Білім

ҰҚК қызметімен танысты

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаментінде ашық есік күні өтті.

Жастарға мемлекеттік қызметтің құрылымын таныстыру аса маңызды. Еліміздің ертеңіне баланған буын ең бірінші тарихты білуі тиіс. Осындай мақсатпен Өскемендегі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаменті С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің шәкірттеріне ашық есік күнін ұйымдастырды. Шара барысында студенттерге ұйымның құрылымы мен атқарған қызметі туралы мол мағлұмат жинақталған мұражай таныстырылып, арнайы экскурсия жасалды.

  • Бүгінгі өткізіп отырған шараның маңызы зор. Жастарымызға біздің мекеменің тыныс-тіршілігін таныстыру арқылы олардың осы салаға деген қызығушылығын оятсақ дейміз. Болашақта елге қызмет ететін ұландар осылар ғой. Сондықтан қызметтің тарихы баяндалған мұражаймен таныстырғанды жөн көрдік, – дейді ҰҚК облыстық департаменті кадрлар бөлімі бастығының орынбасары Дулат Мұхтарұлы.

2018 жылы ашылған мұражайда комитет құрылғаннан бергі Шығыс өңірінде атқарылған жұмыстар туралы деректер мен өзге де құнды мәліметтер көп екен. Шекара қызметінен бастап кибер қауіпсіздікке дейінгі мәліметтерді осы мұражайдан көруге болады. Сонымен қатар ұйымның сарбаздары киетін киім үлгісі мен қару түрлері де сөрелерге қойылған.

– Мұражайда қызықты заттар өте көп. Әсіресе әскерилердің киімдері мен қарулары қатты қызықтырды. Қауіпсіздік комитетінің өкілдері бұл қызметтің қызығы мен шыжығы жайында да айтып берді. Келгеніме қуанып тұрмын. Өзіме пайдалы ақпарат ала алдым, – деді студент Аян Рамазанов.

Шара барысында студенттерге қауіпсіздік комитетіне жұмысқа орналасу үшін қандай талаптар қойылатыны да айтылды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері болғысы келетін жастар тиісті құжаттарды жинап, Алматыдағы арнайы академияға оқуға тапсырады. Талапкердің сабақ үлгерімінің GPA көрсеткіші 2,68-ден төмен болмауы керек. Әскерилерге қойылатын тағы бір талап – денсаулығында кінәрат болмауы. Осы шарттардың барлығынан сүрінбей өткен жастар елге қызмет етуге дайын болады.

 Ынтымақ Толқын

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button