Бәрекелді

Үміттің ханзадасы мен ханшайымы

Өскемендегі Достық үйінде «Үміт» өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығы және Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен орталық тәрбиеленушілері арасында «Әлем қуыршақтары» атты байқау өтіп, Үміттің ханзадасы мен ханшайымы анықталды.      

«Үміт» балалар үйі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сәуле Ақанқызының айтуынша, биылғы Балалар жылы аясында өткізіліп отырған сайыстың мақсаты – дарынды балақайларды анықтап, олардың шығармашылық қабілетін дамыту.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылды Балалар жылы деп жариялап, жыл бойы ел ертеңі – өскелең ұрпақты қолдауға айрықша көңіл бөлінді. Ал сайыс тақырыбына келсек, барлық бала қуыршақ ойнағанды ұнатады. Қыздар қуыршақ ханшайымдарын ерекше ынтамен сәндесе, ұлдар ойыншық сарбаздарды сапқа тұрғызады. Қуыршақ ойнау уақытты қызықты өткізуге ғана емес, сонымен бірге балалардың түрлі психологиялық мәселесін шешуге ықпал етеді. Сондықтан мерекелік сайысты балалардың қалауымен «Әлем қуыршақтары» деп атауды жөн көрдік, – деді Сәуле Ақанқызы.

Байқау барысында 5-7 жас аралығындағы он қатысушы әртүрлі елдің ұлттық киімдерін киіп, әлем қуыршақтарының үлгісінде өнерлерін ортаға салды. Сүйкімді балақайлар «Өзін-өзі таныстыру», «Ертегілер әлеміне саяхат», «Шығармашылық сайысы» деген үш кезең бойынша сынға түсті.

Сайыстың бірінші кезеңінде әр жұп өлең жолдарымен өздерін таныстырса, екінші кезеңінде балалар «Ер төстік» «Қызыл телпек», «Қалайы сарбаз», «Түймеқыз», «Золушка мен ханзада» ертегілерінің кейіпкерлері болып киініп, қатысушылар сахнада тұрған ертегі кейіпкерлерін дұрыс табуы керек болды. Тапқыр бүлдіршіндер ертегілер туралы білімін көрсетіп, бұл сынақтан да сүрінбей өтті.

Байқаудың үшінші кезеңінде талантты қатысушылардың бірі мың бұрала билесе, енді бірі тамылжыта ән салып, көрермендер қошеметіне бөленді.

Байқау барысында мерекелік кештің меймандары Константин Когут, Милана Сидорова, Аружан Исаева, Эльдар Уадинов, Евгений Выблов пен Владислав Лоскутов сынды республикалық байқаулардың жеңімпаздары мен С.Аманжолов университетінің талантты студенттері өнер көрсетіп, көрермендерді бір серпілтіп тастады.

Дарынды, жан-жақты балалардың арасынан үздіктерді анықтау оңайға соқпағаны белгілі. Құрамында С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген, Amanat партиясының Өскемен қалалық филиалының атқарушы хатшысы, Қорғаншылық кеңесінің мүшесі Арайлым Есімбекова қатарлы сарапшылар бар қазылар алқасының шешімімен, Мексика елінің қуыршақтары Григорий Кудрявцев пен Кристина Бельская «Сымбатты-көрікті», Қытай елінің қуыршақтары Иван Изотов пен София Потапова «Қайратты-нәзік», Африка елінің қуыршақтары Сұлтан Хусаинов пен Ева Павлияненко «Өнерлі», Чукотка елінің қуыршақтары Александр Кудрявцев пен Дарья Чеботару «Парасатты-инабатты» аталымдары бойынша жеңімпаз болды.

Ал Неміс елінің қуыршақтары Максим Строй мен Кристина Аржанова өздерінің сан қырлы өнерінің арқасында бас жүлдені жеңіп алып, «Үміт ханзадасы мен ханшайымы» атанды.

Шара соңында қатысушыларға тәтті сыйлықтар, медальдар мен мадақтамалар берілді.

Балалар мерекесінің қызықты өтуіне атсалысып, барлық қатысушыларға керемет сыйлықтар тарту еткен жомарт жүректі демеушілер – «Казцинк», «ТМК» кәсіпорындары мен «Две реки» мейрамханасы, С.Аманжолов атындағы университет, «Неке сарайы», Будников ЖК, «Гранд», «VITA», «Қазақстан Халық банкі» филиалы, Altay-INVEST GROUP, Шафран групп, «Көкжал» сауда орталығы, Д.Серікбаев атындағы университет ұжымдарын ерекше атап өткен жөн.

Қазылар алқасы мен демеушілер көрермендерге әсерлі кеш, тамаша көңіл-күй сыйлаған «Үміт» балалар үйінің өнерпаздары мен орталық басшысы Майра Баймұханқызына ақжарма тілектерін білдірді.

  Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button