Өнер

Үш өңірдің үздік туындылары көрмеге қойылды

Тәуелсіздік күні қарсаңында Шығыс Қазақстан өнер музейінде Ертіс жағасындағы үш облысты қамтыған «Тарихымыздың ұлы тұлғалары» өңірлік байқауының қорытындысы шығарылған болатын.

Ертіс өңірлік бейнелеу өнері байқауы мәдениет министрлігі белгілеген мерейтой иелерін – Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхтар Әуезов, Ізғұтты Айтықов, Мәншүк Мәметова, Роза Бағланова, Талғат Бигелдинов, Хиуаз Доспанова сынды тарихи тұлғаларды көпшілікке насихаттауды, олардың жарқын бейнесі арқылы жастарды тәрбиелеуді, музей қорын сапалы әрі тақырыптық туындылармен толықтыруды мақсат етті.

Байқауға Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар облыстарынан 26 суретшінің 43 туындысы сарапталып алынып, білікті мамандардан құрылған қазылар алқасына Өнер академиясының академигі Әділғали Баяндин төрағалық еткен еді.

Байқаудың бас жүлдесін және 700 мың теңге көлеміндегі сыйақыны шеберлікпен қалам тербеп, Ізғұтты Айтықов пен Роза Бағланованың кескіндемелік, Хиуаз Доспанова мен Талғат Бигелдиновтің графикалық портреттерін нақтылықпен жазған белгілі семейлік суретші Тілеуғазы Жұбанышевтің жеңіп алғанын атап өткен жөн. Ол мұндай шаралардың өңірлік суретшілер деңгейінің өсуіне жол ашатынын атап өтті.

Өнер музейінің екі залында орналасқан «Тарихымыздың ұлы тұлғалары» байқауының көрмесі келер жылғы қаңтардың соңына дейін жұмыс істейді. Келіңіздер, көріңіздер!

Есенбол Нақтыбайұлы,

Шығыс Қазақстан өнер музейі экспозициялық көрме бөлімінің меңгерушісі

Осы айдарда

Back to top button