Уварова ауылындағы достық үйі

Уварово ауылында Глубокое ауданының Достық үйі ашылды. Оның салтанатты ашылуына аудан әкімі Қалихан Байғонысов, ауыл ақсақалдары, мәдени орталықтардың өкілдері, тұрғындар қатысты.
-Қазақстан бұл күндері әлем мойындаған елге айналды. Қазақстанда тұратын ондаған ұлт өкілдері достық пен татулықты, ынтымақты басты ұранына айналдырған, біздің Глубокое ауданында 50-ден астам ұлт өкілдері тұрып жатыр. Биыл аудан тұрғындары үшін табысты болды. Астықты уақтылы жинап алдық. Тұңғыш Президент күні ерлі-зайыпты Тоқтаровтар Алтай кентінде 20 миллион теңгеге бала бақша салып берді. Сондай-ақ таяуда ғана Прогресс ауылында тағы бір іскер азаматымыз А.Дель 30 миллион теңгеге бала бақшаны пайдалануға берді. Аудан орталығында тарихи өлкетану мұражайы ашылды. Бүгінгі таңда ауданда «Менің мектебім» акциясы жүріп жатыр. Ауданның белгілі азаматтары Н.Кузьмин, Ф.Абитаев, В.Кошелов, Л.Цыбенко, басқа да іскер азаматтар өздері білім алған мектептерге қаржы аударып жатыр. Жалпы алғанда, аудан кәсіпкерлері 2022 жылға дейін «Менің мектебім» акциясына қарасты «Парыз» қорына 192 миллион теңге қаржы аудармақ. Ал бүгінгі Уварово ауылындағы Достық үйінің ашылуы есте қалмақ. Ауылдағы қоғамдық кеңесті Лика Бозтаева 30 жылдан бері басқарып келеді. Сіздердің қуаныштарыңыз құтты болсын, ел аман, жұрт бақытты болсын,-деді аудан әкімі. Бұдан кейін үздіктерге Алғыс хат пен аудан әкімінің грамоталарын табыс етті.

Достық үйіне жиналғандар ақжарма тілектерін айтты. Глубокое аудандық Достық үйінің директоры Жанар Қабидоллақызы аудан әкіміне алғысын айтып, қоғам белсенділеріне сыйлықтарын тапсырды. «Салалық мәдени, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіп одағы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының директоры Түсіпхан Түсіпбеков, Уваровадағы қоғамдық кеңес төрайымы Лика Бозтаева, этно-мәдени орталықтардың басшылары ақжарма тілектерін айтты. Бұдан кейін ән мен биге кезек тиді.
Оңдасын Елубай
Глубокое ауданы.