Сайлау-2023

Үгіт жұмыстары белсенді жүріп жатыр

AMANAT партиясы республикалық сайлауалды штабының мүшелері Айдос Сарым мен Алмас Алматов Қызылорда облысындағы сайлаушылармен кездесті.

Кандидаттар «Таң ЛТД» ЖШС еңбек ұжымымен жүздесіп, диқандарға партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырды.

– Біз көктемгі егіс жұмыстарына фермерлер үшін жеңілдікпен жанар-жағармай бөлудің ашық әрі әділ тетігін енгіземіз, – деді Айдос Сарым.

Егіншілер қауымы кандидаттарға өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Бұдан соң штаб мүшелерінің үгіт-насихат жұмысы Аққұм ауылында жалғасты. Ауыл тұрғындары жаңадан аурухана салу, кепілге қоятын жылжымайтын мүлік құнын азайту бойынша өз ұсыныстарын жеткізді.

Штаб мүшелерінің бұдан кейін Сырдария аудандық мәдениет үйінде білім саласының өкілдерімен жүздесіп, сайлауалды бағдарламаның білім саласына қатысты тұстарын таныстырды. Мұғалім мәртебесінің артып келе жатқанын жеткізіп, алдағы уақытта бірқатар мәселе өз шешімін табатынын атап өтті.

 

«Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев пен аталған партиядан Мәжіліс депутаттығына кандидаттар Маңғыстау облысы тұрғындарымен кездесті.

«Ауыл» партиясының делегациясы алдымен Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылына барып, осында орналасқан «Kazakhosetter» ЖШС ұжымымен кездесті. 2013 жылы Ақшұқыр ауылында пайда болған бекіре фермасы өз өнімін шетелге де саудалап, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отыр.

– Соңғы жылдары балық шаруашылығына мемлекеттік қолдау көрсету арқасында бірқатар шешілмеген мәселе барлығына қарамастан балық шаруашылығымен айналысатын нысандар көбейді, балық өсіру көлемі де ұлғайды. Біз, яғни «Ауыл» партиясы, өз тарапымыздан мәселелерді шешу үшін бар күш-жігерімізді саламыз, – деді ұжым алдында сөз алған Әли Бектаев.

Сондай-ақ партия төрағасы балық шаруашылығы саласын дамытатын мамандардың жоқтыған да сөз етті. Оның айтуынша, мемлекет бұл мәселені де қолға алуы керек.

 

«Respublica» партиясының сайлауалды туры 5 наурызда Қазақстанның солтүстігінде, Петропавл қаласында жалғасты.

Партия өкілдері халықпен және кәсіпкерлермен кездесулер өткізді. Турға партия төрағасы Айдарбек Ходжаназаров, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар Қырмызы Жандосова, Динара Наумова, Екатерина Смирнова, Олжас Болатбекұлы және Ермек Өмірзақов қатысты.

Петропавлға сапары аясында «республикашылар» жергілікті кәсіпкерлермен және Солтүстік Қазақстан облысының іскер әйелдер қауымдастығымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында партия мүшелері күшті, орнықты кәсіпкерлік мәдениетті құру және дамыту, түсінікті ережелермен бизнес-ортаны қалыптастыру, арзан қаржы құралдары мен қызметтерге кең қолжетімділікті қамтамасыз ету, адами капиталды дамыту, бюрократиялық кедергілерді азайту және квазимемлекеттік сектордың нарықтық билігін шектеу қажеттігіне назар аударды.

«Respublica» партиясы түсінікті ережелер, бизнесті адал жүргізу және тең мүмкіндіктер экономикасын жақтайды.

 

Мәжіліс депутаттығына кандидат, ҚХП төрағасының орынбасары Асхат Асылбеков Атырау қаласындағы шағын кәсіпкерлермен кездесті.

Спикер қаладағы «Дина» және «Мұрагер» базарының ұжымына Халық партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстырды.

–  Біз еңбек нарығында әділ ереже белгілеу үшін Кәсіпкерлік кодексті қайта қарау керек деп санаймыз. Осы ретте Халық партиясы жалдамалы жұмысшылардың шағымдары бойынша кәсіпорындарды тексергені үшін еңбек инспекторларына айыппұл салуды доғару керек деп есептейді. Біз – салық салу, несиелеу, әлеуметтік стандарттардағы есептік көрсеткіштер туралы норманы енгізуді қолдаймыз, – деді Асхат Асылбеков.

