Университет түлектерімен мақтанады
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде дүбірлі додаларда топ жарып, олжа салған спортшы студенттер көп екенін біреу білсе, біреу білмес. Осы орайда аталған жоғары оқу орнының ректоры Мұхтар Төлегенге жолығып, университет шәкірттерінің халықаралық жарыстарда қол жеткізген нәтижелері, жалпы білім ордасының бүгінгі тыныс-тіршілігі турасында сөйлескен едік.
– Өскемен педагогикалық институтында дене тәрбиесі бөлімі 1965 жылы жаратылыстану факультетінің құрамында ашылған болатын, – деп бастады сөзін Мұхтар Әділбекұлы. – Араға екі жыл салып дене тәрбиесі факультеті жеке шаңырақ көтерді. Содан бергі 55 жылда оқу орнын сегіз мыңнан астам жоғары білімді маман бітіріп шықты. Осы уақыт ішінде университет қабырғасынан алты Қазақстанның еңбегі сіңген мұғалімі, 22 еңбегі сіңген жаттықтырушы, отыздан астам Олимпиада ойындары мен Әлем чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері шықты. Олардың қатарында шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасының капитаны, Олимпиада чемпионы Борис Александров, Әлем чемпионы Евгений Поладьев, конькимен жүгіруден бірнеше дүркін Әлем чемпионы, дүниежүзілік рекордтың қаймағын бірнеше рет бұзған Владимир Козлов пен Константин Коротков, Сергей Рябев сынды мақтаныштарымыз бар.
В.Козлов 1959 жылдың 1 тамызында Өскеменде дүниеге келді. Алғашқы бапкері облыстық спорт комитеті жанындағы спорт мектебінің жаттықтырушысы Николай Князев болды. Бала кезінен конькиді ұнататын Володя тынбай жаттығып, ақыры биік белестерді бағындырды. 1982-1983 жылдары қатарынан екі рет (500 метрге) әлем чемпионы атанса, 1984 жылы КСРО-да оған тең келер ешкім болмады. Әлем рекордын жаңартты.
Константин Коротков та Өскеменнің атағын айдай әлемге паш етті. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері КСРО біріншілігінде, халықаралық жарыстарда бірнеше рет топ жарған.
– Бұл деректерді неге айтып отырмын? Себебі тәуелсіздік алғалы қызығы көп қысқы спортта Кенді Алтай ғана емес, ел желаяқтары да Олимпиада ойындары мен Әлем чемпионаттарында жүлдеден қағылып келеді. Бұл – ойланатын мәселе. Алдағы уақытта қысқы спорт түрлерін елімізде дұрыс бағытқа бұратын уақыт жетті, – деп ойын жалғастырды университет ректоры.
Оның айтуынша, ол үшін өзіміздің мықты бапкерлер болашағынан үміт күттіретін жастарға көңіл бөліп, оларды арнайы бағдарлама бойынша дайындау керек. Жоғарыда айтқан Николай Князев алыста емес, Алматыда тұрады. «Динамо» республикалық спорт қоғамында басшылық қызметте. Егер білімді де білікті маманмен ақылдасып, елімізде қысқы спортты дамыту бағдарламасына түзету енгізсе, қысқы Олимпиада ойындарында алтын мен күмісті күреп алып жүрген Норвегия, Австрия, Германия сынды елдердің тәжірибесін бөліссе, біздің спортшылар да әлемді мойындатып, Олимп шыңына көтерілер еді.
Сондай-ақ Мұхтар Төлегенұлы әңгіме арасында Риддердегі қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық бағыттағы мектеп-интернат-колледжде конькимен жүгіру, шорт-трек түрлеріне баулитын бөлім ашса орынды болатынын тілге тиек етті.
Студент кезінде Одақтың «Труд-2» қоғамдық бірлестігінің екі дүркін чемпионы атанған боксшы Марат Орманбетов, самбо, дзюдодан еліміздің, халықаралық біріншіліктердің бірнеше дүркін чемпионы, 130-дан астам Әлем чемпиондары мен Олимпиада жүлдегерлерін баптаған Жанәділ Атаев, Азия ойындарының бірнеше дүркін чемпиондары А.Шишкина, Оксана Яцкая, Сергей Черепанов, А.Духно, С.Рябев, Н.Турукало және тағы басқалар Аманжолов атын еншілеген қара шаңырақта білім алған.
