Жаңалықтар

Ұлттық спортты жоғары деңгейге шығара алатын шәкірт тәрбиелегім келеді — Еламан Кеңесқалиев

Елде ұлттық спортты дамытуға бағытталған шаралар қарқынды жүргізіліп жатыр. Кей мектептерде ұлттық спорт үйірмелері ашылған. Самар ауданының Көкжота мектебінде дене тәрбииесі пәнінің мұғалімі Еламан Кеңесқалиев балаларға ұлттық спортты үйретіп, оларды жарыстарға дайындап жүр.

Ол оқушыларына тоғызқұмалақ, қазақ күресі және бес тас сынды ойындарды үйретеді, деп хабарлайды Didar ақпарат Altaynews -ке  сілтеме жасап.

— Ұлттық спорт түрлерін арнайы үйренген жоқпын. Ол менің жеке қызығушылығымнан туды. Ең алғаш олардың тарихын, түрлерін зерттеп, ізденіс барысында қатты ұнаған тоғызқұмалақ пен қазақ күресін кеңінен танытып, оқушыларға үйреткім келді. Оны дамыту идеясы алғаш іс-тәжірибе барысында келді. Сол кезде бір оқушыға тоғызқұмалақты үйретіп, жарысқа дайындап, қызығушылығын байқадым. Басқа оқушылар да сол оқушыға еліктеп, тоғызқұмалаққа қызыға бастағанын көрдім. Сол кезде ұлттық спорт түрін дамыту мақсатыма айналды, — дейді Еламан Кеңесқалиев.

Оның оқушылары облыстық, республикалық жарыстарда жүлде алып, облыс атын асқақтатып жүр.

— Шағын жинақты мектептерде бала саны аз болса да олардың төл ойындарға қызығушылығы жоғары. Республикалық жарыстарда оқушыларым облыстың намысын қорғап, аймақтың атынан шығып жүргенін мақтан тұтамын. Облыстың жекелей чемпионатында бір оқушым 1-орын, үш оқушым 3-орын алды, тағы бірі 2-орын алды. Біреуі Тараз қаласында өткен чемпионатта облыс атынан өнер көрсетті. Балаларды тоғызқұмалақтан өзге бес тас, асық сияқты ойындарға баулимын. 7-8 сынып оқушылары облыстық деңгейдегі бес тас сайысында 1-орын алып, Павлодар қаласында өткен республикалық чемпионатқа қатысты, ‑ дейді кейіпкер. — Ал өзім тоғызқұмалақтан ұстаздар арасындағы республикалық турнирдің жеңімпазы атандым. ШҚО-ның ересектер арасындағы жекелей чемпионатында 3-орын, Семей қаласында ұстаздар арасында өткен облыстық турнирде 1-орын алдым.

Оның айтуынша, ұлттық спортты дамытуға сағат санының аздығы, жас мамандардың жетіспеуі қол байлау болып тұр.

— Елде ұлттық спортты дамыту жоғары деңгейде жүріп жатыр. Оның дәлелі ретінде биыл алғаш 2-4 сынып оқушыларының арасында өтетін тоғызқұмалақ олимпиадасын айта аламын. Алайда, біздің аймақта ұлттық спортты дамыту баяу. Ұлттық ойындарды жоғары деңгейге шығару үшін ауылдық жерлердегі үйірмелерге, орталықтарға материалдық-техникалық база, әдістемелік жағынан көмек көрсету қажет. Қазіргі таңда оны дамытуға жағдай жасап, дәріптеп жатқанымен ауылдарда ұлттық ойындарға бөлінетін сағат саны аз. Міне осыған көңіл бөлу қажет. Жас мамандардың аздығы да кедергі келтіреді. Сондықтан, ауылға жас мамандарды шақыру қажет, ‑ дейді жас ұстаз.

Кейіпкеріміз жүрегінің түбіне сақтаған асыл арманын да жеткізді.

— Әр ұстаз оқушылары дүбірлі додада топ жарса деп армандайды. Мен де оқушыларымның арасынан Самар ауданының ғана емес, облыстың, елдің намысын қорғайтын мықты спортшылар шықса деп армандаймын. Ұлттық спортты дәріптеп, жоғары деңгейге шығара алатын шәкірт тәрбиелегім келеді, – деп сөзін тәмамдады Еламан.
Ұлттық спортты жоғары деңгейге шығара алатын шәкірт тәрбиелегім келеді — Еламан Кеңесқалиев Ұлттық спортты жоғары деңгейге шығара алатын шәкірт тәрбиелегім келеді — Еламан Кеңесқалиев

Осы айдарда

Back to top button