Сондай-ақ партия өкілі медицина мен білім саласындағы түйткілдерді айтты. Аграрлық саланың да кемшін тұсын тілге тиек етті.

Кездесу соңында сайлаушылар спикерге көкейіндегі сауалдарын жолдап, тұшымды жауап алды.

 

Алматыда «Байтақ» жасылдар партиясының белсенділері мен жас спортшылар веломарафон ұйымдастырды.

Іс-шараға қатысушылар мәдениет және демалыс саябағынан бастап, шаһар көшелері арқылы он шақырымды бағындырды.

Саяси құрылым өкілдері осы арқылы қоғам арасында салауатты өмір салтын қалыптастырып, күнделікті автокөліктен гөрі велосипедті жиі пайдалануды насихаттауды көздеп отыр. Белсенділер жастардың бос уақытын таза ауада тиімді өткізуі маңызды дейді. Веломарафоннан кейін саяси ұйым мүшелері спортшылармен кеңінен әңгімелесіп, партия бағдарламасының негізгі бағыттарын түсіндірді. Сауалдарына жауап беріп, экологиялық мәселелерге қатысты ой-пікірлерімен бөлісті.

Айта кетейік, Алматы қаласы бойынша Мәжіліс депутаттығына партиялық тізім бойынша 3 кандидат тіркелген. Мәслихат сайлауында 13 үміткер бақ сынайды.

 

«Ақ жол» партиясы республикалық сайлауалды штабының мүшелері Шығыс Қазақстан облысында кездесулер өткізуде.

«Ақ жол» партия төрағасының орынбасарлары Дмитрий Васильев пен Берік Дүйсембинов облыс кәсіпкерлерімен жүздесті. Кандидаттар бизнес өкілдеріне партия бағдарламасының алты басым бағытын айтып берді.

Бизнес партиясы өз тарапынан кәсіпкерлік саласындағы мәселелерді шешудің бірқатар жолдарын ұсынуға дайын. Атап айтқанда, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен бизнестің басым секторлары үшін 0-6% деңгейінде қосымша құн салығының төмендетілген мөлшерлемелерін енгізуді талап ету. Ұлттық банктің несие бойынша базалық сыйақы мөлшерлемесін жылдық 4-5%-ға дейін төмендету мәселесін көтеру қажет.

– Біз ауылдық жерлерде салықтарды жоюға ұмтылудамыз, адамдардың БЖЗҚ шотындағы қаражатын өздері басқарғанын қалаймыз, медициналық сақтандыру нақты бір адамға байланып, ол кез келген емханада, қажетті уақытта көмек ала алатын болуы керек, – деді Берік Дүйсембинов.

 

«Білім беру жүйесіндегі мәселелер жөнінде» атты дөңгелек үстелде Мәжіліс депутаттығына кандидат, ЖСДП Жастар қанаты жетекшісі Мақсұт Насибулов сөз сөйледі.

ЖСДП-ның бағдарламасында тегін жоғары білім қажеттілігі атап өтілген.

Статистикаға сүйенсек, жыл сайын қазақстандық мектептерден түлеп ұшатын оқушылардың 60 мыңы шетелге оқуға түседі. Оған бірнеше себеп бар: орта және жоғары білім беру мекемелеріндегі жемқорлық және тым қымбат білім ақысы.

– Білім беру мекемелерінде емтиханды сатып алу тәжірибесі кеңінен таралғаны жасырын емес. Сол себепті сапалы білім туралы айтудың қажеті де жоқ шығар. Мұның бәрі мемлекеттік экономикамыздың ақсаңдауына әкеп соқтырады. Бүгінде азаматтарымыз тіпті сапалы медициналық қызмет те ала алмауда. Барлық дерлік салаларға қатысты маман тапшылығы сезілуде, – деп атап өтті Мақсұт Насибулов.

Бұдан бөлек, ЖСДП білім беру мекемелерінің лицензияларын тексеру және кері қайтарып алуды ұсынады.

Осы айдарда

Back to top button