Ұлттық рухани жаңғыру

ҰЛЫ АҚЫН МҰРАСЫ – ҰЛТ ҚАЗЫНАСЫ

Еліміздің Ұлттық кітапханасының ұжымы хакімнің өмірі мен шығармашылығы туралы «Абай Құнанбайұлы (1845–1904)» библиографиялық көрсеткішін жарыққа шығарды. Мемлекеттік тілде (3 700-ге жуық бірлік) және орыс тілінде (2300-ден астам), басқа да шетел тілдерінде (200-ге жуық), барлығы 6 мыңнан астам дерек көздері жинақталған ұжымдық еңбекті абайтанудың шынайы шежіресі деуге әбден лайық.

Сондай-ақ ол – жеті миллионнан астам кітап пен басылым бірлігі сақтаулы халқымыздың бас кітапханасындағы және басқа  облыстық кітап ордаларындағы Абай сәулесі, яғни мол рухани қазынаның жарқын айғағы.

Құрметті оқырман, егер Абай өмірі мен шығармашылығы жайында көбірек білгіңіз келсе, аталмыш көрсеткіш – шын мәнінде, таптырмас жолсерік. Сіз бір ғана кітапты парақтай отырып-ақ, негізінен Ұлттық және республикамыздың басқа да өңірлік кітапханаларындағы Абай мұрасы тұнған қазынаның кілтін ұстап, ұлы ақын сөзінің шуағына бөленесіз. Жастайынан «білуге құмар, үйренуге тоймаған» ақын қайран қазағының «көзін ғана емес, көкірегін де ашуды» армандады. Елжандылық пен еңбекті, білім мен өнерді, адалдық пен әділдікті бақыт баспалдақтары ретінде дәріптеп, барша адам баласын өз бауырыңдай көруді өсиет етті. Айналасын жарыққа, өркениетке бастаған Абайды танудың 130 жылдан астам тарихының ауқымын осы бір ғана көрсеткіштен аңғаруға болады.

Библиографиядағы туған халқымыздың Әлихан Бөкейхан мен Мұхтар Әуезов секілді қайраткерлерінің және төл әдебиетіміздің өзге де классиктерінің ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы еңбектері Абай әлеміне рухани сапарға жетелеп, өзіне баурап әкетеді. Әсіресе М.Әуезовтің бірнеше рет оралып, төрт мәрте жазған ақынның өмірбаяны, ұлы ақынды әлемге әйгілеген «Абай жолы» роман-эпопеясы мен «Абай Құнанбаев» монографиясы және ғұламаның басшылығымен 1933 жылы латын әрпімен басылған бірінші толық жинақ – әрбір оқырман үшін баға жетпес байлық. Сөз орайы: ұлы ақын мұрасының кейбір зерттеушілері Әуезовтің ұстанымынан және ұсынатын дәл-дәлді деректерінен өзгеше пікір айтқысы келсе, олар нақты құжаттық дәлел мен бұлтартпас болжамды көлденең тартуы тиіс. Ал бұлай жасай алмайтын болса, ондай жол-жөнекей ат шалдырып, жаңалық ашқысы келетін жолбикелерге қатаң тыйым салу керек. Өкінішке қарай, Әуезовтен көшіру өз алдына, тарихи сөзді «қағыс» естіп, деректі «көрмей қалу» көп. Сосын жаңағылар тіпті жазып отырғанын қай дерек көзінен алғанын көрсетуді де қажет деп таппайды.

Еліміз кітапханаларының алтын қорындағы ұлы ақын әлеміне бұл сапардың Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» дәстүрлі Жолдауында биік мақсат ретінде алға қойылған «Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруға» жасар қолғабысы да қомақты. Бұл руханият сапары, сондай-ақ тәуелсіз мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осыдан ширек ғасыр бұрын, егемендігіміздің елең-алаң шағында айтқан «Абай туралы сөз» және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХI ғасырдағы Қазақстан» тарихи-танымдық еңбектеріндегі ұлы Абай аманатын дұрыс бағамдап, асықпай зерделеуге көмектеседі. Сөз орайы: Абай ұлы ақын ғана емес, өз заманының ұлы қайраткері болатын. Ол, кейбіреулер айтатындай, уақытынан ерте туған жоқ. Абай секілді әлемдік кемеңгерлер қашанда дер кезінде, халықтың тығырыққа тірелген шағында дүниеге келеді екен. Ол қазақты қараңғылық пен отарлық бұғауы екі жақтан қыспаққа алған дәуірде алаш аспанынан туған жарық жұлдыз еді. Сондықтан біз ақын «қазақты аяусыз сынайды» деп ділмарситындарға «Абай қазаққа емес, қараңғылыққа қапалы» деп ой салуды көздейміз («Қазақ әдебиеті» – 30.03.2018ж., «Алматы ақшамы» – 20.05.2017ж.)

