Өнегелі өмір

ҰСТАЗДАРДЫҢ – ҰСТАЗЫ, СОЛАРМЕН ӨТКЕН ҚЫС-ЖАЗЫ

Серік ҚҰСАНБАЕВ

Бір адамдар болады, тірі жүрсе де мына өмірде жоқ секілді. Бәлкім, «жоқ секілді» дегеніміз құлаққа жағымсыздау естілер. Бірақ шындығы сол. Ондай жандардың бар-жоғы белгісіз. Өздерін көп ешкім іздемейді де. Себебі олардан қоғамға да, заманға да ешқандай пайда жоқ. Олар өзімен-өзі, жайбарақат ғана, қарабасының қамын күйттеп, ішіп-жегеніне мәз боп жүре береді.

Енді осыған мүлдем кереғар, күнделікті қоршаған айналасында, қоғамда, саяси аренада, тіпті көрші мемлекеттерде, қала берді күллі әлемде не боп, не қойып жатыр, бәрін естіп-біліп қана қоймай, солардың қайсыбіріне білегін сыбанып жіберіп араласып, өзіндік үнін қосып отыратын, жүрген жерінде үнемі бір жаңалықтар ойлап тауып, тың бастамалардың авторы, көшбасшысы боп, қалғып жүргендер болса түртіп те, сілкіп те оятып жүретін, өз жанын өзі жеген, ешқашан тыным тауып жатпайтын, бір істі бастаса, соны аяғына жеткізгенше дамыл көрмей шапқылап, бойындағы энергиясы арнасына сыймай тасып-төгіліп жүретін жандар болады.

Жақсының жақсылығы айтылған кеш

Осындай, таңның атысынан күннің батысына дейін тыным таппай, «Қайткенде қоғамға бір пайдамды тигізем, қайтіп айналамды гүлдендірем, тағысын-тағы?!.» деп жүріп 70 жасқа жетер-жетпесте татар дәмі таусылып, күллі Шығыс жұртын күңірентіп кеткен жандардың бірі, жоқ бірегейі, тек оқушылардың ғана емес, ұстаздардың да ұстазы атанған Таңатқан Түменбаев болатын. Иә, осыдан бір жылға жуық уақыт бұрын ұлтым деп соққан ұлы жүрек мәңгілікке тоқтаған. Қаралы хабарды естіп, төбесінен жай түскендей болған туыс-туған, бала-шаға, құда-жегжат, дос-жаран, әріптестер көз жасына ерік беріп, асылын жылап жоқтаған. Жылай жүріп басын да көтерген.

Содан бері арада бір жылға жуық уақыт өтсе де, Тәкеңнің орны ойсырап қалды. Бұл ойсырау жыл сайын күздігүні аталып өтетін ұстаздар мерекесінен бастап, Қарттар күнінде де, елімізде өткізілген Президент сайлауы мен Республика, Тәуелсіздік күндерінде де, дәстүрге айналып кеткен Жаңа жыл мерекесі дейсіз бе, сондай-ақ өзге де ірілі-ұсақты мереке-думандарда да, туыс-туған, дос-жарандар мен үйдегі басқосулардың барлығында да байқалып тұрды. Себебі осы аталған мерекелер мен мәдени іс-шаралардың бір де біреуі Таңатқан Қалибекұлынсыз өткізілмейтін.

Тәкең мұндай шараларға көптің бірі ретінде жәй қатысып, мәртебелі мейман боп төрде отырмайтын. Ол кісі сол шаралардың барлығының алдын ала өзі бас боп сценарийін жазып, ұстаздары мен оқушыларын жұдырықтай жұмылдыра отырып: «Барлық шаралардың қалай, қай жерде, кімдердің қатысуымен, қандай деңгейде өтуі керек?» түгел-түгел әлденеше мәрте тәптіштеп, пысықтап, шашау шығармай, бір сөзбен айтқанда «тастай» етіп қоятын.

Жақында осыған ұқсас бір мәдени шара О.Бөкей атындағы №44 мектеп-лицейінде өткізіліп, жиналғандарды бір жылатып, бір күлдірді. Ұқсас дейтін себебіміз, бұл шараның басында Тәкеңнің төл шәкірттерінің үздігі, қазіргі лицей директоры Жаңыл Қайырбекқызы өзі тұр.

