Бәрекелді

Ұранхайда жаңа мектеп ашылды

Күршім ауданының бірқатар елді мекендерінде әлеуметтік маңызы бар нысандардың салынып, пайдалануға беріліп жатқаны жайлы бұрын да неше мәрте жазғанбыз.

Өткен желтоқсан айында, Тәуелсіздік күні қарсаңында Жолнұсқау ауылында жаңа мектеп оқушыларға есігін айқара ашқан болса, осы ақпан айында Қалжыр ауылындағы жаңа амбулатория пайдалануға беріліп, тұрғындарды шынайы қуанышқа бөледі.

Бұдан басқа да ірілі-ұсақты жаңалықтарды жұрт жылы қабылдап, мұның өзі көпшіліктің көңіліндегі  келешекке деген сенімді нығайта түскені рас болатын.

Талайдан бері ретін таппай, ауыл тұрғындарын тығырыққа тіреп келген тағы бір мәселе оң шешілді. Қаба ауылдық округіне қарасты Ұранхай ауылында салынып жатқан жаңа мектеп ғимаратының құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Салтанатты түрде ерекше талғаммен безендірілген жаңа мектеп ғимаратының алдында күй ойналып, аудандық Мәдениет үйінен барған жүргізушілердің құттықтау сөздерінен кейін ауылдың ақ жаулықты әжелері ата салтымен шашу шашты.

Жаңа мектептің ашылу салтанатына арнайы келіп қатысқан аудан әкімі Алмат Ақышов ауыл тұрғындарын, ұстаздар мен оқушыларды көптен күткен қуаныштарымен  құттықтады. Бұдан соң ол осы мектепке облыс әкімі Даниал Ахметовтің әдейілеп жіберген сыйлығы –  үлкен теледидарды мектеп директоры А.Лаковқа табыс етті. Осы ауылдың байырғы тұрғыны, еңбек ардагері, Күршім ауданының Құрметті азаматы Е.Әубәкіров, Ұранхай негізгі орта мектебінің оқушысы С.Гущина өздерінің жүрекжарды тілектерін жұрт назарына ұсынды.

Жаңа нысанның лентасы қиылған соң осы ғимараттың құрылысын жүргізген «СМУ-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас  директоры Қуатбек Әбжанов  мектептің символдық кілтін мектеп директорына салтанатты түрде табыс етті.

Бұдан кейін жиналған жұрт  көркем безендірілген сынып бөлмелерін аралап, жаңа білім ордасының ішкі көрінісімен танысты.

Хасен Зәкәрия, Күршім ауданы

 

Осы айдарда

Back to top button