Ұлттық кітап қорындағы асыл қазынаның бір ғана саласы – Абай мұрасы, әлбетте жүздеген ақын-жазушыларымыз бен ғалымдарымыздың қалам қуатымен жайқалған руханият жаннаты. Сондай-ақ ол – осынау гүлденген поэзия бағын шын ықыласпен аялап, күте біліп, кітапқұмар қауымға қызмет етіп келе жатқан бас кітапхана ұжымының, біздің барша әріптестеріміздің бірнеше ұрпағының қажырлы еңбегінің айнасы. Осы сөздерді жазып отырғанда аталмыш библиографиялық көрсеткіштің алғашқы абайтанушы Әлихан Бөкейхан мен жауһар ілімнің негізін қалап, іргетасын бекіткен Мұхтар Әуезовтің ұлы ақын жайындағы шығармаларына оқырман назарын байларын қуана түйсінемін. Себебі Абай әлеміне жол салған қазақтың қос перзентінің еңбектері қанша заман өтсе де, данышпан мұрасын дәріптеген тағы қанша дүние жарық көрсе де, бағыт-бағдарымызды нұсқар шамшырақ болып қала береді.

Ауқымды библиографиялық еңбек Абайдың өлеңдері мен дастандары, аудармалары мен қара сөздері, музыкалық мұрасы және олар жайындағы құнды материалдар мен дерек көздерінен бай мағлұмат береді. Бір қарап шыққанда-ақ асыл қазынаның қыр-сырына көзімізді ашуға көмектесетін  іргелі жобаның авторы – Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстандық кітапханалық одақтың төрағасы Б.Оспанова болып табылады. Көрсеткішті дайындауға қатысқан құрастырушылар: Ұлттық кітапхананың қызметкерлері: Ә.Сәйдембаева мен М.Мырзатаеваның, ғылыми редакторы, әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы А.Ісімақованың, редакторы, Ұлттық кітапхана директорының орынбасары Н.Искалиеваның Абай «шежіресіне» жауапкершілікпен қарағандары аңғарылады. Осы көрсеткіштің арқасында ұлы ақынның өмірі мен асыл мұрасы жайында оқып-білгісі келген жанның іздеген дүниесін тез тауып аларына күмән жоқ.

Бір сөзбен айтқанда, бұл библиография хакім Абайдың «өлмейтұғын сөзінен» өмірлік рухани жан азығын тапсам деген замандас үшін таптырмас көмекші және абайтану теңізінде адастырмас өзіндік құбылнама десек, еш артық айтқандық емес. Соған орай, еңбек Ұлттық және басқа облыстық кітапханалардағы абайтану бойынша жинақталған кітаптар мен басылымдар болмысына, табиғаты мен мән-мағынасына қарай «Абай мұрасы», «Абай туралы», «Абайға тағзым» деген үлкен-үлкен үш тарауға жіктеліп, жеке-жеке тақырыптармен айшықталған. Бұл да, сайып келгенде, құрметті оқырман, сіздің таныс әрі бейтаныс кітап әлемінде тез жол тауып, алтын уақытыңызды тиімді пайдалану үшін қолайлы екеніне өзіңіз-ақ көз жеткізесіз.

Ал осынау мол қазынаның  арнасы кең бір саласы – Ұлттық кітапханада ашылып, жүздеген кітап пен сан алуан басылымдар тоқайласқан «Абай» әдеби орталығы. Осындағы ашық қордан оқырман қауымның ұлы ақын туралы мейлінше жан-жақты оқып, танысуына жақсы мүмкіндік туғызылған. Сөз орайы: аталмыш орталық – Мемлекет басшысының ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойы туралы Жарлығы шыға салысымен кітапхана ұжымының жұдырықтай жұмыла атқарған жоспарлы жұмысының қисынды қорытындысы. Оқырман Ұлттық кітапхана ұжымының өткен жылы Грецияның астанасы – Афинада «Кітапханалар: өзгерістерге арналған диалог» дүниежүзілік кітапханалық және ақпараттық конгресі аясында «Абай – ұлы даланың ақыны» әдеби кеші мен ақын мұрасы бойынша көрме ұйымдастырғанынан БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы хабардар болса керек.

