Университеттің «бір терезесі»
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемелекеттік университетінде студенттерге қызмет көрсететін бірегей орталық ашылды. «Студенттер енді қағаз жұмыстарымен ғимараттан ғимаратқа шапқылап, әуре-сарсаңға түспейді» деп отыр оқу орыының басшылығы.
«Парасат» аталған бұл орталық «бір терезе» жүйесінде қызмет атқарады. Ұзын саны 30-дай қызмет түрі көрсетіледі екен.
– Орталықты ашудағы мақсатымыз студенттерге ыңғайлы жағдай туғызу еді. Студенттер енді қағаз жұмыстарымен деканат алдында тізіліп кезекке тұрмайды, әркімнің қолын іздеп жүгірмейді. Академиялық қарыз жұмыстары, әскери бөлімге тіркелу мәселесі, басқа мамандыққа немесе басқа оқу орнына ауысуға қатысты істердің бәрін осы орталықтан тындырып шығады. Бұдан бөлек осы орталықта төрт мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Олар: жатақханадан орын алу, аттестат, диплом көшірмелерін алу, академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша шетелде білім алу және профессор-оқытушылар құрамының байқауларға түсуі, – дейді университет ректоры Мұхтар Төлеген.
Орталықтың салтанатты ашылу рәсіміне келген «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов бастаған меймандар орталықтың қызметін тәжірибе жүзінде сынап көрді. Дефектология мамандығына оқуға түскен Гүлназ Дербешова жатақханадан орын алу үшін, су жаңа орталықтың қызметіне жүгінді. Әуелі терминалдан талон алған студент өзін белгі беріп шақырған жетінші тұғырнамаға өтті. Ол жерден бірер минут ішінде шаруасын бітіріп шықты. Гүлназға төртінші жатақхананың 100-ші бөлмесінен орын тиіпті.
«Парасат» орталығының ашылуы білім күнімен сәйкес келгендігін де айта кетейік. Бұл күні 2600-дей талапкер аталмыш оқу орнының бірінші курсына қабылданды.
Жасын Қалибек