Бұл оқу орнын бітірген түлектер спортта жоғары нәтиже көрсетіп қана қоймай, лауазымды қызметтердің тізгінін ұстап, ел спортының өркендеуіне ерекше үлес қосып жүргенін де ерекше атап өтер едік. Соның бірі – педагогика ғылымдарының докторы, профессор, төрт Олимпиада ойындарында еліміздің шеф-де-миссионы қызметін атқарған Анатөлі Күлназаров. Институттың дене тәрбиесі факультетін үздік бітірган ағамыз Шымқора ауылында балаларды спортқа баулыды. Кейіннен еңбегі мен кәсіби шеберлігінің арқасында еліміздің спорт саласында басшылық қызмет атқарды. Үнемі ізденіп, білімі мен біліктілігін жетілдірудің арқасында биік белестерге шығуға болатынын қазіргі жастарымыз осындай ағаларының еңбек жолына қарап түйсінсе дейміз.
Сонымен бірге, Н.Войтов, А.Гречухин, М.Орманбетов сияқты университет түлектері де спорт саласында басшылық қызметтерді абыроймен атқарды. А.Трунов, В.Васильченко, М.Жақсылықов, И.Плешкань, Ж.Атаев және басқалардың халықаралық, ұлттық дәрежедегі төреші болғанын білеміз.
С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да қазір ірілендірілген төрт факультет бар. Он мамандық бойынша докторантура бар. Отызға тарта ғылым докторы, екі жүзден астам ғылым кандидаты қызмет етеді.
Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру, олардың бойында отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру мақсатында өткен жылы университетте «Қабанбай» атындағы әскери кафедра ашылды. Онда білім алған жастар спорттық жарыстарға да белсене араласады. Университеттің «Чайка» атты бассейнінде су спорты түрлері бойынша жаттығулар жүреді.
– Қазір біз университет қабырғасында оқумен бірге ел намысы үшін байрақты бәсекелерде топ жарып жүрген студенттерді басқаларға үлгі етеміз. Мәселен, біздің студенттер Әлихан Әсетов, Сергей Кудрявцев, Степан Александров, Алексей Шестаков бұдан төрт жыл бұрын Венгрияда өткен жастар арасындағы Әлем чемпионатында алтыннан медаль тақты. С.Кудрявцев шайбалы хоккейден Азияның екі дүркін чемпионы, Алматыда өткен студенттердің дүниежүзілік Универсиадасында күміс медальды иеленді. Ерзат Сақабанов деген студентіміз Ресейдің Түмен қаласында гір спортынан жалауы желбіреген Әлем чемпионатында алтын, сосын Алманияның Гамбургіндегі дүниежүзілік додада қола медальды еншіледі. Тағы бір түлегіміз Қуаныш Шектібаев 2016 жылы гір спортынан өткен әлем біріншілігінде күміс медальді ел қоржынына салды. Федор Сухоносов деген студентіміз спорттық бағдарлаудан Азия біріншілігенде қола жүлдегер атанды. Анна Феклистова, Артем Супанев сияқты жастар да университет абыройын асқақтатып, қол күресі мен көркем гимнастикадан өткен байрақты бәсекелерде жеңіспен оралды, – деп мақтанышпен баяндады бізге Мұхтар Әділбекұлы.
Сол сияқты Самат Сүлейменов, Еламан Көкенов сынды студент спортшылар волейболдан жақсы нәтиже көрсетіп жүр екен. Олар қазір «Алтай» спорт клубының негізгі және қосалқы құрамында ойнайды. Динара Сыздықова, Гүлназ Алтаева, Анель Бауыржанова, Жансерік Жұмағалиев, Даниил Сенкевич сияқты болашағынан үміт күттіретін жастарымыз да волейболдан түрлі командаларда өнер көрсетуде. Мөлдір Талғатова деген бойжеткен Алматыда өткен жазғы Универсиадада, облыс біріншілігінде қол күресінен алдына жан салмады. Жыл басында Өскеменде қысқы спорт түрлерінен еліміздің жоғары оқу орындарында оқитын студенттер арасында Универсиада өткен. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың студенттері бұл жолы да намысты жанып, жалпыкомандалық есепте қыздар бірінші, ал ұлдар үшінші орынға ие болды. Пандемияға байланысты қазір студенттер дүбірлі жарыстардың көрігін қыздыра алмауда. Алайда олар ретін тауып жаттығып жүр. Алдағы уақытта да Шығыстың ұл-қыздары спортта жеңістерге жете бермек.
Оңдасын Елубай,
Қазақстанның құрметті спорт қайраткері.