Үгіт-насихат жұмыстары қыза түсті
AMANAT партиясы республикалық сайлауалды штабының мүшелері Абай облысында болды. Мәжіліс депутаттығына үміткер Жұлдыз Сүлейменова «Қамқор локомотив» ЖШС ұжымымен кездесті.
Жиында AMANAT партиясының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы талқыланды.
Бұдан соң, аудандық Мәдениет үйінде Қалбатау ауылының тұрғындарымен, кітапхана ұжымымен, белсенді жастармен жүздесті.
Кездесуге қатысушылар өңірдегі өзекті мәселелерді айтты. Оның ішінде, шағын мектептердің жабылуына, ауған соғысы ардагерлеріне көрсетілетін көмекке, газ құбырын тартуға, жер телімін бөлуге қатысты көптеген мәселе айтылды.
– Газ құбырын тарту, мектеп санын көбейту секілді мәселелер сайлауалды бағдарламамызда қамтылған. Біздің мақсат – осы мәселелерді шешу. Партиямыздың ұстанымы – «арық айтып, семіз шығу», – деді Ж.Сүлейменова.
***
«Ауыл» партиясынан Мәжіліс депутаттығына кандидаттар Қайрат Айтуғанов, Николай Арсютин, Серік Егізбаев, Рабиға Тоқсейітова, София Әбдіразақова «Есіл су» РМК ұжымымен кездесті.
«Есіл су» РМК Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай облысының 250-ге жуық елді мекенін, 200 мыңға жуық тұрғынын ауызсумен қамтамасыз етеді. Кандидаттар кәсіпорын қызметкерлерінің жұмысын ерен еңбек деп бағалады.
– Елімізде 2025 жылға дейін қалалар 100 пайыз, елді мекендер 80 пайыз ауызсумен қамтылмақ. «Ауыл» партиясының басты мақсаттарының бірі – еңбек адамына деген құрметті қайтару. Елімізді индустриялды-аграрлық державаға айналдырамыз және сол арқылы қуатты мемлекет қалыптастырамыз, – деді Қайрат Айтуғанов.
Ұжым мүшелері партия сайлауалды бағдарламасы мақсат-мүдделерімен қабысатынын айтты. Өздерін толғандырып жүрген мәселелерді де ортаға салып, сұрақтар қойды.
***
Астанада депутаттыққа кандидаттар, Respublica партиясының өкілдері Қуанышбек Мұқаш, Олжас Құспеков және Бақытбек Хамит PES Global компаниясының ұжымымен кездесті.
Жиын барысында партия өкілдері кәсіпкерлердің мәселелерін талқылап, партияның мақсат-міндеттеріне тоқталды.
– Respublica партиясының миссиясы – кәсіпкерлердің мүдделерін біріктіруге және ұсынуға арналған саяси күш құру. Кәсіпкерлікті дамыту экономиканың жаңа драйверіне және ел азаматтарының әл-ауқатының негізіне айналады, – деді Олжас Құспеков.
Кандидаттардың айтуынша, Қазақстан кәсіпкерлері бюрократия мен сыбайлас жемқорлыққа жиі ұшырайды.
Сондықтан Respublica нақты және тұрақты ережелері бар бизнес-ортаны қалыптастыру, бюрократиялық кедергілерді азайту, сауатты әрі түсінікті салық кодексін бекіту сияқты бастамаларды көтеріп отыр.
***
ҚХП төрағасы, Мәжіліс депутаттығына кандидат Ермұхамет Ертісбаев пен партия мүшелері Өскемендегі ГЭС пен облыстық ПД қарасты емхана ұжымымен кездесті.
Спикерлер партияның сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарын тілге тиек етті.
– Біз кландық-олигархиялық капитализм жүйесіне қарсымыз. Біз социализмді қолдаймыз. Бай азаматтар – бай мемлекет! Мықтыларға – жұмыс! Мұқтаждарға – қамқорлық! – деді Е.Ертісбаев.
