Білім

Университеттің «алтын қоры»

Отыз жылдан астам уақыт бұрын Қазақстанның алғашқы жоғары оқу орындарының бірі – Өскемен құрылыс-жол институтында (қазіргі Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ) ардагерлер кеңесі құрылды. Осы уақытқа дейін кеңес мүшелері университеттің ғана емес, сонымен қатар аймақтың да тыныс-тіршілігіне белсенді қатысуда.

Әр жылдары университетте Ұлы Отан соғысының 60-тан астам ардагері жұмыс істеді. Олардың ішінде екінші бөлімнің басшысы Анатолий Болотин болды, ол сол жылдары кеңесті басқарды. Оның орнына соғыс ардагері, математика пәнінің мұғалімі Радий Бирбраер келді, одан кейін он жылдай кеңеске соғыс ардагері, физика мұғалімі Виктор Муравьев басшылық етті. Университеттің ардагерлер ұйымы Лилия Столярованың бастамасымен құрылып, оның тікелей басшылығымен жұмыс істеді.

Ардагерлер кеңесінің барлық мүшелері сондай-ақ Студенттерге гуманитарлық білім беру кеңесінің мүшелері де болды. Кездесулер, әңгімелесулер, дөңгелек үстелдер, кураторлық сағаттар мен конференциялар ұйымдастырылып, онда студенттер соғыс жылдарындағы қиыншылықтар, жасалған ерліктер туралы ардагер оқытушыларының өз ауыздарынан естіді. Институт тарихы туралы да көптеген әңгімелер өткізіліп тұрды. И. Казанцевпен, Г.Одинцовпен, И. Лесниковпен, И. Зуевпен, В.Лазаревпен, В.Муравьевпен және басқа да ардагерлермен ұмытылмас кездесулер болып өтті. Кейінірек бұл жұмысқа тыл еңбеккерлері (әр уақытта 80-нен астам тыл еңбеккері жұмыс істеді) Н. Плахотин, Р.Зеленская және Э.Коковина қосылды. Э.Коковина  В. Муравьевтің орнына келіп, ардагерлер кеңесін он жыл басқарды.

НАҒЫЗ ПАТРИОТИЗМ

2014 жылы ардагерлер ұйымының есеп беру-сайлау жиналысында төрайым болып университет ардагері, «Тіршілік қауіпсіздігі және еңбекті қорғау» кафедрасының доценті Любовь  Сергиенко сайланды, ол 1976 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін университет қабырғасында ардагерлермен және студенттермен жұмыс істейді.

– Біздің ардагерлер ұйымына 300-ден астам адам мүше, – дейді Любовь Спиридоновна. – Олардың арасында Ұлы Отан соғысына қатысушы Гавриил Васильевич Одинцов та бар. Ұйымда соғыс жылдарындағы еңбек майданының бір қатысушысы – Виктор Степанович Чернявский және 21 тыл еңбеккері жұмыс істейді. Менің сайланғаннан бергі алты жылда университеттің ардагерлер кеңесі, ал бұл – 12 белсенді, негізгі үш бағыт бойынша жұмыс істейді – ардагерлерге көмек көрсету, студенттерді патриоттыққа тәрбиелеу, өмірден өткен ардагерлердің есімін мәңгі есте сақтау. Бұл міндеттерді күнделікті өмірде шешу – бастауыш ардагерлер ұйымының мақсаты. Заңдар кодекстері жасалады, өзгереді, тарихқа айналады, ескіреді және  жаңа дәстүрлер пайда болады, бірақ ежелгі өсиеттерде жазылған қоғамдағы адамға қажетті рухани қасиеттер ғасырлар бойы сақталып, жаңа моральдық нормаларға айналды, олардың өзегі Отанға, өз халқына деген махаббат болып қала береді. Адам патриот болып тумайды, патриот болып тәрбиеленеді. Міне, біз де жастарды патриоттық рухта тәрбиелейміз. Еліміздің болашағы – жастарды тәрбиелеу әрқашан алғашқы орында тұруы тиіс.

Бұл туралы айта отырып, төрайым көптеген жарқын мысалдар келтірді. Бұлар – бірінші кезекте тыл еңбеккерлері Р.Зеленская, О.Қабидулин, Л. Линевалардың студенттермен, оқытушылармен  кездесулері. Олар балалардың, қарттар мен әйелдердің майданды қару-жарақпен, киіммен, азық-түлікпен қамтамасыз етіп, егісте масақ теріп, майданға көмектескендерін баяндады. Тыл еңбеккері Л. Линева эвакуацияланған өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысы, өңір геологтарының Жеңіске қосқан үлестері туралы жан-жақты айтты.

МҰРАЖАЙ

Кездесу қала мектептерінде және шағын мұражай ретінде рәсімделген ардагерлер кеңесінің кабинетінде өтті. Мұнда тарихи жәдігерлер мұқият сақтаулы: ардагерлермен кездесулердің фотоальбомы, Жеңіс күніне орай шығарылған кітаптар, кеңестің тарихы бейнеленген альбомы, соғысқа қатысушылардың фотоальбомы. Мерекелік іс-шаралар альбомы бар, онда концерттер мен фестивальдердегі ардагерлердің суреттері жинақталған. Сондай-ақ бейнемұрағатта шығармашылық ұжымның қала фестивальдеріндегі өнер көрсетулері жазылған дискілер бар.

