Мерейтой

«Ұлан таңына» – 90 жыл!

Биыл Ұлан ауданының айнасына айналған Ulan tany – «Уланские зори» газетіне 90 жыл толып отыр. Өткен сенбіде аудан халқы газеттің 90 жылдық мерейтойын кеңінен  атап өтті. 

Газеттің алғашқы саны сонау 1932 жылдың  қараша айында  жарық көріпті.  Бірінші редакторы Забер Баянов сондай бір оқу-тоқуы жоқ болса да көзі ашық, көкірегі ояу жан болған екен. Болашақты болжай білген З.Баянов райком, обкомның табалдырығын тоздырып жүріп, облыстағы баспаханадан, Зырян қаласынан (қазіргі атауы Алтай) газет басатын ескі машина, әріп кассаларын алдыртып, әріп терушіні өзі тауып, 1932 жылы листовка секілді бір беттік газет шығарады. Міне, содан бері де 90 жыл зымырап өте шығыпты. Газет қаншама аумалы-төкпелі заманды басынан өткеріп, атауы  «Социалистік майдан», «Өркен» –  «Расцвет», «Көктау нұры» болып өзгерсе де оқырманын жоғалтпай бүгінгі күнге жетті.

Аудандық Мәдениет үйінде өткен газеттің 90 жылдық мерейтойына жиналған қауымның қай-қайсы да бұл тойдың ең алдымен халықтың тойы екенін ерекше атап айтты.

– З.Баянов, Ж.Жанғозин, С.Түгелов, Ә. Құдайбергенов секілді журналистика майталмандары қызмет істеген «Ұлан таңы» газеті бүгінде ауданымыздың қабырғалы басылымына айналғаны баршамызға белгілі. Бірнеше дәуірдің бейнесін паш ететін газетті бұл биікке көтеруде бұрын жұмыс істеген және қазір еңбек етіп жатқан ұжымның үлесі зор екені анық. Қырық мың халқы бар аймақтың кешегісі мен бүгінгісін саралап, халықтың кемел келешекке деген сенім үдесіне үндеп отырған басылымның тойы ұландықтар үшін үлкен мереке екені даусыз. Ауданның айнасына айналған газет шын мәнінде, өңіріміздің қоғамдық-саяси өмірінің насихатшысы қызметін лайықты атқарып келеді. Аймақтағы жақсылықты жарқырата көрсетіп, кемшін тұстарын сын тезіне алып, кемшіліктерден тез арылуға жұртшылықты жұмылдыра біледі. Бұл той – қалың оқырманның мерекесі, – деген аудан әкімі Ренат Құрмамбаев ұзақ жылдар бойы аудандық газетте еңбек еткен ардагер журналистерді марапаттады. Әр мезгілде аудандық басылымның  редакторы болған көзі тірі ардагерлерге ерекше құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты.

– Ұлан аудандық газеті аудандық газеттердің ішінде ең бірінші болып жарық көрді. Облыстық Didar газеті былтыр өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтті. «Жұмысшы» деп аталған  газеттің бірінші саны 1931 жылдың қазан айында Риддерде шыққан болатын. Ал биыл  «Ұлан таңы» газетіне  90 жыл толып отыр, – деді ардагер журналист, ғалым, жазушы Айтмұханбет Қасымов.

Бір атап айтарлығы, осынау мерейтойда аудандық газетте бұрын-соңды қызмет істеген жандардың ешқайсысы да ұмыт қалған жоқ. Тіпті, бүгінде бақилық болған қызметкерлердің туыстары немесе артындағы қалған бала-шағасы  осынау мерейтойлық жиынға қатысып, қуанышты бірге бөлісті. «Ұлан таңы» – «Уланские зори» газетінің бас редакторы Эльмира Ахметова да басты мақсат – өткенге құрмет көрсету болғанын айтады.

Мейрам Екпін

 

 

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button