Партия төрағасы жер және оның қойнауы халыққа тиесілі болу керек дегенді атап өтті.
– Әр азаматқа ұлттық байлықты қайтаруымыз керек. Мәжіліс парламенттік тергеу жүргізу құқығына ие болуға тиіс, – деді ол.
Спикерлер жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңды өзгертуді талап ететіндерін айтты. Олардың пікірінше, барлық деңгейдегі әкімдерді халық сайлауы керек. Әкім міндетін дұрыс атқармаған жағдайда халық оны кері қайтаруы тиіс.
***
«Байтақ» жасылдар партиясынан Мәжіліс депутаттығына кандидаттар Арман Қашқынбеков пен Айнұр Сәбитова алматылық жастармен кездесті. ️
Алматы қаласында жасылдар партиясының өкілдері, Мәжіліс пен қалалық мәслихат депутаттығына үміткерлер студенттермен бірігіп, экологиялық тәрбиенің маңызы жайында дөңгелек үстел өткізді.
Партия өкілдері қазақстандықтар арасында өткізген сауалнама нәтижиесінде халықтың тек 47% қоршаған ортаның мәселелерін түсініп, экологиялық өмір сүру салтына көшу арқылы ғана оны шешуге болатынын түсінетінін анықтаған.️
«Байтақ» партиясының қолдауымен ұйымдастырылған ауқымды іс-шараға Алматы жастарының жүзге жуық өкілі қатысты.
Сонымен қатар кездесуге қоғамдық пікір көшбасшылары қатысты.️
Кездесу барысында халыққа экологиялық білім беру жайында ұсыныстар әзірленіп, байтақтар осы тақырыпта жаңа жоба ұсынатын болады.
***
«Ақ жол» демократиялық партиясы Агроөнеркәсіптік кешен қауымдастығы альянсымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Қол қою рәсіміне «Ақ жол» демпартиясы төрағасының орынбасарлары Қазыбек Иса мен Берік Дүйсембинов, Мәжіліс депутаттығына кандидат Рустам Жұмағалиев қатысты.
«Ақ жол» демпартиясы ауыл шаруашылығы мен ауылшаруашылық өнімдерін өңдеушілерге көңіл бөлуде.
Алматы облысының сайлаушылармен кездесулерде диқандар «ақжолдықтардан» жерді көзбояушылық үшін емес, нақты қайтаруды талап етті. Жамбыл облысындағы былғары-аяқ киім тігу фабрикасы мемлекеттік органдардың ойластырылмаған шешімдері салдарынан мыңдаған тері шіріп жатқанын мәлімдеді.
Осыны ескеріп, партия басшылығы «Агроөнеркәсіптік кешеннің 100 басты мәселесі және оларды шешу жолдары» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Агроөнеркәсіптік кешен қауымдастығы альянсымен ынтымақтасуды жөн деп тапты.
***
ЖСДП-дан Мәжіліс депутаттығына партия тізімі бойынша кандидат Талғат Омаров «Астана Су арнасы» кәсіпорны ұжымымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Талғат Омаров қарапайым азаматтардың қызығушылықтарын қорғау бойынша ЖСДП қызметінің негізгі бағыттарын атап өтті.
– Көптеген ресурстар мен бай кен орындары трансұлттық компаниялардың қолында. Миллион долларлық қаражат мемлекет бюджетіне түспейді. ЖСДП жағдайды түбегейлі өзгерткісі келеді. Табиғи ресурстарды өндірумен, экспорттаумен айналысатын салаларды ұлттандыру қажет. Процесс халықаралық құқық және ұлттық заңнама шеңберінде жүргізілуі тиіс, – деді үміткер.
Ол жер қойнауын пайдалануға салық салудың әділ режимі белгіленуі керектігін, оффшорлық экспортқа тосқауыл қою керектігін алға тартты.
Кандидаттың айтуынша, ірі кәсіпорындарды парламенттік бақылауға алу қажет.