Сонымен қатар сіздер, құрметті қауым, кітапханадағы Абай өмірі мен шығармашылығына арнап өткізілген сан алуан тарихи-танымдық, тәрбиелік шаралардың пандемия кезінде оқшауланған халық үшін онлайн түрінде сәтімен жалғасқанының да куәсі болдыңыздар. Сол сияқты Қазақстан кітапханалық одағының үш тілдегі «Кітап және кітапхана» журналының да Абай ілімін ұлықтап келе жатқанын жақсы білесіздер. Ұлттық кітапхана ұжымы өздері бастаған Абай мұрасын шетелде насихаттау жұмысы аясында мерейтой жылы Астанадағы Ұлттық-академиялық кітапхана ұйытқы болған хакім Абай мұрасын Еуропа мемлекеттерінде (Чехия, Мажарстан, Словения, Германия) тарату шараларына да белсене атсалысты. Осынау сан-салалы жұмысты бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердің көмегімен оқырмандарымыз бен көрермендердің мейлінше үлкен тобына жеткізуге тырыстық. Сөз орайы: Абай мұрасын насихаттауға ұлт газеті «Егемен Қазақстаннан» бастап, республикалық «Ана тілі», «Айқын», «Алматы ақшамы», «Қазақ»   газеттері мен ұлы Абай елінің өңірлік «Дидар», «Семей таңы», «Ертіс өңірі» секілді жетекші басылымдары және еліміздің «Хабар», «Қазақстан», «Асыл арна», «31-арна», «КТК» секілді телеарналардың сергектік танытып, үлкен көмек жасағандарына әрқашан разымыз.

Кітапхана ұжымы дайындаған айтулы еңбек – «Абай» библиографиялық көрсеткіші сіздерге қол қусырып, қызмет көрсетуге дайын. Оның бірінші – «Абай мұрасы» тарауында, өзінің аты айтып тұрғанындай, ақынның төл туындылары мен аудармаларының тізілімі толықтай дерлік қамтылған. Соған орай, сіздер ақынның Омбыда шығатын «Дала уәләяты» газетінде 1889 жылы алғаш басылған «Жаз», «Болыс болдым, мінеки» өлеңдерімен де танысып, олардың жазылуы мен жариялануының жай-жапсарына көзіңізді ашатын нақты дерек көздеріне оңай қол жеткізе аласыздар. Сөз орайы: Абай өлеңді қырық жас шамасында жаза бастаған деген пікірге байланысты библиографиялық көрсеткіштен табатын Мұхтар Омарханұлының  танымал ғылыми монографиясындағы Абайдың өлеңді жастайынан жазғаны, бірақ олардың өзінің биік талабынан шықпағаны және сақталмағаны жөніндегі тұжырымын ұстанған жөн деп санаймыз. Бұл жайында Абай мектебінің көрнекті өкілі Көкбай Жанатайұлының өз естелігінде «Жаз» өлеңіне ұлы ақынның бірінші рет көңілі толғанын атап көрсететіні де ғұлама Мұхтар ұстанымын діттей түседі.

Абай мұрасы дегенде, ең алдымен, Әлихан Бөкейханның қадағалап тапсыруымен Петербургтегі И.Бораганскийдің баспаханасында басылған және Ұлттық кітапхананың алтын қорында сақтаулы ұлы ақынның тұңғыш жинағы ойда тұрады. Абайдың дарынды ақын әрі аудармашы ұлы Турағұл мен немере інісі Кәкітай Ысқақов дайындап, жарыққа шығарған  кітап кейінгі басылымдарға негіз етіп алынып келеді. Бұл туралы әдебиетіміздің классигі Сәбит Мұқанов өзінің «Абай Құнанбаев» монографиялық еңбегінде «Абайдың өмірбаянын бірінші рет жазған адам – оның туған інісі, Ысқақтың баласы Кәкітай…   Абайдың ғылыми өмірбаянын жасауда бірінші рет негіз салған адам – жазушы Мұхтар Әуезов» деп атап көрсетеді. Сөз орайы: еліміз тәуелсіздік алғанға дейін «халық жауы» деген жаламен Абайдың дарынды ұлы Турағұл есімінің ауызға алынбай келгені белгілі. Тіпті оның Әуезов пен Қайым Мұхамедханұлы дұрыс көрсетіп жазған «Турағұл», яғни турашыл, әділетті жан деген есімін өздерінше қазақшалап «Тұрағұл» деп түзетіп жазатындар тоқтамай тұр.