Сосын, сол істің басы-қасында жүргендердің қай-қайсымен болмасын тілдесе қалсаң:

 Таңатқан Қалибекұлы көзі тірісінде бүкіл мәдени іс-шараларды дәл осылай, шашау шығармай, тап-тұйнақтай қылып, тәп-тәтті етіп өткізуші еді,  дейді Тәкеңнің көзін көрген, сөзін тыңдаған, ұзақ жылдар бойы иықтаса жүріп еңбек еткен әріптестері, шәкірттері…

Ал жиналған жұрттың бір күліп, бір жылағанына келер болсақ, ол жерде Тәкеңдей біртуар-жақсының жақсылығы айтылды. Ол кісінің өз ісіне деген, жалпы, мектеп деп аталатын қасиетті де, қастерлі білім ұясына деген көзсіз сүйіспеншілігінен бастап, осы салада атқарған ізгі істері, азаматтығы мен биік парасаты, балаларына қандай әке, зайыбына қандай жар, немерелеріне қандай ата бола білгендігі, достыққа деген адалдығы, әріптестеріне, оқушылары мен олардың ата-аналарына деген шексіз құрметі, сондай-ақ екінің бірінде бола бермейтін сан қырлы асыл қасиеттері сөз етілді. Осыншама игі-істердің басы-қасында болып, көпшіліктің жүрегінен өшпестей орын алған, болашақ арманы ат басындай азаматтың жүріп өткен өмір жолы кімге болса да үлгі-өнеге болары, көрген көзді де, естіген құлақты да қуантары сөзсіз. Ал сондай атпал азаматтың өмірінің ең сәулелі, ең мәуелі шағында, немере-шөберелерінің қызығы мен қылығына тоймай отыратын шат-шадыман шағында шорт үзілгені – жүрегі бар жандарды жылатпай қоймаған еді.

Аталмыш шара – белгіленген күні, бекітілген уақыттан не әрі, не бері ауытқымай өте мұқият жазылған сценарий бойынша білім беру ісінің үздігі, білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері, 1998-2019 жылдар аралығында Оралхан Бөкей атындағы 44 лицейінің директоры болған ұлағатты ұстаз, білікті басшы Түменбаев Таңатқан Қалибекұлының атындағы арнайы кабинеттің ашылуынан басталып кетті.

Жұлдыздай секілді едің сөнбейтұғын…

Негізі, Тәкеңнің Өскемен педагогикалық институтынан оқып алған мамандығы орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімдігі екен. Сондықтан ұлағатты ұстазға арнап ашылған кабинеттің де негізгі басымдықтары орыс тілі мен әдебиеті пәніне, оның шығу тарихына, ерекшеліктері мен жан-жақты артықшылығына берілген екен. Шараны ұйымдастырушылар Т.Түменбаев атындағы кабинеттің салтанатты ашылуының тұсауын марқұмның зайыбы, 40 жыл ұстаздық еткен Гүлнәр Қайдарқызы мен  Таңатқан Қалибекұлымен бірге қызмет атқарған зейнетер, ардагер ұстаз Лидия Азанғұлқызына кескізуді мақұл деп біліпті. Сценарий жазушылардың бұл таңдаулары айтып-айтпай өте сәтімен табылған ұсыныс болған екен.

Шараның екінші бөлімі аталмыш мектеп-лицейдің бір бөлмесіне орналасқан шағын ғана мұражайында, осы лицейдің ұстазы, ақын Жұлдызай Маратбекованың:

« Мектеп деп барын салды көрмей тыным,

Жұлдыздай секілді еді сөнбейтұғын.

Бойында тектілік пен кербездік бар,

Артынан артық сөз де ермейтұғын.

«Ғалымның хаты өлмейді» деген сөзді,

Жан болмас бұра тартып жөндейтұғын.

Ағамыз болмысымен дәлелдеп тұр,

Жақсының аты мәңгі өлмейтінін», – деген жыр жолдарымен жалғасты.

Ол жерде ұлтымыздың ежелгі тұрмыс-тіршілігінде қолданған түрлі заттардан бастап, Оралхан Бөкейдің өмірбаяны, шығармалары, осы білім ұясында әр жылдары қызмет еткен ұстаздар жайлы мәліметтер, сондай-ақ «Отан үшін от кешкендер» деп аталатын екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбын қамтитын жәдігерлер, фото-суреттер, т.б. қойылыпты.

Таңатқан Қалибекұлының қысқаша өмірбаяны мен әр жылдары мемлекеттен алған марапаттары, естелік суреттері мен пайдаланған заттары да осылардың қатарынан орын алған екен. Бұрыштың лентасын кесу құрметі ардагерлер алқасының төрағасы, Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы Әлібек Нұрмұхаммедов ақсақал мен Өскемен қалалық мәслихатының  депутаты Оралхан Тлеукеновке көрсетілді.

