Тәуелсіздік - 30

«Ұланым, дархан Ұланым, бойыма таққан тұмарым…»

Балауса Қожаева

Автобустағы бір топ журналист Оралхан Көшеровтің осы бір әнін іштей ыңылдап айтып келе жатырмыз. Солай болуы заңды да шығар. Өйткені бүгін Egemen Qazaqstan мен «Казахстанская правда» газеттері ұйымдастырған «Атамекен» экспедициясының екінші күні. Ал бағытымыз – Ұлан ауданы.

Естеріңізде болса, бұған дейін газетімізде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған экспедицияның алғашқы сапары жайлы баяндаған едік. Көкпектінің тау мен тасын аралап, тарихқа толы нысандарымен таныстық. Биіктігі мың метрдей болатын Толағай тауының басына шықтық. Таудан түскен бойда денеміз ауырсынып қала ма деп ойладық. Бірақ керісінше сергіп қалғандаймыз. Осы серпіліспен Ұланға тарттық.

Бес жылдан соң жол түсті

Осыдан тұп-тура бес жыл бұрын университетте оқып жүргенде оқытушылар құрамы Ұлан ауданындағы Ақбауыр тарихи ескерткішіне баруға жиналды. Белгілі себептерге байланысты мен бұл саяхатқа бара алмайтын болдым. Группаластардың ортақ чатына Ақбауырда таспаға тартқан фотосуреттер топырлап түсіп жатты. Сол кезде көне дәуірдің көзіндей болған археологиялық нысанға деген қызығушылығым оянған еді. Сәті түссе міндетті түрде барып көруге өз-өзіме уәде бердім…

Күн суық. Қар аралас жаңбыр жауып тұр. Микроавтобустың ішіндегі фотографтар табиғаттың керемет пейзажын түсіріп әлек, ал мен қалың ойдамын. Бағытымыз Ұлан ауданы екені белгілі, бірақ нақты қай жерге бара жатқанымызды білмеген соң қасымдағылардан «Біз қазір қайда барамыз?» деп сұрадым. Ақбауырға деді топ бастаушы. Студент кезде өзім қатты қызыққан Ақбауырға жол түскеніне іштей қуандым.

Көп ұзамай Бестерек ауылы маңындағы Ақбауыр археологиялық кешеніне келіп жеттік. Бізді шапан киген, қолында қара домбырасы бар Шығыстың белгілі ақыны Нұртай Тілеужанұлы ерекше жыр-шумақтарымен қарсы алды.

«Ал бүгін кезі кеп тұр шаттанудың,

Тарихи құндылықпен мақтанудың.

Көненің көзі қалған жер қойнында,

Белгісі сақталыпты сақ дəуірдің», – деп тебіренді ақын.

Иә, сонау сақтардың кезінен сақталып келе жатқан тарихи мұраларды өз көзімізбен көргенімізге ерекше қуандық. Тасқа қашалған белгілерді көріп таңдай қақтық. Кешенді алғашқы зерттеген – осы ауылдың тумасы, танымал тарихшы-археолог Зейнолла Самашев. Археолог аталмыш кешен неолит дәуіріне жататын ең көне жәдігер екенін анықтаған.

Алдымыздан күлімдеп шыққан ақ жаулықты аналарымыз шашу шашты. Тарихи орынды таныстыруға аудан əкімінің орынбасары Қуат Оқасов пен ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрхат Садықов, тарихшылар және ұландық Айгерім Абеджанова атты гид келіпті.