Абайдың шығармаларын көшіріп, баспаға әзірлеген Мүрсейіт Бікеұлының Ұлттық ғылым академиясының кітапханасы мен Әуезов үйінде сақталған үш қолжазбасы (1905, 1907, 1910 жж.) зерттеушілер мен баспагерлер үшін асыл нұсқа болып табылады. Осыны ескере келе Ұлттық кітапхана Мүрсейіт қолжазбасы негізінде жарық көрген Абайдың тұңғыш жинағының кәдесый нұсқасын басып шығарды. Сөз орайы: «Жалпы Абайдың мұраларын көшіріп, таратушылар арасында Мүрсейіт Бікеұлының еңбегін айрықша атап өту керек, – деп жазады Мұхтар Әуезов аталмыш монографиялық еңбегінде. – Жазуы аса анық, шебер болғандықтан және өзі Абай сөздерін оның халқына ұқыптылықпен көшіріп таратуды өмірлік мақсат-міндеті етіп алады… Мүрсейіттің қолжазбаларын біз нақтылы жазба дерек есебінде бағалаймыз».

Библиографиялық көрсеткіштің екінші, яғни «Абай туралы» тарауы ақынның өмірбаяны, туыстық және ақындық айналасы, өнерпаз ұрпақтары туралы сауалға жауап беретін кітаптар салынған асыл сандықты алдымыздан тосады. Онда сондай-ақ Абайдың әлеуметтік, қоғамдық көзқарастары мен поэтикалық шеберлігі, ақындық мектебі және асыл мұраны зерттеу мен оқытудың, еліміз бен шетелде насихаттаудың қазіргі жай-күйі жөнінде мағлұмат алуға керекті дерек көздері жан-жақты көрініс тапқан. Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынов «қазақтың бас ақыны», Мағжан Жұмабаев «алтын хакім», Міржақып Дулатов «оның заманынан алыстаған сайын рухына жақындай түсеміз» деп ұлықтаған абайтанудың алғашқы шығармаларының сақтаулы «алтын көмбесін» де осы көрсеткіш тез тауып береді. Сөз орайы: соның бірі – Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 2018 жылы 5 мың дана тиражбен жарық көрген «Абай туралы естеліктер» жинағы. Одан біз адамды сүйген ұлы ақын жайлы, оны көзі көрген ұрпақтары мен замандастарының естеліктері арқылы көп жайға қаныға түсеміз.

Абай мұрасынан жан азығын іздеген адамға, тегінде еліміздің кітап қорындағы абайтанудың алыбы Қайым Мұхамедханұлы еңбектерінің, әсіресе көрнекті ғалымның Абай мектебі мен ақын шығармаларының текстологиясы жайындағы  зерттеулерінің орны ерекше. Сөз орайы: ұстазы Мұхтар Әуезовтің тапсыруымен Қайым ағаның «Абайдың ақын шәкірттері» жайында зерттеу жасап, ол бойынша 1951 жылы кандидаттық диссертация қорғағаны мәлім. Өкінішке қарай, Қ.Мұхамедханұлы тап сол жылғы 2 желтоқсанда, ақын музейіне директор болып жүргенінде қамауға алынып, 25 жылға сотталады. Алайда Мұхтар Әуезовті қайтсе де аянбай қаралауға жанталасқан қызыл диктатура жандайшаптары Қайымның болат қорғанына ұрынып, беттері қайтқан еді. Осы көрсеткіштің көмегімен көрнекті ғалымның өмірі мен ғылыми еңбектерінен жан-жақты мағлұмат алуға болады.