Жастармен әңгімелесу барысында ардагерлер ЖОО-ның, қаланың, республиканың тарихына, мәдениет пен салт-дәстүрлерге айрықша көңіл бөледі. Университеттің мерейтойлық кітаптары, тарихи Құрмет кітабы, университеттің ардагер-авторларының – Ж.Нәзбиев, Е.Григорьев,  А. Гольцевтің кітаптары, университеттің ардагер-ақындары – А. Лукич пен В.С. Аксеновтың өлеңдер жинағы бағалы жәдігерлер қатарынан саналады. Өз қызметі үшін университеттің ардагерлер кеңесі көптеген грамоталармен, дипломдармен, Алғыс хаттармен марапатталған.

ЖАРИЯЛАНЫМДАР

Ардагерлер кеңесінің кабинетінде соғыс ардагерлері мен университет ардагерлері туралы әртүрлі уақытта қалалық және облыстық басылымдарда жарияланған мақалалар тігілген папкалар сақтаулы.

Кейінірек ардагерлердің естеліктері автор-құрастырушы Л. Сергиенконың «Олар Отан үшін шайқасты» кітабына енді. Бұл кітап барлық соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне мерекелік іс-шарада табыс етілді. Оны дайындау барысында үлкен іздестіру жұмыстары жүргізілді, университет мұрағаттары, «За знание» газеттері, бүкілресейлік «Подвиг народа» мұрағаты зерттелді. Осы тынымсыз жұмысқа ардагерлер С. Исюмбаева, В. Клименко, Г. Вон тікелей атсалысты.

ШҚТУ сайтында ардагерлер кеңесінің парақшасы құрылған. Мұнда ардагерлер ұйымының барлық жұмысы көрсетілген. Сайтта университет тарихынан бастап, ректорлардың, алғашқы оқытушылардың, Ұлы Отан соғысына қатысушылардың және интернационалдық борышын өтеген жауынгерлердің тізімі, ЖОО өміріндегі жаңалықтар – спорттық жетістіктер, мерекелер мен көркемөнерпаздар байқаулары сақталған бірнеше бөлім бар.

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ

Ардагерлер кездесулер, әңгімелер, жарияланымдардан басқа, патриоттық тәрбиенің ең басты тәсілдерінің бірі – шығармашылық деп шешті. Көркемөнерпаздар байқауларына және мерекелік концерттерге қатысу үшін студенттер мен оқушылар тартылады. Іс-шаралар сценарийлері мұқият ойластырылып, ұжымдық түрде талқыланады. Оларға университеттегі ардагер ақындардың өлеңдері міндетті түрде қосылады. Мысалы, тыл еңбеккері  В. Аксеновтың, университет ардагері  А. Плотниковтың (А. Лукич) туындылары.

Мерекелік іс-шараларда ардагер Б. Жұманазардың мемлекеттік тілде жазған өлеңдері оқылады. Көптеген әндер («Солнечный круг», «Край родной», «Забота у нас такая», «ШҚТУ гимні» және т.б.) екі тілде орындалады, қазақ тіліндегі мәтінді Б. Жұманазар жазған. Университеттің 60 жылдығына арналған концерт есте қаларлықтай болды.

– Шығармашылық ұжымдардың концерттік қойылымдарға арналған әдемі костюмдері бар. Жеңіс мерейтойына орай біз хор қатысушыларын қуантып, жаңа концерттік көйлектер сатып алдық. Оның құрамында 80 жастан асқан тыл еңбеккерлері бар, – дейді Ардагерлер кеңесінің төрайымы. – Олар өте жарасымды көрінеді. Барлығы кездесулер мен репетицияларды қуана, асыға күтеді. Мұндай кездесулердің басты құндылығы – қарым-қатынас.

Карантин кезінде Ардагерлер кеңесі университет басшылығымен, әлеуметтік-тәрбие жұмысы және азаматтық даму басқармасымен, университет кәсіподағымен қашықтан жұмыс істеді. Университеттің 40-тан астам жалғызбасты және әлеуметтік қорғалмаған ардагерлеріне басқарма қызметкерлері азық-түлік жиынтықтарын жеткізді. Бұған басқарма еріктілері көмектесті. 249 ардагердің тізімі дайындалып, оларға Қарттар күніне орай ақшалай сыйлықтар берілді.

Университетте жұмыс істеген әрбір соғыс ардагері мен тыл еңбеккерінде «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» кітабы бар. «Тыл ардагерлерінің сол қиын жылдар туралы естеліктері жазылған бұл кітап университет бастауында қандай тамаша адамдардың тұрғанын тағы да растайды. Олар парасаттылықтың, жоғары адамгершіліктің, өз әріптестері мен студенттеріне деген құрмет пен тілектестіктің үлгілі негізін қалады. Олар бізді қиын өмірлік жағдайда бір-бірімізге жанашырлық танытып, қолдау көрсетуге баулыды» деп жазады кітапқа шолуында он төрт жыл бойы университеттің ректоры болған экономика ғылымдарының докторы Ю. Баталов.

– Жас ұрпақ соғыс жылдарының ерлік пен батылдыққа, ауыр сынақтар мен қайғыға, жарқын үміт пен жеңіске деген шексіз сенімге толы екенін білуі қажет, – дейді Л. Сергиенко. – Осы соғыс батырларын еске алып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуіміз керек. Майдангерлер мен тыл еңбеккерлері бұл өмірден өтіп жатса да, олардың жасаған ерліктері ұрпақ жадынан өшпеуі тиіс.

Ержан Кеңесұлы

Осы айдарда

Back to top button