймыз, қызметтен табыс табу, кіріс кіргізу біздің де жарғыда  жазылған, – дейді ол.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанындағы құрылыс комитетінің отырысында өңірдегі басқа да құрылыс компанияларының өкілдері шикізаттың қымбаттауынан қиын кезеңді бастарынан кешіріп жатқандарын баяндады.

Отандық өнім болғанымен

Карьерді қазып, шұңқырдан шығарып жатқан құмын қымбатқа бағалап отырған «Комбинат нерудных материалов» ЖШС-нің атқарушы директоры Евгений Рунов облыста құмның қымбаттап кетуі жайдан-жай емес екенін айтып, өз уәжін келтірді. Әуелі, 2020-2021 жылдары  кәсіпорындарының қалт-құлт етіп әрең күн кешкенін алға тартты.

 – Біз бағаны ұстап тұруға бар күшімізді салдық. 2023 жылы құмның бағасын былтырғыдан 20 пайызға көтердік, қиыршықтасқа да осыған жетер-жетпес көлемде. Бірақ әрқайсымыздың нарықтық қатал жағдайда жұмыс істеп жатқанымызды, баға әткеншегінің қалай айналдырып жатқанын, соның ішінде құрылыс саласында қандай жағдай қалыптасып отырғанын бәріміз жақсы түсінеміз. Адамдар құм шығарудың шығынын біле бермейді, түсіне бермейді. Ұсақтағышты алып ап, сусыған құмды қалбырлап жинай береді деп қана ұғады. Сөйтіп, құмды удай қымбат бағаға сатып жатыр деп ойлайды. Біздің өндірістің технологиясы өте күрделі. Егер адам кәдімгі карьерді қазып жатса, оның жұмысы екі құрамнан: құмды экскаватормен ұңғып, қазып алып, көлікке тиеп, ұсақтағышқа апарудан тұрады. Ол апарған құмын қалбырлап, одан дайын құм алады.  Біздің өндірісіміз бұдан өзгеше, ол адам жұмыс істеп жатқан жағдайға жету үшін алдымен біз шикізатты 20 метр тереңдіктегі судың астынан алып шығамыз. Одан соң ол тұнбаны тасымалдап өңдеуге жеткіземіз. Біздің жұмыс үдерісіміз басқаша, шығыны көп, – дейді Евгений Рунов.

Комбинаттың атқарушы директоры айтқандай, өндіріс сағатына 3-3,5 мың киловатт сағат электр энергиясын пайдаланады, ал 2020 жылдан бері электр қуатының бағасы үш рет өскен. Осы аралықта жанар-жағармай мен лак, бояудың бағасы да айтарлықтай көтерілген. Кәсіпорындағы қытайлық арнайы техникалардың қосалқы бөлшектері 30-50 пайызға қымбаттап, жөндеу базасының қызмет ақысы 37-56 пайызға артқан. Серіктестік жұмысшыларының еңбекақысы 25 пайызға өскен. Айта берсек, құмның бағасын көтерудің себептері көп көрінеді. Оған қоса енді кәсіпорынның техникаларын жаңалап, құрал-жабдықтар сатып алуды жоспарлап отырған жайы бар.

Қазақстанда құрылыс қарқын алған сайын материалдар үсті-үстіне қымбаттап барады. Пандемияға дейін құрылыс материалдарының бағасы маусым кезінде, көктем мен жазға салым көтерілетін болса, соңғы жылдарда ол тоқсан сайын түрленетін болған. Импорт болса, импорт дейміз, Ресейден келеді, шеттен келеді, сосын қымбат дейміз. Өзімізде шығарылып жатқан кәдімгі құм мен қиыршықтастың аспандап жатқан бағасы анау.

Облыста сапалы құрылыс материалдарын өндіретіндердің саны көбейіп, бәсекелестік туса, тым болмаса, төрт қабырғаны көтеруге қажетті осындай қарапайым отандық материалдардың бағасы тұрақтанып, баспаналардың  бағасымен қатар сапасы да көңілдегідей болар еді.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанындағы құрылыс комитетінің отырысында комитет мүшелері тарапынан құм бағасының қымбаттауын ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасып, жеңілдіктер жүйесін қалыптастыру есебінен, құрылыс құмын өндіретін басқа компаниялармен ұзақ мерзімдік байланыстар орнатып, еркін бәсекелестік орта құру арқылы тұрақтандыру турасында тілек, ұсыныстар  айтылды.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасында құрылыс, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, туризм тағы да басқа салалардың проблемалары мен түйткілдерін көтеріп, шешетін түрлі салалық комитеттер кеңесі жұмыс істеп жатыр. Әр саланың өкілдері өздеріне түсінікті өз халдерін өздері түзеп, өздері реттейді. «Атамекен» ҰКП өңірлік палатасының директоры Кайрат Мамырбаев кәсіпкерлерге осы комитеттер арқылы өз салаларының мәселелерін талқылап, шешуге белсенділік танытуға шақырады. Комитеттердің тиімділігін арттыру мақсатында комитет отырысының күн тәртібі, онда көтерілген өзекті мәселелер  WhatsApp- чат арқылы таратылып, кәсіпкерлермен кері байланыс орнатылады.

 

Осы айдарда

Back to top button