Сайлау-2023

Үгіт-насихат жұмыстары қарқынды басталды

AMANAT саяси партиясының республикалық штаб мүшелері «Астана-Тазалық» еңбек ұжымымен кездесті.

Кәсіпорын қаланың санитарлық тазалығымен, аумақтарды абаттандырумен және тазалаумен айналысады.

Партиялықтар кәсіпорын қызметкерлерімен бірге сайлауалды бағдарламада көрініс тапқан жұмысшылардың құқықтары мен денсаулығын қорғау шараларын талқылады.

AMANAT жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейту, жалақыны арттыру және техникалық персонал мен бюджеттік ұйымдардағы білікті қызметшілердің табыс айырмашылығын қысқарту сияқты басқа да маңызды мәселелердің шешілуін назарда ұстайды.

Мәжіліс депутаттығына кандидат, айтыскер ақын Ринат Зайытов «Астана Тазалық» ЖШС жұмысшыларының еңбегін жоғары бағалады.

– Cіздердің істеп жатқан жұмыстарыңыз костюм-шалбар киіп жүрген шенеуніктің, шапан киіп алып сахнада жарқырап жүрген біздің жұмысымыздан 10 есе, 100 есе ауыр және бағалы, – деді ол. 

«Ауыл» партиясы Алматы метросында «Өнімдер сөрелерде өспейді» тақырыбында фотокөрме ұйымдастырды.

Шараға Мәжіліс депутаттығына кандидат Айбын Төреханов, Жандос Тұрсынғалиев, Қантай Әлібек, Алмас Мұхаметов, Ілияс Досхожаев, Анна Данченко және Қарақат Әбден қатысты.

Кандидаттар фотокөрме аясында қала тұрғындарына партия сайлауалды бағдарламасын түсіндірді. Партияның азық-түлік бағаларын тұрақтандыру бойынша қолданатын тәсілдері жайлы айтты.

– Азық-түлік сөрелерде өспейді, сөрелерде баға өседі. Оның неліктен өсетінін және оны қалай тұрақтандыруға болатынын «Ауыл» партиясы жақсы біледі. Өнімдер сөрелерге тікелей түсуі керек. Біз Мәжіліске барғанда азық-түлік нарығынан артық делдалдарды ығыстыру үшін бар күшімізді саламыз, – деді Айбын Төреханов.

Фотокөрмеге назар аударып, кандидаттардың үгіт-насихатына құлақ түрген қалалықтар айтылғандарға қызығушылық танытып, қолдау білдірді.

Respublica партиясы Алматыда еңбек ұжымдарымен алғашқы жиынын өткізді.

Республикадан келген үміткерлер «APR Construction» құрылыс компаниясының жұмысшыларымен әңгімелесті.

Кездесуге Мәжіліс депутаттығына кандидаттар Қырмызы Жандосова, Динара Наумова, Махамбет Хасенов, мәслихат депутаттығына кандидаттар Альбина Сариева мен Арай Еркінұлы қатысты.

Партия өкілдері жұмыс істейтін жастарды қолдаудың, кәсіпкерлерге мүмкіндік берудің маңызын айтты. Әлеуметтік кәсіпкер Динара Наумова жас және дарынды қазақстандықтардың көп нәрсені, оның ішінде саясатты да өзгерте алатынына назар аударды.

– Біз Қазақстандағы кез келген мәселені ашық айта алатын арнайы алаң құруды жоспарлап отырмыз. Әр адам осы платформаны мәселесін жариялау үшін пайдалана алады. Мысалы, жұмыссыздық немесе үй туралы шешілмей жүрген сұрақтарын қоя алады. Біз ел тұрғындарымен өздерін нақты не мазалап жатқанын білу үшін белсенді сөйлесіп жатырмыз. Сосын оларды шешу жолдарын табуға тырысамыз, – деді Қырмызы Жандосова.

Қазақстан Халық партиясының төрағасы Қарағанды облысына барып, сайлаушылармен кездесті.

Ермұхамет Ертісбаев «Арселор Миттал» кәсіпорнының ұжымымен кездесті.

ҚХП басшысы партияның елдің тау-кен-металлургиялық кәсіподақ ұйымдарымен ынтымақтастығы, нақты секторды дамыту жоспарлары туралы айтты.