63 гектар жерді алып жатқан Ақбауыр музей-қорығында таңбалы тастар ғана емес, сақтардың қоныстарына дейін табылған. Тіпті тасқа қашалған не түрлі белгілер де бар. Өкініштісі сақтардың бұл белгілермен не айтпақ болғаны біз үшін құпия болып қалмақ. Бірақ тарихшылар күнделікті көргендерін тас бетіне түсірген деседі. Бір қызығы, Ақбауыр үңгірінде аспан әлемімен байланыстырып тұрған ойық бар. Оның пішіні жүрекке ұқсайды. Ақын Евгений Курдаков бұл ескерткішті жырға қосып, арнайы бейнежазба да түсіріпті. Үңгірдің төбесіндегі тесікті жүрекшеге ұқсатыпты. Ал өлкетанушы Сағдый Қапасұлы оны «Шаңырақ-жүрек» деп атаған екен. Расымен де, осы саңылау арқылы үңгірдің ішіне күндіз күн сәулесі түссе, кешке жұлдыздар жымың қағады. Зерттеушілер ежелгі адамдар аспан әлемін зерттеген болар деп болжам жасайды. Бірақ әрине, бұл нақты факт емес. Мүмкін бұл жай ғана табиғат сыйы болар?! Кім білсін. Бұл жағы жұмбақ.

– Ақбауырдағы қазба жұмыстары арқылы ата-бабаларымыздың мəдениеті жоғары болғандығына тағы бір мəрте көз жеткіздік. Мекен еткен қоныстарының орнынан қыш құмыралардың сынықтары табылған. Кəдімгі ошақтың орны да сақталған. Ол жерден ұсақ дəндер де шықты. Оны зерттеуге жібердік. Қазба жұмыстарының тағы бір ерекшелігі, сүйектен жасалған пышақ, бүгінгі қолданып жүрген біз сынды бұйымдар да шықты, – дейді ғылыми қызметкер Шұғыла Меделбек.

Осыдан-ақ, қыш өнерінің Шығыста көне заманнан бастау алғанын білуге болады. Қолөнер бұйымдары халқымыздың өнерден кенде емес екенін айғақтап тұрғандай.

Мал және егін шаруашылығының орындары зерттелген. Тіпті металл өндірді деген де болжам бар. Үй ішінде ошақтардың орны да сақталған. Ол жерлерде қыш ыдыстарды кептірген пеш болуы ықтимал екенін айтады ғалымдар.

Зерттеу жұмыстарының қорытындысына сенсек, қыш ыдыстарды охра қосып жасапты. Арасында кварц тасының ұнтағын да қосқан көрінеді. Тасқа қашалған белгілер, жүрек пішінді саңылауы бар үңгір, сақтардың қонысы, қысқасы, бұл жер бүгінгі күні зерттеушілерді ғана емес, туристерді де қызықтыратындай. Жаз бойы Ақбауырдан адам аяғы арылмауы соған дәлел.

Туризмді дамыту үшін не істеп жатыр?

Ұлан жұрты туризмді дамыту үшін қолдан келгенді істеп жатыр. Мәселен, жергілікті кәсіпкер Мұхтар Тойбазаров «Алтай дәмі» атты бір күндік экскурсия ұйымдастырған. Туған жердің кереметін келушілерге таныстыру мақсатында Айгерім Абеджанова есімді жас гид құнды-құнды деректерді жинап жүр екен. Әр тау мен тастың тарихын жатқа білетіні көрініп-ақ тұр. Жол бойы тарихтан сыр шерткен гид көпшілік біле бермейтін деректерді де ортаға салды. Ұланның тау мен тасы, өзен-көлі, ну орманы бәрі де тұнып тұрған тарих па дерсіз. Көзді ашып-жұмғанша Бозанбай ауылына да ат басын тіредік. Бір үйге келіп тоқтадық. Ауласында киіз үй тігулі тұр. Ұлттық киімдегі жүзі жайдары жандар күтіп алды. Ақ жаулықты анамыз Шәкерман Ошан мен бүркітші Маркс Наитбанның шаңырағында екенбіз. Жеті бала тәрбиелеп отырған отбасы ата-дәстүрден аттамаған. Қандастарымыз осыдан 16 жыл бұрын Моңғолиядан көшіп келген. Содан бері ұлттық құндылықтарымыздың ұмытылмауына үлес қосып келеді. Ұмыт қалған салт-дәстүрлерді жаңғыртқымыз келеді дейді.

