Қоғам

ҰШҚАН ҰЯМДЫ ҰМЫТПАЙМЫН

Мен өз мамандығымды және түсетін оқу орнымды осы  орталықта тәрбиеленген кезімде таңдадым. Логопед мамандығына түсуге үмітімді оятқан да осы орталық еді. Мамандық таңдау – өте маңызды іс. Өйткені біз өзіміз таңдаған мамандық саласында өмір бойы қызмет атқарамыз. Осынау көп мамандықтың ішінде жан-жақты білімділікті, мейірімділікті қажет ететін мамандық – ұстаздық.

Атақты ғалым да, дәрігер де,  ұшқыш та, темірді балқытқан кенші де, орақ тілді ақын да, маңдай терін төгіп жер салған диқан да – барлығы осы ұстаздан тәлім-тәрбие алды емес пе? Мен таңдаған мамандықтың қиындығы мен жауапкершілігі зор екенін білемін. Болашақта осы мамандықты терең игеріп,  шәкірттерімнің дұрыс сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға,  үміт пен өзіне деген сенімін ұялатуға өз үлесімді қосқым келеді.

«Бала жүрегі – кішкентай  күйсандық. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кезде сол кілт  тұру керек», – деп ақын  Мұхтар Шаханов атамыз айтқандай,  әр баланың жүрегіне жол табу, бала бойындағы дарынды ашу кез келген адамның қолынан келе бермейді.

Менің бойымдағы талабымды байқап, әдебиетке деген қызығушылығымды оятып, ана тілді сүюіме ықпал еткен ұстазым әрі дефектологым – Индира Тасболатқызы Нысамбаева. Ұстазым мені мәнерлеп оқуға төселдіріп, әрбір шығарманы жеңіл қабылдауыма барын салып, көркемсөз оқу байқауларына  қатыстыратын. Мені өз қызындай көріп, ақылын айтып, білмегенімді үйреткен осы жанның  орны мен үшін ерекше.

Кешегі орталықта  өткізген әрбір күнім, қайта айналып келмес балалық мекенім бүгінгідей көз алдымда. Орталығымызда  тәрбиелік мәні зор мәдени іс-шаралар жиі өткізіліп, бірде-бір атаулы күндер ескерусіз қалмайтын. Атап айтсам, Оралхан Бөкейге, Ахмет Байтұрсыновқа, Абай Құнанбайұлына, Фариза Оңғарсыноваға, Мұқағали Мақатаевқа, Қадыр Мырзалиевке,  Қасым Аманжоловқа, Роза Мұқановаға, Мұхтар Әуезовке, жерлесіміз Әмина Өмірзақоваға, Ыбырай Алтынсаринға, саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған кештерде ақын  шығармаларын  мәнерлеп жатқа  оқу, «Аққулар ұйықтағанда», «Мәңгілік бала бейне», «Асыл шөп», «Апамның әңгімесі», «Абай жолы», «Қасқыр ұлығанда» шығармаларындағы сахналық көріністерде ананың рөлі, Ләйлә қыз, қария, Арайдың рөлін  сомдау  менің  еншіме бұйыратын.

Көркем шығармадағы әр кейіпкердің образын жанымда жүрген адамдардың бойынан іздеп табуға тырысатынмын. Себебі осындай орталықта жүрегі мейірімге толы, ақ көңіл, сабырлы, көркем мінезді жандар ғана еңбек етеді. Орталықтағы барлық мамандар ең алғаш келген күннен бастап менің жан-жақты дамуыма, талантымның ашылуына өз үлестерін аянбай қоса білді.

Ең алдымен, өзімнің шексіз алғысымды Үржардағы «Балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының» негізін қалаушы Рысхан Жағыпарқызына, ұстаздарым Жадыра Зәбірқызына, Ләззат Мұхаметжанқызына, Гүлнар Ақбарқызына, тәрбиешім Райгүл Қалиханқызына, кітапханашы Бақыт Замашқызына, музыка маманы Жадыра Мүбаракқызына, еңбек нұсқаушысы Ерлан Сабырұлына білдіргім келеді.

«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан», – деп ұлы Абай   атамыз айтқандай, осы орталықтан алған тәлім-тәрбием болашақ азығым деп білемін.

Қырмызы Советбекова, С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың  III курс студенті

Осы айдарда

Back to top button