Білім

Ұстаздың ұлы жолын шарлап қайттық

Өмірінің жарты ғасырға жуық уақытын ұстаздық қызметіне арнаған Қанипа Омарғалиқызындай өз жұмысына ғашық адам кемде-кем. Ұстаз «Егіз өрім» деп аталатын жинағында 45 минуттан 45 минутка дейін жалғасып жатқан өмірінің тіпті қалай өткенін байқамай қалғаны туралы да ашып айтады. Қасиетті мамандыққа бүкіл ғұмырын арнап, аппақ жүрегін халықтың баласына ұсына білген Қанипа Бітібаеваның еңбегі ұстазға «Дәуір ұстазы», «Ұлт ұстазы», «Ұстаздықтың падишасы», «Қазақтың Қанипасы» сынды атақтар берді.

«Шығыс» өңірлік орталығының ұйымдастыруымен Өскемен қаласында «Ұлт мақтанышына айналған Қанипа Бітібаева – қазақ мектептерінде әдебиетті оқытудың әдістемесі мен жаңа технологиясын қалыптастыратын әдіскер-ұстаз» өңіраралық педагогикалық оқулары өтті. Заманауи білім беру жүйесінде қазақ әдебиеті пәнінен Қ.Бітібаеваның технологиясы негізінде жаңашыл ізденістегі, шығармашылықпен жұмыс істейтін педагогтардың іс-тәжірибесімен танысу, ұстаздың әдебиетті оқытудағы ерен еңбектерін насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отырған педагогикалық оқу екі бөлімнен тұрды. Аталмыш іс-шараға Астана, Алматы қалалары мен Павлодар, Жетісу, Абай, Шығыс Қазақстан облыстары жоғары оқу орындарының оқытушылары мен орта мектептердің пән мұғалімдері қатысты. Сондай-ақ Қанипа Бітібаеваның республикалық ғылыми-әдістемелік зертханасының жетекшілері де еліміздің түкпір-түкпірінен келіп, жұмыс істеп жатқан зертханаларының жетістіктерінен хабардар етті.

Педагогикалық оқудың пленарлық бөлімінің ашылуында Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің студенттері «Дәуірдің дара ұстазы» атты әдеби-музыкалық қойылым қойды. Қанипа Бітібаеваның әдебиетке қалай келгені көрсетіліп, Хан-апаға арнап өлең шумақтары да оқылды. Ұйымдастырушылар тарапынан педагогикалық оқудың ерекшеліктері жайында алғы сөз айтылып, архивтерден бейнебаяндар да көрсетілді.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айбек Оралқанов «Ұстаз – оқушының рухани досы» тақырыбында баяндама оқып, Қанипа Бітібаеваның педагогикалық іс-тәжірибесіндегі оқушымен рухани байланысы жайында өз ойын білдірді. Хан-ападан білім алған Айбек Тілеубекұлы тек білім жолында ғана емес, өмір жолында да бағыт-бағдар берген ұстазына ризашылығын жаудырды. Даңқты ұстаз туралы естен кетпес естеліктерін айтып, Хан-апамен бірге өткен қызықты сәттерімен де бөлісті. Жетісу облысынан келген педагог-шебер Айман Қабдығалиева «Қ.Бітібаева технологиясы және инновациялық жобалар: Тәжірибе. Идея. Нәтиже» баяндамасында көптеген тың ақпараттар айтып, өз зертханаларында атқарылып жатқан жұмыстарымен бөлісті. Қазақтың Қанипасынан естіген ақылдарын есіне алып, жиналған қауымға баяндап берді.

С.Аманжолов атындағы ШҚУ «Абайтану» институтының директоры Айжан Картаева «Қанипа Бітібаева – қазақ әдебиетін оқытудың реформаторы» тақырыбында өз ойын ортаға салды. Даңқты ұстаздың әдіс-тәсілдерінің қазіргі кездегі қолданыстарын айтып, Қанипа Бітібаева жайында қызықты ақпараттармен бөлісті. Қанипа Бітібаеваның көзін көрген, дәрісін тыңдап, білімін алған кешегі оқушылардың барлығы – бүгінгі таңда білім саласында ойып тұрып орын алатын мамандар. Соның бірі –филология ғылымдарының магистрі, Абай атындағы ШҚГК ұстазы Жанна Дәуітова атаулы кабинеттің қазақ тілі мен әдебиетті оқытудағы атқаратын рөлі туралы айтып берді. Колледж студенттері өтетін сабақтың кез келгені Бітібаева әдістері арқылы жүзеге асатынын жасырмады. Ал дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының ұстазы, ғылым магистрі, зертхана жетекшісі Меруерт Мұқашева жоғарыда айтылған ойлардың барлығын қорытындылап, ұстаздың «Ой тастау, ойланту, ойлау» технологиясына тоқталды. Секциялық бағытта баяндама оқитын ұстаздарға сәттілік тілеп, сабақта әдіс-тәсілдерді қолданудың маңызы жайында да өз ойын білдірді.

Сондай-ақ ұйымдастырушылар алыс-жақыннан келген мұғалімдерді Хан-апаның мұражайымен таныстырып, арнайы сақтаулы тұрған еңбектерін көрсетті. Секциялық бөлімде  Қанипа Бітібаеваның ұстаздық тағылымы және жаңартылған білім беру мазмұнында оқытудың өзекті мәселелеріне байланысты баяндамалар оқылды. «Ой, ойлану барлық пәндерге де керек…» деген атаумен ұстаз технологияларының тиімділігі туралы да мұғалімдер іс-тәжірибемен бөлісті. Сондай-ақ Қанипа Бітібаеваның педагогикалық идеяларының жас ұрпақты тәрбиелеу кезіндегі рөлін жеткізген білім берушілердің қатары көп болды.

Тек білім беріп қана қоймай, шәкірттің жүрегіне жол таба білген ұстаз оқушыларының мәңгі есінде қалары анық. Қазақ педагогикасын өрге сүйреген өр тұлғаның құрметіне ұйымдастырылатын әрбір шара ұстаздардың жарқын болашағына жол сілтері хақ.

Данагүл Оралбай,

Төлеубай Аманов атындағы

№16 мектептің мұғалімі

Семей қ.

 

Осы айдарда

Back to top button