– Мен үшін дастархан жайып, қонақ күтуден асқан рахат жоқ. Көріп тұрғандарыңыздай дастарханымызда дүкеннен алған қант қана. Қалғаны қолдан жасалған. Аналарымыздан үйренгенімізді енді өзім қызым мен келініме үйретіп жатырмын. Туристер де біз әзірлеген асты сүйсініп жейді. Оның өзі біз үшін үлкен қуаныш. Жергілікті әкімдік үнемі қолдау білдіріп отырады. Енді түйе сатып алмақ ойымыз бар. Себебі туристер шұбаттың да дәмін татуы керек, – дейді Шәкерман Ошан.

Ірімшік, жент, талқан, құрт-май, кілегей, ұн палау, іркіт… тағысын тағы. Ақ дастарханда ұлттық тағамның түр-түрі бар. Киіз үйдің қақ ортасындағы жер ошақта құрт қайнап жатыр. Далада қара суық болғанымен үй іші жып-жылы. Төрге түлкінің терісі ілініпті. Мына жақта кірпінің де терісі көзге шалынды. Гидіміз сөз тізгінін шаңырақ иесіне берді.

–      Қазақ халқында кірпінің терісін бесік басына іліп қойған. Себебі түрлі зиянкестер кірпі исіне жоламаған. Кірпі терісі баланы жақсылыққа бастайды деген ырым бар. Сол себепті кірпінің терісін бесіктің басына іліп қоямыз, – дейді Маркс Наитбан.

Айтпақшы, бүркітші ағамыздың қыздары да бүркітші болуды армандайды екен. Мүмкін біздің де бүркітшілікке махаббатымыз оянар деген оймен бүркітті қолымызға алдық. Бір жасар бүркіт болса да салмағы ауыр. Қанатын жайғанда сескеніп қалдық. Дегенмен арманымыз орындалды. Бірақ көңіл түкпірінде бүркітшілік қолдан келмейтінін ұғынғандай болдым. Киіз үй, сарқылдап қайнаған самауыр, тұғырына қонған қыран мен құмай тазы бәрі де көрген адамның көзін тойдыратындай керемет үйлесім тауыпты. Ал киіз үйдің ішінде кереге басына ілінген қамшыны байқадық. Қолдан өріпті. Бүркітшінің үстіндегі киімі де қолдан тігілгенін айтты үй иесі. Қолөнерге бір табан жақын отбасы ата-бабадан қалған өнерді дәріптеу міндетіміз деп отыр. Өткенге оралғандай күй кештік. Баба дәстүрінен алыстап бара жатқанымызды түсіндік. Ас мәзіріміздің өзгергенін аңғардық. Осы орайда ұландықтардың бастамасына көңіл толды. Жуық арада тағы да бірнеше киіз үй тігілмек. Осылайша, туристер үшін қазақы дастарханнан дәм татып, қолөнер мен ұлттық тағамдарды әзірлеуді үйренуге мүмкіндік туады. Шәкерман анамыз кәсібін дамыту үшін түрлі шеберлік сабақтарына қатысыпты. Шығысқа ағылған туристер үшін керемет экспедиция ұйымдастырылады деген сеніммен Сібе көлдеріне жол тарттық.

Бес бірдей көлдің тау қойнауында тұрғанын табиғаттың тылсым кереметі емес деп кім айтар? Сібе көлдеріне жұрт жазда ғана емес, қыста да келеді. Өйткені айнадай мұзға айналған көл фотографтар мен видеографтарға таптырмас локация. Ұлан жеріне табан тіреген туристер көлге қыста да, жазда келер. Сібе көлдері туралы жалпақ жұртқа баяндар, көрсетер. Бозанбайдағы қазақ этноүйлерінің қатары көбейіп, шағын қалашыққа айналар. Сіз де барып көріңіз. Дана халқымыз «Мың рет естігенше, рет рет көр» деп бекер айтпаған.

Осымен екі күнге созылған экспедициямыз да соңына жетті. Екі күнде білім багажымыз толықты. Таным кеңейді. Таныс көбейді. Қысқасы, естен кетпес екі күн өз мәресіне жетті. Шығыстағы бұл киелі жерлерді Ұлы даланың бір қыры деп түсіндік.

 

Осы айдарда

Back to top button