Спорт

Ұлттық құраманың жеңісіне үлес қосты

Облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкері армрестлингтен Әлем біріншілігінің жүлдегері атанды.

Ересектер, жастар, кадеттер мен ардагерлер арасындағы биылғы жаһандық дода Түркияның Анталиясында өтіп, оған Әлемнің 54 елінен 1 700-ге жуық спортшы қатысыпты. Бұл додада бір ғана Қазақстанның намысын 200-ге тарта саңлақ қорғаған екен. Олардың ішінде шығысқазақстандықтар да аз емес еді. Осы ретте биылғы жаһан біріншілігінде еліміздің құрамасы жалпыкомандалық бірінші орынға ие болғанын айтқан жөн.

Бұл бәсекеде облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті «Әуежай-Өскемен» кеден бекетінің бас маманы Алла Танюшкина екі бірдей күміс медаль жеңіп алды да, ұлттық құраманың биіктен көрінуіне елеулі үлес қосты.

Мемлекеттік қызметте 16 жылдық өтілі бар Алла Танюшкина кезінде Мәскеудегі заманауи гуманитарлық академияны «заңгер» мамандығы бойынша тәмамдапты. Содан бері Қаржы министрлігінің құрылымында табан аудармай еңбек етіп келе жатқан кейіпкеріміз ұжымында беделді де тәжірибелі маман ретінде сыйлы екен. Әріптестері оған өз ісінің нағыз шебері деген баға береді. Ал Алланың өзі «тәртіп пен талап болмаған жерде белгілі бір жетістікке жету қиын» дейді.

Айта кетейік, 2019 жылы А.Танюшкина «10 жылдық мінсіз қызмет үшін» медалімен марапатталыпты. Облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің қоғамдық өміріне үнемі белсенді араласып жүретін ол қазақ тілін де тәп-тәуір біледі екен. Тіптен, мемлекеттік қызметшілер арасындағы тіл байқауларының бірнеше дүркін жүлдегері атанған-ды. Бұл орайда, Алла қазақ және орыс тілдерінен бөлек, ағылшын тілін де әжептәуір меңгергенін айту керек.

Ол, сонымен қатар спортта да өзін жақсы қырынан көрсетіп жүр. Армрестлингтен бөлек, волейбол ойнап, шаңғы тебуді ұнататын ол алдағы байрақты бәсекелерде бұдан да жоғары нәтижелерге қол жеткізуді мақсат етіп отыр.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button