Өнегелі өмір

Ұстаз ұлағаты

Хасен Зәкәрия, Күршім

Кез келген ұжымда жұртты қарымды қадамға жетелеп, береке-бірлікке бастайтын, қашанда өзгелерге үлгі-өнеге көрсетіп, келешекке жол сілтеп жүретін адамдар болады.  Мұндай белсенді жандардың осы ұжымдағы жетістіктер мен табыстарға тікелей себепкер болатыны да түсінікті.

Алғабас орта мектебінің химия пәнінің мұғалімі Айгүл Кәрімбаеваны осындай жандардың қатарына қосуға әбден болады. Ширек ғасыр бойы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары міндетін абыроймен атқарып келе жатқан Айгүл Қожаханқызының осы білім ордасындағы орны қашанда ерекше. Кезінде өзі білім алған мектепте табаны күректей 38 жыл бойы тер төгіп келе жатқан тәжірибелі ұстаздың айтары қашанда мол.

– 1985 жылы Өскемен пединститутын жақсы оқып тәмамдадым, – дейді Айгүл Қожаханқызы бізбен әңгімесінде. – Диплом қолға тиген бойда Күршімге қайтып оралған мені аудандық білім бөлімі Аманат ауылындағы Мөнекей сегізжылдық мектебіне мұғалім етіп жіберді. Онда бір жыл шәкірттерге химия пәнінен сабақ бердім. Келесі жылы сол кездегі Совет орта мектебінде орын босады да, туған ауылыма келіп, биология мен химия пәндерінен дәріс бере бастадым.

Бұл мамандықты таңдауыма себепкер болған, химияның ғажайып құпияларына бойлата білген өзімнің сүйікті ұстазым, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мұғалімі Тамара Құсманова апайыма айтар алғысым мол. Сол ұстазымның тәлімін жалғастырып, өзім білім алған мектепте тер төгіп, қаншама шәкірттің өмірден өз орнын табуына үлес қосып келе жатқаным – мен үшін үлкен қуаныш!

Осылайша, талапты жас А.Кәрімбаеваның бүгінгі таңда қырық жылға таяп отырған ұстаздық жолы басталды. Химия – қиын да күрделі пән, бірақ тәлімгер ұстаз өз шәкірттерінің ынтасын арттырып, аталған ғылымға деген құштарлығын оята білді. Соның нәтижесінде оның тәлімін алған ауыл балаларының арасынан небір жүйріктердің шығып, өздерін білім атты кең айдында жақсы қырынан таныта білгені де шындық. Мәселен, Айгүлдің химия пәніне ерекше құштарлық білдіріп, оны үздік меңгерген Жанар Науқанбаева, Айнаш Зейнолдина сияқты талапты шәкірттері мектепті қызыл аттестатпен бітірді, тағы бір үздік оқушысы Әнел Ауғанбаева Алтын белгі иегері атанды. Ол қазір С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың екінші курс студенті. Ал апайларына барынша еліктеп, химия пәнінен үздік нәтиже көрсеткен Ақмарал Қабанбаева мен Ақбота Бақытханқызы қатарлы шәкірттері келешегінен көп үміт күттіретін дарынды жастар ретінде танымал.

– Айгүл апай – шын мәнінде, біздің арқа сүйер тірегіміз, – деп өз пікірін ортаға салды Алғабас орта мектебінің директоры, жас та болса талай іске бас болып жүрген Аян Кенжеханов. – Қай істе болмасын біз ол кісімен кеңесіп, тәжірибелі ұстаздың ой-пікіріне құлақ қойып отырамыз. Айгүл Қожаханқызы ешуақытта «шаршадым, жалықтым» демейді, білгенін үйретіп, әрдайым осындағы іс-шаралардың басы-қасынан табылып жүреді. Ол кісінің елгезектігі мен қажымайтын қайсарлығына шынымен тәнті боламыз.

Директордың бұл пікірін А.Кәрімбаеваның әріптесі, физика пәнінің мұғалімі, осы мектептегі  кәсіподақ ұйымының төрайымы Л.Қалиева да қуаттап, Айгүлдің еңбегінің шынында да ерекше екендігін атап айтты.

– Айгүл – өз пәнінің нағыз маманы, – дейді Луиза. – Оның шәкірттерге өте құнды тәлім, тиянақты тәрбие беріп келе жатқанына бүкіл ұстаздар қауымы куә. Ал мұғалімдерге бағыт-бағдар берудегі ісінің қаншалықты нәтижелі екендігін өз басым күнде көріп жүрмін.

Ұлағатты ұстаздың еңбегі бағаланбай қалған жоқ, ол әрдайым алдыңғы лектен бой көрсетіп, білім саласы басшыларының құрмет-қошеметіне бөленіп келе жатыр. 2014 жылы А.Кәрімбаева облыс әкімінің Құрмет грамотасын иеленді. Сонымен бірге ол «Ауданның үздік мұғалімі» атағына қол жеткізді. 2018 жылы Айгүл Қожаханқызы ұстаздар арасындағы «Педагог-зерттеуші» санатына ие болды. Ал 2019 жылы облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталғаны да тегін болмаса керек. Ұстаздық іс-тәжірибесі облыс, республика көлемінде насихатталып жүрген А.Кәрімбаева аудандық пән олимпиадаларына төрағалық ететін комиссияның тұрақты мүшесі ретінде жиырма жыл бойы белсенділік пен әділдіктің жақтасы болып келе жатыр.

Жуықта өзінің алпыс жасқа толған мерейтойын атап өткен Айгүл Қожаханқызы құдай қосқан қосағы Тілеубек екеуі ұл мен қызды дүниеге әкеліп, саналы тәрбие берді. Балалары да үздік білім алып, өмірден өз орындарын тауып, әр таңда ата-аналарын жетістіктерімен қуантып отыр. Ал осы қос перзентінен сүйіп отырған немерелері – ата-әжелерінің көз қуанышы, шыңға шырқар шабыт беретін шамшырақтары.

 

Осы айдарда

Back to top button