Асылы, қазақ әдебиеті мен ғылымының көрнекті өкілдерінің Абай мұрасы жайында қалам тартпағандары кемде-кем. Мұхтар Әуезов сол тұста «кейде кемшілікті қате пікірлер айтқан болса да, негізінде «Абайды тану ғылымына елеулі еңбек еткен адамдар» деп Сәбит Мұқанов, Қажым Жұмалиев, Есмағамбет Ысмайылов, Бейсенбай Кенжебаев, Белгібай Шалабаевтарды атап көрсетеді. Сөз орайы: бұл арада халқымыздың Сәбеңдей біртуар перзентінің Абай мұрасына байланысты әуелгі көзқарасы туралы өзінің «қаналушы таптың өкілі» екендігі туралы мойындауы жетіп жатса керек. Тегінде, біздің қайраткер азаматтарымызды кейбіреулер секілді «ақ пен қызылға» бөлу мүлде қате көзқарас екенін айтуға мәжбүрміз. Осы аттары аталған әдебиет пен ғылым қайраткерлерінің еңбектері туралы деректерді де библиографиялық көрсеткіш нұсқайды.

Осы ұжымдық еңбек бағдар сілтейтін абайтанушылар Құдайберген Жұбанов, Ыдырыс Мұстамбаев, Әбіш Жиреншин, Зәки Ахметов, Айқын  Нұрқатов, Зейнолла Қабдолов, Рабиға Сыздықова, Төкен Ибрагимов, Бекен Исабаев, Мекемтас Мырзахметов, Бейсенбай Байғалиев, Тұрсын Жұртбай, Ғарифолла Есім және Жанғара Дәдебаев, Серікқазы Қорабай, Жабал Шойынбет шығармаларының да дерек көздерін білудің келушілер тарапынан үлкен қызығушылық туғызары анық. Сөз орайы: абайтанудың арқатірегі – Мұхтар Омарханұлы жоғары баға берген  Нығмет Сәбитовтің 1946 жылы басылып шыққан сексен беттік «Абай» атты библиографиялық еңбегінің осы саладағы алғашқы толымды дүние екенін айту – парыз. Сол сияқты соңғы бірнеше жылдың жүзінде Абай мұрасы туралы көлемді жинақтардың 40 томын жарыққа шығарған Жанғара Жәдебаев басқаратын «Абай» институтының еңбегі ерекше.

«Абайға – арнаулар» бөлімі (үшінші тарау: «Абайға тағзым») ұлы ақынды ардақ тұтқан қазақ поэзиясының дүлдүлдері Мағжан Жұмабаев пен Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жұбан мен Тұманбай Молдағалиевтер, Ғали Орманов пен Хамит Ерғали, Сырбай Мәуленов пен Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырза-Әлі мен Фариза Оңғарсынова жырларымен шашу шашатындай әсер қалдырады. Осы дәстүрді көрнекті ақындарымыз, жыр сүлейлері Иран-Ғайып, И.Сапарбаев, Ұ.Есдәулет, Г.Салықбаева, Т.Жанғалиев, Ә.Қайырбеков, Б.Жақып және басқалары іліп әкетіп, ізашар тұлға рухын жыр аспанында шалқытады.

Абайдың мерейтойлары, ақынға арналған конференциялар, шығармаларының басылымдары, Әуезовтің «Абай жолы» романы жайында біле түскісі келгендерге де көрсеткіш – жақсы көмекші. Бұған қоса Абай поэзиясы күндері, ақын мұрасы туралы диссертациялар, ақын ескерткіштері мен болған жерлері туралы қайдан оқып білуге болатынына да нақты жауапты аталмыш библиографиядан аламыз. Сөз орайы: жалпы, «Абай» библиографиялық көрсеткіші еліміздің Ұлттық кітапханасының ұлы ақынның мерейтойына арнап баспа саласында жүзеге асырған үшінші көлемді жобасы екенін атап айтуымыз керек. Бұған дейін кітапхана республикалық мекеменің ғылыми хатшысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Б.Жүнісбековтің «Абай сәулесі» зерттеулер мен мақалалар жинағын және «Абайдың ақын ұлдары» (Ақылбай, Мағауия, Турағұл мен Әубәкір) туралы  кітапты жарыққа шығарған еді.

Ұлттық кітапхана ұжымы әзірлеген «Абай» библиографиялық көрсеткіші ұлы даланың ұлы ақыны Абай әлеміне сапарға шыққандардың рухани «шөлін» басып, алға жылжыған сайын толығып, молая беретін мөлдір бастау, Абай мұхитына құяр бір ғана мол арна деп білеміз.

Болат Жүнісбеков,

  Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының ғылыми хатшысы,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

 

Осы айдарда

Back to top button