Үгіт-насихат жұмыстары мәреге таяды
AMANAT партиясы республикалық қоғамдық қабылдауы аманаттықтарға қоңырау шалу арқылы үгіт жұмысын жалғастыруда.
Мәселен, Мәжіліске кандидат Ерлан Саиров партиялықтарға хабарласып, ұсыныс-пікірін тыңдады. Партия мүшесінің шекара мәселесіне қатысты сұрағына жауап беріп, Катонқарағай және Марқакөл аудандарын қайта құру қаншалық маңызды екенін атап өтті. Сөз соңында жауапкершілік танытып, AMANAT партиясының кандидаттарына дауыс беруге шақырды.
Айта кетейік, осы уақыт аралығында аманаттықтар партияның 249 127 мүшесімен әңгімелесіп, үгіт-насихат жүргізді.
«Ауыл» партиясынан Мәжіліс депутаттығына кандидаттар облысының сайлаушылармен кездесті.
«Ауыл» партиясы мен «Мансап» жекеменшік мектебі Қызылорда қаласында ауыл ұстаздарын қолдау мақсатында шара ұйымдастырды. Жиында жас педагогтерді ауыл мектептеріне тарту, ауыл мектептерінің ақпаратқа қолжетімділігін арттыру мәселесі талқыланды.
– «Ауыл» партиясының көздегені – ауыл мен қала арасындағы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларының қызметтері сапасындағы айырмашылықты қысқарту, – деді Мәжіліс депутаттығына кандидат София Әбдіразақова.
«Respublica» партиясы атынан Мәжіліс депутаттығына кандидаттар Маңғыстау облысының тұрғындарымен кездесу өткізді.
Партия мүшелері жергілікті базарларды да аралап, жұмыскерлерге қолдау білдірді. Партияның тең төрағасы Сырымбек Таудың айтуынша, қыстың аязында отбасын асырау үшін базарда жұмыс істейтіндерді нағыз батыр деп санау керек.
– Сіздер сияқты әр азамат еңбек етсе, жетістікке жетеміз. Ең бастысы, соған сай заң керек. Несиелеріміз 40-50 пайызбен емес, кәсіпкерлер үшін ыңғайлы болуы тиіс. Біз дәл осы тәртіпті өзгертуді көздеп отырмыз, – деді ол.
Мәжіліс депутаттығына ҚХП-дан кандидат Жақсылық Қахарман Жетісу облысының тұрғындарымен үгіт-насихат жиынын өткізді.
– Біз әділ қоғам құрамыз! Халық партиясы Конституцияға табиғи байлық пен жер қойнауы халыққа тиесілі деген норманың енгізілуіне қол жеткізді, – деді ол.
Жиында үйдің үлкені кәмелетке толғаннан кейін аналар көпбалалы мәртебесінен айырылатыны әділетсіздік деп ашынды көпшілік. «Көпбалалы ана» мәртебесі болмағасын, мемлекеттік жеңілдіктерден де құр қалады.
Осы орайда Халық партиясы алтын құрсақты аналар мәртебесін өмір бақи сақтауды талап етіп отыр.
«Байтақ» партиясынан Мәжіліс депутаттығына кандидат Болат Нұрхожаев Қызылорда облысы Арал ауданы тұрғындарымен кездесті.
Кездесу барысында экологиялық апатты аймақ – Арал ауданының жағдайы және халықтың денсаулығы жайлы мәселелер көтерілді. Аудан бойынша ауызсу сапасы сын көтермейді. Сол себепті ауызсу проблемасы – тұрғындардың басты көтеретін мәселесі.
Кандидат пен халық арасында пікірталастар ойдағыдай өтіп, тұрғындар өз сұрақтарына жауап ала алды.
Арал тұрғындары мәселелердің шешілуіне сенім артып, қолдау білдіретіндерін жеткізді.
«Ақ жол» демпартиясы республикалық штабының мүшелері Жаңаөзен қаласының еңбек ұжымдарымен кездесті.
«KMG EP Catering» ЖШС ұжымымен кездесуде партия лидері саяси бағдарламасын таныстырды.
– «Ақ жол» – елдегі ең тәжірибелі партиялардың бірі. Сайлаушылармен кездесуде біз тек партия бағдарламасы туралы айтпай, атқарылған жұмыстар жөнінде есеп береміз. Сіздердің қолдауларыңызбен Парламентке өтіп, ел үшін еңбек етуді жалғастыратынымызға күмәнданбаймын, – деді А. Перуашев.
Сонымен қатар «ақжолдықтар» «МұнайСпецСнаб» ұжымымен кездесті.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының республикалық штабында жиын өтті.
Саяси ұйым мүшелері аймақтардағы штаб басшыларымен байланысып, алдағы міндеттерін айқындады. Жалпы, партияның үгіт-насихат жұмысына мыңнан астам волонтер жұмылған. Бүгінге дейін депутаттыққа кандидаттар 600-ге жуық іс-шара өткізді.
– Оффлайннан бөлек, жете алмаған ауыл-аймақтармен тікелей эфирде сұхбат жүргіземіз. Біздің волонтерлар мен белсенділер бүкіл аймақтарда парақшаларымызды іліп, таратып, үгіт-насихат жұмысын жүргізіп жатыр, – деді ЖСДП мүшесі Мақсұт Насибулов.