Тәуелсіздік - 30

Ұмай ана туралы фильм түсірілуі мүмкін

Мейрамтай Иманғали

Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи ландшафтық музей-қорығында «Ұмай – бабалар мұрасы» атты халықаралық арт жобасының тұсауы кесілді. Аталған шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып отыр.

Ұлы дала төсін мекендеген түркі тілдес халықтар үшін  Ұмай ананың есімі ерекше қастерлі. Ұмай – ұрпақ жалғастығын жебейтін періште, береке мен молшылықтың тәңірісі. Ұмай ана туралы  деректер ауыз әдебиетінен бөлек, тіпті Орхон-Енисей ескерткіштерінде де сақталыпты.  Ежелгі түркі тілінде  «Ұмай» деген сөз «баланың ізі», «бала орны», «ана жатыры» деген мағынаны білдіреді екен. Халықаралық деңгейдегі арт-жоба, міне, осы Ұмай ана есімін ұлықтауды, оны Шығыс Қазақстанның брендіне айналдыруды мақсат етіп отыр.

– Қазіргі таңда бізге тарих, тарих болғанда да әлемдік қауымдастықтың назарын өзіне аударатындай жаңаша форматтағы тарих керек.  Біз сол тарихтан бизнес жасағымыз келеді. Өзіңіз білесіз, қазіргі турист  ақшасын текке шашқысы келмейді. Ол, ең алдымен, барған жерінің тарихын, тұрғындарының түсінік-танымын білгісі келеді. Өзіне жаңа  бір әлемді ашуды мақсат етеді. Қандай да бір жетістіктің куәсі болуды армандайды. Ендеше, Ұмай ана образы – туризмді дамыту үшін таптырмас құрал. Ұмай ана – мейірімділік пен жақсылықтың елшісі. Көне түркі мифологиясында Ұмай ана туралы аңыз-әңгімелер, ертегілер көп. Мәдениеттанушы ғалым Мұрат Әуезов те біраз дүние жазды. Ұмай ана образын нақты бейнелеу өте күрделі, өйткені аңыз-әңгімелерде Ұмай ана бейнесі бірде бұлттың көлеңкесі, бірде құс немесе тағы басқа болып бейнеленеді.

Осы Ұмай ана образын біз брендке айналдырғымыз келеді. Болашақта Ұмай ана туралы кино түсірсек дейміз. Кино дегеніміз нағыз жарнама ғой. Жалпы, бізде аңызға айналған ертегі кейіпкерлері өте көп. Мысалы, Жезтырнақты алайықшы. Ол үшін жақсы продюсер керек. Жаңа Зеландияда «Властилин колецті» түсірген соң туристер ағыны үш есеге ұлғайған көрінеді. Мен туризм саласында 40 жылға таяу қызмет етіп келемін. Әлемнің талай елін араладым. Олай болса, өз мәдениетіміз бен тарихымызды жаңа форматта көрсетуді қолға алуымыз керек. Бұл, ең алдымен, біздің өзімізге-өзіміз сенуіміз үшін қажет.  Біздің де  ешбір елдің тарихынан кем түспейтін мың жылдық тарихымыз бар. Сол тарихымызды танып, сол тарихымызбен мақтануымыз керек. Мысалы, Египеттегі пирамидаларға туристер ерекше қызығып, ықылас танытады ғой. Ендеше, әлем халықтары да Ұмай ана жайлы білуге ұмтылса дейміз. Бұл жоба – біздің алты жылғы еңбегіміздің нәтижесі. Әлі де бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра береміз. Қазіргі күні біз кино түсіру үшін продюсер іздеп жатырмыз, – дейді Алматы технология университетінің жанындағы Қазақстан-Швейцария туризм, ресторан және қонақүйі бизнесі институтының директоры Ғалия Өтебекова. Ол – Ұмай ана туралы балаларға арналған бірнеше ертегінің авторы.

Есімі елге танымал жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы Ұмай ананы өмірде болған тарихи адам деп санайды. «Ұмай ене әлдебір аспандағы аңыз бейне емес, нақты тарихи тұлға екендігін, жай әйел емес, қасиетті, ел-жұрттың басын біріктірген әулие ене екендігін біле жүргеніміз, әруағы алдында басымызды ие жүргеніміз – тәрбие», – деп жазады жазушы. Кейбір деректерге қарағанда, Ұмай ананың тасқа қашалған бейнесі көне түркілер мекенінен бес рет табылыпты.

Соңғы рет 2012 жылы Ұмай ананың тасқа қашалған мүсіні Алматы облысы, Жамбыл ауданынан табылған екен.

