Білім

Ұлтжанды ұл, инабатты қыз тәрбиелеуді көздейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды Балалар жылы деп жариялаған еді. Осыған орай, Семей қаласының барлық орта білім беру мекемелерінде Балалар жылы салтанатты түрде бастау алды.

Ондағы мақсат – өсіп келе жатқан жас ұрпаққа еліміз үшін маңызды құндылықтарды насихаттау, танымал ету.

Бұл күні Т.Аманов атындағы №16 жалпы орта білім беретін мектебінде қалалық мәслихат депутаттары, атқарушы билік өкілдерімен қатар, білім, мәдениет және спортта жетістіктерге жеткен тұлғалармен кездесу болды. Оқушылар танымал тұлғаларға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды. Кездесуге жиылғандар емен-жарқын әңгімелесті. Одан кейін экологиялық акция аясында мектеп ауласында түлектер 10 түп көшет отырғызды.

– Бүгінгі өтіп жатқан шаралардың барлығы да ұлтжанды ұл мен инабатты қыз тәрбиелеуге бағытталған. Өздері сусындап білім алған мектебіне деген құрметін түлектер осылай көшет отырғызу арқылы танытып жатыр. Болашақта бұл үрдіс дәстүрге айналып, экологиялық акциялар жалғасын табатынына сенім білдіремін, – деді қалалық білім бөлімінің тәрбие жұмысы секторының меңгерушісі Мадияр Байтабанов.

Аманов атындағы мектепте өткен шара туралы әлеуметтік желіден #балаларжылысемей хэштегін басу арқылы толық танысуға болатынын айта кеткен абзал.

Флора Левина, Семей.

Осы айдарда

Back to top button