Ұланда ұлан-асыр той өтті
Ерлігі мен есімі елге әйгілі батырлар Ізғұтты Айтықов пен Степан Борозенецтің туғанына биыл 100 жыл. Осыған орай Ұлан ауданында ұлан-асыр той болып, жұрт көңілін думанға бөледі. Торқалы той барысында спорттық, мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Той қарсаңында Алтай Республикасынан және Моңғолия елінен келген әртістер өнер көрсетті.
Мерейлі мереке батырға арналған кеуде мүсіннің ашылумен басталып, ұлттық спорт түрлерімен жалғасын тапты. Торқалы тойға жиналған жұрт Ізғұтты Айтықов ауылында батырдың бюстін ашып, бір минуттық үнсіздікпен батырдың ерлігіне тағзым жасады. Осыдан кейін кеуде мүсінді гүл шоғымен көмкеріп, жас ұрпаққа батырдың ерлігін аз-кем баян етті. Сондай-ақ батырдың балалық шағы өткен Тарғын ауылында да мерекелік іс-шара жалғасын тапты.
– Кеңес Одағының қос батырының 100 жылдығын жоғары деңгейде тойлауды өткен жылы жоспарлаған едік. Осыған орай ұйымдастыру комитеті құрылып, облыс әкімі Даниал Кенжетайұлының қолдауымен Ізғұтты Айтықов және Таврия ауылдарында көшелерді жарықтандыру мен абаттандыру жұмыстары жүзеге асты. Ал бүгінгі спорттық жарыстар біздің ауданымыздың тұрғындары, меценаттары, тумаларының қолдауымен өтуде. Олар осы тойға арнап жиырма миллион теңгеден астам қаражат жинады, – деді Ұлан ауданының әкімі Ренат Құрмамбаев.
Осыдан кейін жұрт бейбіт өмірдегі ерлік пен батырлықтың өлшемі іспетті көкпар ойынына қарай бетбұрды. Аспан астын ат тұяғымен дүбірлеткен батыр жігіттер топ-тобымен келіп көкпар алаңына қосылды. Білекті жігіттердің бірі көксеркені іліп әкетіп еді, бұғып жатқан қазақтың рухы дүр сілкініп, риза болған жұрт «Бәрекелді, батыр!» «Жарайсың!» деп демеу көрсете жөнелді. Осылайша, ортаға бірнеше салым тасталды. Өршелене шапқан жігіттер көкпардың «өгіз өлді» кезеңіне жеткенде шындап кірісті. Алайда ә дегеннен көзге түскен көкпаршы Әділхан Нариманов «өгіз өлді» салымын қанжығалады. Әділхан Ұлан ауданында ат спортының, соның ішінде көкпардың жандануына бір кісідей атсалысқан Мэлс Наримановтың немересі екенін естіген жұрт еңбектің нәтижесі деп ризашылық білдірді.
– Әділханның жеңісі символдық мәнге ие, себебі оның атасы – ат спортының ұлттық түрлерін алғаш жандандырған жандардың бірі. Көкпар ұзақ жылдар бойы Қазақстанның оңтүстік аймақтарында ғана өткізілді. Ал 1990 жылдары Мэлс Нариманов, Тұрсынбек Ахмеджанов, Кенжебек Рамазанов қатарлы көкпаршылар алғашқы болып көкпар ойындарын өткізді. Сол тұста оларға ауылдастары да қолдау білдірді, – дейді төреші Қайрат Лұқпанов.
Тойға жиналған жұрттың бір шоғыры балуандар күресін тамашалап, боз кілемнің төңірегінде қызыққа батты. Белдескеннің барлығының жауырынын жер иіскеткен қара күш иесі, дзюдошы, Қазақстан чемпионы, Ұлан ауданы, Бозанбай ауылының тумасы Талғат Әміренов «Түйе палуан» бәйгесін жеңіп алып, бәйгеге тіккен Chevrolet Damas автокөлігін де қанжығалап қайтты.
– Бүгін батыр жерлестеріміз Ізғұтты Айтықов пен Степан Борозенецтің 100 жылдығына арналған мерекеде жеңіске жету мен үшін абырой болды. Мен бұл күреске барынша дайындалдым. Менің қарсыластарым осал болмады, мысалы, Мұхит Тұрсынов – «Қазақстан барысы» атағының иегері, – деді қуанышты сәтімен бөліскен «Түйе палуан» белбеуінің иегері.
Иә, қазақтың жігітінің осалы жоқ, сондықтан да топтан озып түйе палуан атану да оңай емес. Мықтының мықтысы мерейтойдың мақтанышына айналып қайтты.
Қара күш иелерінің күресін қызықтаған жұрт бәйгені де бос жібермеді. Торқалы тойдың құрметіне арналған ат жарысы 10, 15 және 25 шақырымдық болып өтті. Жүзден жүйрік шыққан сәйгүліктің бапкері де «Chevrolet Damas» темір тұлпарын мініп қайтты.
Қос батырға арналған мерейлі мереке ертеңінде де жалғасын тапты. Келесі таң Кеңес Одағының Батыры Степан Борозенецтің туған ауылы Таврияда батырдың құрметіне арналған мемориалдық тақтаның салтанатты ашылуымен атты. Мерейлі мерекеге орай волейбол, армрестлинг, гір көтеруден және балалар арасында спорттық жарыстар өтті. Турнир жеңімпаздары құттықтау хаттарымен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
– Жерлестеріміз, жауынгерлер Ізғұтты Айтықов және Степан Борозенец біздің Отанымызды ғана емес, бүкіл Кеңес Одағын қорғап, өздерінің ерліктерімен жоғары дәрежелі марапаттарға ие болды. Осы тойға орай өтіп жатқан іс-шаралар өскелең ұрпақ үшін жақсы идеологиялық тәрбие болып табылмақ, – дейді ұйымдастыру комитетінің төрағасы Марат Мұзапаров.
Облыстық драма театр актерлері және Моңғолия, Алтай өңірінен келген әртістер тойды ән мен сәнге бөледі. Білекті балуанның күші, желдей ескен жүйрік аттың шабысы жиналған жұртқа рух сыйлап, тойшы халықтың көңілін бір серпілтіп тастады.
Алтай Ғали-Асқар