Үміткерлердің орташа жасы елуден төмен
Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петровтың айтуынша, алдағы сайлауға кандидатурасын ұсынған үміткерлердің орта жасы 50-ден аспайды.
– Өздеріңіз білетіндей, Парламент Мәжілісі 98 депутаттан тұрады, оның 29-ы бірмандатты аумақтық округтер бойынша сайланады. Өңірлерден алған мәліметтер бойныша 29 бірмандатты округ бойынша 609 кандидат ұсынылды. Оның 84-ін қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялар ұсынса, 525-і немесе 86,2%-ы өзін-өзі ұсынған, – деді ОСК төрағасының орынбасары комиссияның кезекті отырысында.
Оның мәліметі бойынша бірмандатты жүйе бойынша кандидатурасы ұсынылғандардың 80%-ы – ерлер, 20%-ы – әйелдер.
– Үміткерлердің орташа жасы 50-ден төмен. Ең жас кандидат та, ең ересек кандидат та Алматы қаласында тұрады. Кандидаттардың арасында 10 ұлттың өкілі бар, – деді Константин Петров.
Халықаралық байқаушылар тіркеуден өтті
Орталық сайлау комиссиясы тағы 15 халықаралық байқаушыны аккредиттеді.
ОСК хатшысы Мұхтар Ерманның айтуынша, халықаралық байқау институты ашылғаннан бері 10 шет мемлекет пен 3 халықаралық ұйымнан 82 байқаушы ресми тіркеуден өткен.
– Бүгінгі таңда Сыртқы істер министрлігі бір шет мемлекет пен бір халықаралық ұйымнан 15 байқаушыны тіркеуден өткізуге ұсынды. Атап айтқанда, Иран Ислам Республикасынан бір кандидатура, ТМД байқаушылар миссиясынан 14 кандидатура бар. Оның ішінде Тәжікстанның сайлау және референдум жөніндегі орталық комиссиясының төрағасы тіркеуге ұсынылды. Баяндалғандарды ескере отырып, шет мемлекет пен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу туралы комиссия қаулысының жобасы дайындалды, – деді ол.
Комиссия мүшелері аталған байқаушыларды аккредиттеу туралы қаулыға қол қойды.
Еске салсақ, 18 ақпанда Мәжіліс пен мәслихат сайлауының үгіт-насихат кезеңі басталды. Сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы партиялардың атаулары сайлау бюлетенінде қандай тәртіппен орналасатынын жеребе арқылы анықтады.
Ержан Кеңесұлы