Білім ұясының акт залында өткен «Өшпейтін із қалдырған ұстаз» атты кітапшаның тұсаукесер рәсімін Таңатқан Қалибекұлымен ес білгеннен бері бірге жүріп, бірге тұрған, тіпті әскерге де бір күнде аттанып, бір күнде оралған, бір-бірінен ажырап көрмеген әрі досы, әрі көршісі болған ғылым докторы, профессор Жақсыкелді Нәзбиев пен осы жолдардың авторы, ақын, журналист Серік Құсанбаев жасады.

Үш түрлі тұсаукесер рәсімінің соңы лицей оқушыларының тамаша концертіне, Таңатқан Қалибекұлының зайыбы Гүлнар Қайдарқызының, профессор Жақсыкелді Нәзбиевтің, Әлібек Нұрмұхаммедов ақсақал мен Оралхан Тлеукеновтің, басқа да көзкөрген әріптестерінің жүрекжарды естеліктеріне ұласты.

 Иә, Таңатқан Қалибекұлы өткен жылдың  жазында ойламаған жерден арамыздан қош деп айтуға да шамасы келмей, о дүниеге аттанып кете бармағанда, биыл наурыздың тура 22-сі күні адам өміріндегі салиқалы жастың бірі 70-ке толар еді, – дейді Тәкеңнің ұстаздық, басшылық саладағы шәкірті О.Бөкей атындағы №44 мектеп-лицейінің директоры Жаңыл Қайырбекқызы. – Біз бұл шараға әзірлікті жарты жыл бұрын бастаған болатынбыз. Мен үшін Өскемендегі, тіпті бүкіл облыс мектептерінің директорлары бір төбе болса, Таңатқан Қалибекұлының орны бір бөлек, ерекше. Олай дейтінім, ол кісінің мектеп ұжымына басшылық ету стилінің өзі өзгелерге мүлдем ұқсамайтын. Ол кісі «Мен директормын!» деп кеудесін көтерместен қоластындағы ұстаздармен де, оқушылармен және олардың ата-аналарымен де, тіпті қаладағы басқа білім ұяларымен де оңай тіл табысып, өте тығыз байланыста, қоян-қолтық араласып жұмыс істейтін. Жыл он екі айда жұмысқа үнемі ерте келіп, кеш қайтатын.

Көп мектептердің қатарындағы мектебімізді білім сапасы, бірыңғай мектеп формасы, спорттық жетістіктері, оқушылардың тәлім-тәрбиесі, өнер коллективтері және т.б. жан-жақты қабілетімен өзгелерге үлгі-өнеге ете жүріп лицей лауазымына алып шықты. Лицейіміздің іші-сыртының көркемдігі, жыл сайынғы жүргізіліп тұратын жөндеу жұмыстары, ауламыздың келген адамдардың көзінің жауын алар ажары, бәрі-бәрі Таңатқан ағамыздың сіңірген еңбегінің бір парасы ғана.

Осы шараны Таңатқан Қалибекұлының 22 наурыз күнгі 70 жылдық құрметіне арнайы ұйымдастырдық. Әлгінде өздеріңіз тұсауын кескен «Өшпейтін із қалдырған ұстаз» атты шағын кітапшаны әріптестерім Н.Садықова, К.Шүленова және мен үшеуіміз құрастырып, баспаға әзірледік. Жалпы, шарамыздың өнбойында шама-шарқымыз келгенше ол кісіге қатысты деректердің бәрін қамтуға тырыстық. Көп көңілінен қаншалықты шыға алдық, оны өздеріңіз айта жатарсыздар?!

Былтыр ғана Наурыз мерекесінде ортамызда күліп-ойнап тілегін айтып, бәрімізді күлдіріп, «Келер жылы осы күні менің 70 жасымды дүркіретіп тойлаймыз!» деп еді. Кім ойлаған, осылай болады? деп.

Иә, «Жақсының өзі өлсе де, сөзі өлмейді, халқына жасаған ісі өлмейді» деген осы болар.

« Жазылар естеліктер мен туралы,

Біреулер жан еді дер өр тұлғалы…», – деп ақиық Мұқаң (Мұқағали) айтпақшы, осы кеште де Таңатқан Қалибекұлы жайлы көп естеліктер айтылды. Болашақта да айтыла жатар.

Лицей ұжымы мен оқушыларының Таңатқандай ұлы ұстаздарына деген құрметі мен сүйіспеншілігін, арада әлі жыл өтпесе де сүйікті ұстаздарына деген сағыныштарын көре отырып, Тәкеңдей асыл азаматтың аты өшпейтіндігіне көзіміз жетті.

Осы айдарда

Back to top button