Үгіт-насихат кезеңі мәресіне таяды
Облысымызда бес адам Парламент Сенатының депутаты лауазымына өз кандидатураларын ұсынып, оның үшеуі тіркеуден өтті. Екі үміткер жеке өтініштері бойынша өз кандидатураларын алып тастады.
Естеріңізге сала кетейік, Парламент Сенатының депутаттарын сайлау ел Президентінің Жарлығына сәйкес 2023 жылғы 14 қаңтарға белгіленген. Сайлау жанама түрде өтеді, яғни аудандық, қалалық және облыстық мәслихаттардың депутаттары дауыс береді.
– Облыс бойынша Парламент Сенатының депутаттығына өз кандидатурасын ұсыну туралы бес адамнан өтініш түсті, – дейді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерсайын Нәбиев. – Облыстағы түрлі деңгейдегі мәслихаттарда барлығы 146 депутат бар, сондықтан Шығыс Қазақстаннан сенаторлыққа кандидатты облыстың барлық 12 мәслихатының атынан қатысатын кемінде 15 сайлаушы қолдауы тиіс.
Ұсынылған барлық үміткерлер – ер-азаматтар. Олардың орташа жасы – 52.
Облыстық сайлау комиссиясы кандидатқа заңнамамен қойылатын талаптарға сәйкестікті анықтау рәсімін өткізді. Бүгінгі таңда үш үміткер тіркелді – Ержан Әшімов, Шәкәрім Бұқтығұтов және Александр Светаш. Олар дауыс беру бюллетеніне енгізіліп отыр.
Қазіргі кезде үгіт-насихат кезеңі мәресіне таяды, ол дауыс беруден бір күн бұрын аяқталады.
Айта кетсек, сайлаушылардың бірлескен отырысы Қазақстан көшесі, 55 мекенжайында орналасқан С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің әкімшілік ғимаратында өтетін болады.
Ержан Кеңесұлы