– Біз қолданыстағы жұмысшылардың құқын таптайтын Еңбек кодексіне қарсымыз! Жаңа Қазақстанға жалдамалы қызметкердің әлеуметтік және еңбек құқықтарын толық қорғайтын жаңа Кодекс қажет! Біз мықты және жұмыс берушіден тәуелсіз кәсіподақтарды қолдаймыз! – деді ол.

Бұдан басқа ҚХП ауыр, зиянды немесе қауіпті жұмыстарда істейтін қызметкерлерді 50-55 жастан зейнетке шығару әділетті деп есептейді. Сонымен қатар халықаралық еңбек ұйымының стандарттарына сай кеншілер мен металлургтерге жұмыс барысында денсаулығын жоғалтқан жағдайда қосымша ақы төлеуді жақтайды.

Ертісбаев Теміртау тұрғындарымен де кездесті.

«Байтақ» жасылдар партиясынан Мәжіліс депутаттығына кандидат Владимир Мартель Өскемендегі қоқыс өңдеу зауытының қызметкерлерімен кездесті.

Кездесуге қатысушылар экологияға қатысты көптеген мәселелерді, соның ішінде қоқыстарды өңдеу тақырыбын талқылады. Сондай-ақ жалақы туралы да мәселе көтерілді. Қызметкерлер өздерінің ауыр еңбегі үшін 140-180 мың теңге ғана жалақы алатыны белгілі болды. Владимир Мартель барлығымыз бірлесе отырып, қоқыстарды белсенді жинау және электронды қалдықтарды өңдеу арқылы бұл мәселелерді шешуге болатынын айтты.

«Байтақ» жасылдар партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Рыспек Қасенов және партия мүшелері жергілікті тұрғындармен кездесіп, олардың сауалдарын тыңдап, іс-қимыл жоспарына енгізді.

Партия қызметі экологияны қалпына келтіруге, азаматтарды таза ауамен, қауіпсіз қоршаған ортамен қамтамасыз етуге бағытталған.

«Ақ жол» демпартиясы республикалық штабының мүшелері Алматы қаласының еңбек ұжымдарымен кездесті.

«Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев, оның орынбасары Қазыбек Иса және Мәжіліс пен жергілікті мәслихатқа үміткерлер бастаған «Ақ жол» демпартиясы республикалық штабының мүшелері тамақтану саласындағы ірі бірлестік – «Евразиян фудс» АҚ-ның ұжымымен кездесті.

– Біздің мақсат – нарықтық ұстанымдарды, әділ бәсекелестік пен отандық өндірушілерді қолдайтын «Ақ жол» демпартиясының Парламенттегі жұмысы туралы айту. Бір жағынан еңбек ұжымдарының ескертпелері мен өтініштерін тыңдаудамыз, экономикалық мәселелерден бөлек, әлеуметтік әділеттілік, жемқорлықпен күрес жөнінде сұрақтар түсуде. Бұл біз үшін өте маңызды, себебі «Ақ жолға» дауыс беріп, сенім артатын жандармен ұдайы байланыста болуымыз керек, – деді Азат Перуашев.

Партия лидері саяси бағдарламаның басым бағыттарын атап, сауалдарға жауап берді.

«Ақ жол» үгіт-насихат тобы Алматы электромеханикалық зауытының ұжымымен де кездесті.

ЖСДП-дан Мәжіліс депутаттығына партия тізімі бойынша кандидаттар Астана қаласында сайлаушылармен дөңгелек үстел өткізді.

21 ақпанда Астана қаласында Жалпыұлттық социал демократиялық партиядан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына партия тізімі бойынша кандидаттар Асхат Рахимжанов және Нұрлан Әуесбаев сайлаушылармен «Қазақстандағы өмір сапасының стандарттары қандай болуы керек?» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

Депутаттыққа кандидаттар сайлаушыларды партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Іc-шара барысында әлеуметтік мәселелер көтерілді. Атап айтсақ, азық-түлік инфляциясы, коммуналдық тарифтердің құны, әлеуметтік кепілдіктер және мемлекеттік қолдау мәселелері қозғалды.

Партиялықтар өмір сүру сапасының стандарттарын жасақтау және енгізу жөнінде мәселені Парламентке бастамашылық жасауға ниетті.

 

 

Осы айдарда

Back to top button