Бәрекелді

Ұстаз бен шәкіртінің еңбегі ақталды

Еліміздің Орталық мемлекеттік музейінің ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында «Менің қаламымдағы музей»  республикалық ғылыми жоба байқауы өткізілді. Білім бәйгесіне қатысқан Өскемендегі дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының 10-сынып оқушысы Әйгерім Қасейінқызы бірінші орынды жеңіп алды.

Жүлделі болған ғылыми жобаның тақырыбы «Қанипа Бітібаеваның мұражай-кабинеті ұстаздың педагогикалық мұрасының муза сарайы» деп аталды. Дарынды қыз бұл еңбегін Жамбыл атындағы мектеп-гимназия-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Қарлығаш Сағиеваның жетекшілігімен қорғады.

Ұлт ұстазы Қанипа Омарғалиқызының педагогикалық мұрасы, өмір жолы, ерен еңбегі Әйгерімнің қызығушылығын ерте оятқан. Жүлделі орын иеленуінің басты себебі де осы болса керек.

Қанипа Бітібаева – қандай қиындық болса да мойымаған, болашаққа бағдар жасап, тарихта өшпес із қалдырған бірегей тұлға. Облыста ұстаз мұрасына арнап ашылған тұңғыш мұражай-кабинеті бар, ол оқушылар мен жас зерттеушілерді, музей қонақтарын өзіндік ерекшелігімен тәнті етеді. Ұстаз атындағы мұражай-кабинеттің жұмысын насихаттау барысында республикалық инновациялық-педагогикалық идеялар фестивалінде Қарлығаш Советқызы жүлделі орын иеленді. Қанипа Омарғалиқызының педагогикалық мұрасы виртуалды мұражайы форматында жасалып, ұстаздың өзіндік қолтаңбасын, еңбегін насихаттайтын «Жылжымалы керуен» республика көлемінде онлайн жүйесінде таныстырылған.

Қанипа Омарғалиқызы Бітібаева атындағы мұражай-кабинетке қойылған мұрағат деректері, дидактикалық материалдар, ұстаздың марапаттары – педагогика әлеміндегі қайталанбас тұлғаның жанкешті еңбегінің жемісі.

Осынау аты аңызға, өзі құбылысқа айналған біртуар тұлғаны дәріптеп, жоба қорғаған Әйгерім Қасейінқызының жүлделі І орынды иеленуі ұстаз бен шәкірт еңбегінің ақталғаны деп білеміз.

Ел құрметіне бөленген, өз ісінің хас шебері, «Құрмет» орденінің, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Қанипа Бітібаеваның еліміздің білім беру саласына сіңірген еңбегі еңбегі ерен, орны ерекше еді.

Бақытгүл Ауғанбаева,

Дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты директорының инновациялық жұмыстар жөніндегі орынбасары

Осы айдарда

Back to top button