    Аталған арт-жоба ата-бабаларымыздың мәдени мұрасын сақтауды, Ұмай ана бейнесін Шығыс Қазақстанның ықтимал бренді ретінде бекітуді, музей қызметі саласындағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтуді және ішкі туризмді дамыту мақсатын көздейді. Ұмай ананың жарқын образын бейнелеуде Нұрғалиев атындағы колледждің, Өскемен және Алматы қалаларындағы балалар көркемөнер мектептерінің оқушылары ерекше белсенділік танытыпты.

Көрмеге  суретші, мүсінші Тоғжан Оспанованың да қолынан шыққан кәдесыйлар қойылыпты. Ол Ұмай ана бейнесінің ғажап образ екенін айтады. Ендеше, неге оны Шығыстың брендіне айналдырмасқа? Ал өскемендік шебер Лариса Агеева жұқа жүннен аққу бейнесіндегі Ұмай ана композициясын келушілер назарына ұсыныпты.

– Бұл – өте нәзік, жібек араласқан киіз. Мұндай материалмен жұмыс істеу жоғары кәсіби шеберлікті талап етеді. Осы көрмеге қатысу үшін арнайы манекен сатып алдым. Аққу бейнесіндегі Ұмай ананың образын аңызға сүйене отырып әзірледім. Образды шығаруға екі ай уақыт кетті, – дейді Лариса Агеева.

Ал «Алтын-Арай» экотуризм орталығының жетекшісі Зарина Мастикбаеваны көрген жан оны жердегі Ұмай ананың өзі ме деп қалары сөзсіз. Алтай қаласында дүниеге келген Зарина Катонқарағайға, Мұзтауға ерекше ғашық екенін айтады. Қазіргі таңда Мұзтауға саяхат ұйымдастырумен айналысады. Оның саяхаты «Ұмай ананың ізімен» деп аталады екен.

– Білесің бе, мен 2010 жылы Катонқарағайға келіп, Мұзтаумен жолықтым. Бұл менің өмірімдегі ең бір керемет кездесу болды. Алтай өңірі Ұмай анамыздың мекен еткен жері ғой. Сосын жылда Мұзтауға келетін болдым. Киелі жердің қуаты, энергетикасы енді керемет! Оны Мұзтауға саяхаттағандардың әрқайсысы сезінеді. Мұзтауға барғандардың өмірінде ғажап өзгерістер де болып жатады.  Баға жетпес бақытты сәттерді басынан өткереді. Ал   2017 жылы біз отбасымызбен Катонқарағайға көшуді жөн деп таптық. Содан бері төрт жылдай уақыт өтіп кетіпті. Катонқарағайға көшкенге дейін сән журналында қызмет істедім. Сұхбаттар дайындап, фотосессия жасайтынмын. Өмірім шынында да жайлы әрі қызыққа толы еді. Бірақ Мұзтауға деген махаббатым жеңіп кетті, – дейді Зарина.

Қазіргі таңда Зарина Мастикбаева Шығыс Қазақстандағы  алғашқы экоқонысты салуды жоспарлап отыр.

– Бұл, әрине, әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінде бар тәсіл. Экоқоныс арқылы біз қалада тұратын шығармашыл адамдарды ауылға тартуды мақсат етеміз. Әдемі табиғат аясындағы ауылда адамның шығармашылық ресурстары жақсы ашылады. Мүмкін, ауылға көшуге қалалықтар әлі дайын емес болуы да мүмкін. Бірақ уақыт өте келе адам үйреніп кетеді. Осы жазда Катонқарағайға этномузыканың маэстросы Еділ Құсайынов көшіп келеді, – дейді ол. Айтуынша, экоқоныс Мойылды ауылынан (бұрынғы Каменка) бой көтереді екен.

Иә, Ұмай ана, Ұмай құдай бейнесі молшылық пен ырыстың, отбасылық бақыт пен қуаныштың ғана бейнесі емес, Ұмайдың жарқын бейнесі ата-бабаларымызды қиын күндерде де сүйемелдеп, қолдап, қорғап, олардың бойына болашаққа деген үміт пен сенім ұялатып келді. Бүгінгі таңда ұлттың рухани саулығын сақтау үшін Ұмай ана секілді әдемі және мейірімді кейіпкерлердің бейнесін жаңғыртып, халық жадына оралту өте маңызды.

Сондықтан да еліміздің ғана емес, сонымен қатар алыс және жақын шетелдегі суретшілердің, сәулетшілердің, зергерлер мен дизайнерлердің, сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің әлеуетін біріктірген халықаралық деңгейдегі арт-жобасының ғұмыры ұзақ болса екен деп тілейміз.

Осы айдарда

Back to top button